• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Наурыз, 2014

Жоғалған «Боингтің» құпиялары біртіндеп ашылып жатыр

251 рет
көрсетілді

Бұдан алты күн бұрын Оңтүстік Қытай теңізі аумағында ізім-қайым жоқ болып кеткен Малайзия әуе компаниясының Boeing 777-200 ұшағы апатқа ұшыраған болуы да мүмкін. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады. Агенттік тілшісінің мәліметінше, Вьетнам жағалауында орналасқан мұнай компанияларының бірінің қызметкері Майкл Джером Маккей құлап бара жатқан ұшақты көрген екен. Ол осыған байланысты Малайзия үкіметіне электронды хат жолдап, өзінің көргендерін баяндап беріпті. Куәгер лайнердің әуеде жартылай жанып құлағанын жазады. Әуе кемесі бар-жоғы 10-15 секундта жанып кеткен. Қазір бұл версия да тексеріліп жатыр. Еске сала кетейік, наурыздың 8-і күні Малайзияның астанасы Куала-Лумпурдан ұшып Қытайдың орталығы – Бейжіңді бетке алған Boeing 777-200 ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін 19-минутта кенет жоғалып кеткен. Ұшақтың бортында 227 жолаушымен бірге 12 экипаж мүшесі болған. Жолаушылар арасында 14 елдің азаматы бар. Іздеу операциясы әлі жалғасуда. Оған Индонезия, Австралия, Қытай, Таиланд, Сингапур, Вьетнам, АҚШ, Үндістан және Жапония құтқарушылары атсалысуда. Қазір бұған 35 ұшақ, 42 кеме қосылған. Дегенмен, қазір жоғалған ұшақтың тағдыры туралы болжамдар көп. Мысалы, өткен аптада Қытай спутнигінің ұшақтың құлаған жерін анықтағаны жеткізілді. Қытай мамандарының айтуларынша, түсірілген суреттерден теңізде қалқып жүрген үш нысанның сұлбасы анық көрінеді. Бұлардың лайнердің бөлшектері болуы әбден мүмкін. Тағы бір болжам бойынша, ұшақ радарға көрінбей кеткеннен кейін 4 сағат уақыт аспанда қалықтап жүрген. Мұны хабарлаған The Wall Street Journal басылымы оқиғаны зерттеуге қатысқан америкалық сарапшыларға сілтеме жасайды. Сарапшылар авиалайнердің қозғалтқыш жүйесі автоматты түрде жерге жіберіп отырған ақпараттарға сүйеніп, осындай тоқтамға келген. Аталмыш ақпараттардың арасында ұшақ қозғалтқышының жұмысы, орналасқан жері мен жылдамдығы туралы да мәліметтер кездеседі. Мұндай бірегей қондырғы ұшақтың қозғалтқышына Malaysia Airlines компаниясы мен Rolls-Royce концерні арасында бекітілген келісім-шарт аясында орнатылған екен. Қазіргі уақытта мамандар Boeing 777-200 лайнерінің ұшу траекториясын анықтау үшін датчиктің көрсеткіштерін жіті зерттеуге кірісті. Егер датчиктің мәліметтері дұрыс болса, радардан жоғалып кеткен ұшақ тағы да 4 мың шақырым қашықтықты ұшып өтіп, Пәкстанға жетуі мүмкін, тіпті Үнді мұхиты не Арабия теңізіне шығып кетуі ықтимал. Егер бұл болжам расталса, әуе кемесін іздестіру жұмыстары одан бетер күрделенетін түрі бар, дейді сарапшылар. Мамандар лайнерді лаңкестер айдап әкетті деген болжамды жоққа шығармайды. Алайда, оның діттеген жеріне жеткені немесе апатқа ұшырағаны туралы нақты мәлімет жоқ. Бір қызығы, сарапшылар апат ұшқыштың қателігінен болуы мүмкін деген болжамды мүлде қарастырмаған. Сәкен Майлыбай. Дереккөз: ИТАР-ТАСС. Фото: ИТАР-ТАСС.