Қазақстандық екінші деңгейлі банктер елдегі жаппай тәртіпсіздіктен келген шығынды өтеуге өз тараптарынан көмек қолын созып жатыр. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы осындай ақпарат таратты. Төтенше жағдай мерзімі кезінде айыппұл мен өсімпұл есептемеуден бөлек, қаржы институттары зардап шеккен кәсіпкерлер мен қарапайым халыққа материалдық көмек беруді де жөн деп тапқан.
Kaspi.kz және компанияның негізін салушылар Президент тапсырмасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына 10 млрд теңге аударды. Бұған дейін банк бірнеше қаладағы құқық қорғау органдарына көшелерді патрулдеу үшін 9 брондалған инкассаторлық көлік сыйлаған еді.
Өз кезегінде Halyk Bank қираған нысандар мен ғимараттарды қалпына келтіруге және зардап шеккен шағын және кіші кәсіпкерлік өкілдеріне 3 млрд теңге берді. Бұған қосымша, арнайы қызмет пен құқық қорғау органдарының қаза тапқан қызметкерлерінің отбасына 5 млн теңгеден бөлді. Қазақстандық «Сбербанк» Алматыға көмек ретінде 550 млн теңге бөлген. Сонымен қатар медициналық мекемелерге 10 жаңа реаномобиль көліктері сыйға тартылды. Сондай-ақ қала қажеттілігі үшін тағы 10 жеңіл автокөлік те ұсынылды. Бұдан бөлек, қаржы ұйымы Ұлттық кітапхана және Орталық мемлекеттік музей ғимараттарын жөндеуден өткізіп, қайтадан баяғы қалпына келтіруге де көмектеспек.
«Өздерінің қызметіне келген қиындыққа қарамастан қазақстандық банктер күрделі жағдайда жұмыс кестесін жедел қалыпқа келтіріп, клиенттерге қызмет көрсете бастады. Олардың қала инфрақұрылымын қалпына келтіру, зардап шеккен кәсіпорындарға, құқық қорғау органдарына, әскери қызметкерлерге, дәрігерлерге және азаматтарға көмек көрсетудегі күш-жігері ерекше құрметке лайық» дейді қауымдастық төрағасы Елена Бахмутова.
Бұған дейін бірқатар коммерциялық банк ТЖ кезінде азаматтар үшін айыппұл мен өсімпұл есептемейтінін хабарлады. Мұндай мәлімдемелер Halyk Bank, «Сбербанк», Kaspi, Jusan Bank, «Нұрбанк», ForteBank, Bank RBK, «Банк Хоум Кредит», Altyn Bank, «Альфа-Банк Казахстан», Банк ВТБ (Қазақстан) және «Еуразиялық банк» қаржы институттарының ресми сайтында жарияланды. Сондай-ақ Kaspi kz, «Альфа-Банк Казахстан», Altyn Bank, Банк ВТБ (Қазақстан) қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан азаматтардың несиесін кешіретінін айтқан еді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 10 қаңтардағы №8 бұйрығына сәйкес банктер 5 қаңтардан 31 қаңтарға дейін жүгінген клиенттердің – жеке, заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлердің несиені өтеуді кейінге қалдыруды қамтамасыз ету туралы өтініштерін жеке тәртіпте қарастырады. Төтенше жағдай енгізілген кезде қаржылық жағдайдың нашарлауына немесе келтірілген залалға объективті себептер болған жағдайда несие төлемін кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі. Қосымша ақпарат алу үшін банкке оның веб-сайтында немесе мобильді қосымшада көрсетілген контактілер арқылы хабарласуға болады.