Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Түркия Республикасының Вице-Президенті Фуат Октаймен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркия Республикасының Вице-Президенті Ф. Октай Ә. Смайыловты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады.
Ф. Октай қаңтарда болған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, Түркияның Қазақстанға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
«Түркия Республикасы – Қазақстанның сенімді әрі стратегиялық серіктесі. Қазақстан Үкіметі ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша Түркиямен ынтымақтастықты нығайтуды жалғастырады», деді Ә. Смайылов.
Түркия – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық әріптесі. 2021 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі $3,74 млрд құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 32%-ға артық және 2019 жылғы пандемияға дейінгі деңгейден анағұрлым асып түседі. ҚР Тәуелсіздік жылдарында Түркия Қазақстан экономикасына шамамен $5 млрд инвестиция салды, ҚР-ның Түркияға салған инвестиция көлемі $1,1 млрд құрады.
Биыл Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады.