• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
12 Мамыр, 2010

“ҚАЗАҚ ТЕАТРЫНАН ҮЙРЕНЕРІМІЗ АЗ ЕМЕС” ДЕЙДІ МӘСКЕУЛІК ТАЕТР ӘРТІСТЕРІ

948 рет
көрсетілді

Жуырда Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Мәскеу қаласына гастрольдік сапармен барып қайтты. Бұл – жастар театрының Мәскеу қаласында гастрольдік сапармен тұңғыш рет болуы. Жалпы, қазақ театрларының бұл мегаполиске жолы түспегеніне де жи­ырма жылдай уақыт болған. Сондықтан, Ғ.Мүсірепов театрының бұл сапарын елі­міздің мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың қатарына қосуға болады. Мәскеуге табанымыз тиген күні “Алматы ақшамы” газетіндегі әріптесім Әсия Бақдәулетқызы екеуміз метромен ентелеп жүріп Ресейдегі Қазақстан ел­ші­лігінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатына үл­геріп жеттік. Бір топ мәскеулік жур­на­листердің арасында өзіміздің жер­гілікті телеарналардың арнаулы тілшілері де жүр. КСРО халық әртісі Армен Джи­гар­ханян қазақ театрының келу құрметіне көсіліп сөйлеп жатыр. Тірі жүрген та­лант­тардың ішінде киноға ең көп түс­кені үшін Гиннестің рекордтар кітабына ен­ген аңыз актердің (“Не больше на свете армян, чем ролей, которые играл Джигарханян” деген әзіл сөз көпке белгілі) Қазақ елшілігіне ке­ліп, Қазақ театрына қолпаш көрсетіп, тілектес болып жатқанын жақсы ырымға балап қойдық. – Шынымды айтайын, мен толқып тұрмын, Қазақ деген – ұлы халық. Мен Қазақстанда талай болдым, адамдармен де араластым. Мұндай пейілі ақ, ниеті таза, жолдасқа жомарт халықтың мә­де­ниеті кедей болуы мүмкін емес. Мен Қазақ теа­тры­ның гастрольдік са­пары ес­тен танарлықтай табысты өтуіне ті­лек­теспін! – деп ақтарылған актер ақ­сақалдық жолмен бата бергендей көрінді. – Әлі де біздің де, сіздердің де қойған спектакльдеріңізге көрермендер келіп жатыр. Бұл театр өнері өлмейді деген сөз. Оның жайын ертең гас­троль­дік сапарды ашқанда айтармыз. Ең бас­ты­сы, Құдай бір бірімізді іздеуге, аңсауға жазсын! Бір бірлерімізге жақын тартып жүруге қашанда қайыл болайық – деді Армен Борисович. Армен Джигарханяннан кейін Ресей және Украинаның халық әртісі Роман Виктюк сөз алды. Маңдай терлерін сүр­туге мұршалары келмей жүретін мэтрлерді мұндай бас қосуға келтірген – өзіміздің баяғы қонақжай ықыла­сы­мыздың қай­та­ры­мы ғой. Алматыдағы Лермонтов атын­дағы орыс драма театрында “Фуршет после премьеры” спектаклін қойып, біраз мақтау мен даттау естіп жүрген Роман Виктюкке Қазақстан бөтен емес. – Алматының ауа-райынан да, адам­дарынан да ғажайып жылы леп есіп тұрады. Мен Алматыны жақсы көремін, жақсы көре беретін де шығармын. Жу­ыр­да біздің театрда Талғат Теменовтің спек­так­лі қойылады. Татулығымыз тереңдей бе­ретініне тіпті күмәнім жоқ. Сондықтан бұл гастрольдік сапар біздің барыс-ке­лісіміздің жалғасы. Ертең театрда кез­де­семіз. Театрдың гастролі туралы алдын ала көп айта бермелік. Қанша дегенмен, өнер адамдары ырымшыл халықпыз ғой, – деп Роман Виктюк үстелді тықылдатып қойды. Алматыдан осы сапарға арнайы келген адамның бірі – танымал театр сыншысы Әшірбек Сығай болатын. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақ­стан­ға эва­куа­цияланған Наталья Сац не­гізін қалаған өнер шаңырағының арғы-бергі тарихына тоқтала келіп, жастар теа­тры­ның жерге қаратпайтынын, оның 60 жылдан бері жинаған тәжірибесі бар­лы­ғын айтты. Осымен баспасөз мәс­ли­ха­ты аяқталып, соңы емен-жарқын әң­гі­мелерге ұласты. Не керек, Мәскеудегі бағалардың удай қымбат екендігін айтып, кісі елінде қара жұмыс істейтін, сауда істеп жүрген қыр­ғыз, тәжік секілді бауырларымыздың көп­тігін көріп, ағайындар үшін біресе қын­жылып, дәл өстіп қаңғымаған қазақ үшін шүкіршілік ете жүріп келесі таңды да атырдық. Осы арада Мәскеудегі қазақ­тар­дың бәрі дерлік оқымысты, білім және ғы­лым саласында жүргенін де еске сала кетсек дейміз. “БҰЛБҰЛДАР ТҮНІ” немесе кино мен театрды “будандастырған” режиссер Өнерге бір табан жақын халайық осыдан бірнеше жыл бұрын режиссер Талғат Теменов кезінде Одақ теа­тр­ла­рында қойылған В.Ежовтың “Бұлбұлдар түнін” сахналағалы жатыр дегенді естіп, спектакльдің сәтті жүретініне кей­бі­реу­лер күмән келтірген болатын. Мұндай күдік­тің тууына Лениндік сыйлықтың лау­реа­ты, сценарий жазудың хас шебері атанған Ежовтың аталмыш шығар­масының кейбіреулер “ескірді” деп есеп­теп жүрген мазмұны еді. Алайда, Ұлы Жеңістің қар­саңында майдан әуендері, соғыс та­қы­рыбы көкейкесті болып тұрғанда, атал­мыш спектакль нысанаға дөп тиді. Қазір бұл қойылым жастардың ең сүйіп көретін драмасына айналды. Ал біздің қобалжығанымыз, Мәскеу театрлары үшін таңсық болып көрмеген қойылымды ондағы көрермендер қалай қабылдар екен, қандай баға береді екен деген ой-ды. Осы күдігімізді айналамызда отырған көрермендердің көңіл ауаны сейілтті. Қасымда селт етпей, спектакльді көріп отырған Татьяна Попова дейтін кексе әйелден гастрольдік қойылымды таңдауға не түрткі болғанын журналистік әуес­тік­пен сұрастырғанмын. Ғашығынан мәң­гі­лікке айырылып, перронда жалғыз боздап қалған неміс қызы Ингамен қосылып көз жасы парлап отырған орыс әйеліне жастықтың бір қалтарыста қалған жыл­да­рында қазақстандық азаматқа қосылуына ата-анасы қарсы болғандықтан, біздің елге келін болу бұйырмай қалған екен. Сол бір жүрегінің бір түкпірін жылытқан сезімді көшедегі қазақ театрының афишасы қозғап кетсе керек. – Сеніңіз. Мен көп көрерменнің бірі емеспін. Көп жылдар бойы шығар­ма­шы­лық клубтарға жетекшілік еттім. Мәскеу театрларында қойылған пье­са­лардың бәрін дерлік көріп шыққанмын. Өнерді бір кісідей түсінемін дегенім ғой. Сіздердің актерларыңыз тамаша ой­най­ды, – деген оның сөзі көрер­мен­нің нағыз шыншыл пікірі деп біліңіз. ...Ұлы Жеңістің алғашқы күндерінде совет жауынгері Петр Бородин мен неміс қызы Инганың арасында кез­дей­соқ тұ­тан­ған махаббат, кеше ғана жау­ласып қан төгіскен екі ел баласының саясатқа да, ала­сұрған заманға да тә­уелсіз сезімдері, от пен оқтың ар­а­сын­дағы сардарлардың адамдық пиғылдары – спектакльге арқау болады. Армен Джигарханян жетекшілігіндегі театрды толтырған қазақ студенттері мен мәскеуліктердің драманы соншама ықы­ласпен тамашалағанын көріп, махаббат, адамгершілік тақырыбы ешқашан ес­кір­мейтіндігіне көзіміз тағы да жетті. Та­л­ғат Теменов В.Ежовтың драмасын жаң­ғырта отырып, ұтқан жері – қайсарлық пен отансүйгіштікті насихаттап қоймай, театрға жаңадан келіп жатқан жас актерлер толқынының да тұсауын кескен болатын. Бірнеше жылдан бері Петр Бородинді ойнап жүрген Мұхитдин Шынтаевтың актер ретінде ысылып қал­ғанын аңғару қиын емес. “Күшік күйеу” мен “Жұмақтағы жасын” спек­такльдері арқылы танылып келе жатқан Шын­таев­тың Бородині – оның сахнадағы шоқтығы биік бей­нелерінің бірі болып қалатыны сөзсіз. Жасандылығы жоқ, на­ғыз жа­уын­гер, лирикалық қаһарман. Оның оттан да, судан да тайынбайтын бірбеткейлігі, әскери киімі мен жүріс-тұ­рысы өзіне құйып қойғандай жарасады. Жалпы, Кеңес өкіметі кезінде барлық сыйлықты алған Ежовтың бұл туындысы лирикаға толы. Неміс қызы Инганы ойнаған Жанар Мақашеваның еуропалықтарға тән кес­кін-келбеті, хореографиялық икемділігі, көңіл ауанының құбылуы – көрермендер назарынан тыс қалмады. – Соғыстың шын біткенін Балтабай, сенің жүзіңе қарап білдім, – деп спектак­льді тәржімалаған Әшірбек Сығай айтқандай, Балтабай Сейітмамытұлының Кузовковы нар тұлғалы актердың та­лан­тын танытып жүргенін білетін едік. Бұл жолы мәскеуліктер старшина рөлін Кә­дір­бек Демесін сынды дарынның орын­дауында көрді. Кәдірбектің Кузовковы Балтабай Сейіт­ма­мыт­ұлы­ның кейіпкеріне қарағанда мүлде басқа. Соғыс қажыт­қан, жүз­­­ден жоғалмаған адамгершілікті табасың... “Рөлдер актерларын тап­қан” деген сөздің салмағын өнер адамдары жақсы біледі. “Бұлбұлдар түніндегі” опа­сыз Фе­деров­скийді бей­нелеген Бекен Кемал­да­нов кісі тағдырына қиянат жасап тұр­мын-ау деп беті бүлк етпейтін адамның бей­несін сомдады. Жалпы, сахнадағы жа­ғым­сыз кейі­пкерлерге көрерменнің қой­ы­лым­ынан кейін қолпаш сөз айтуы сирек. Ке­мал­данов бұл мә­селеде мақтауға кенде емес. Қысқасы, Кемал­да­новтың шебер­лі­гі­не шүбә келтірт­пейтін бұл рөл ресейлік теа­тршылардың біраз пікіріне тамызық болды. Аталмыш спектальді көрмеген ха­лайық үшін қысқа шегініс жасасақ, өз бе­тінше Берлинді аралауға шыққан Петр Ин­гамен кездейсоқ танысады ғой. Екі күн неміс қызымен бұлбұлдар сайраған түнде жоқ болып кеткен Бо­ро­диннің өзін іздеп шыққан лейтенантпен жұдырық түйістіріп қалатын жері бар. Барлық пәле осы жерден басталады. Федеровский жауынгер Бородиннің жау қызымен “әм­пей-жәм­пей” болып қойғанын әскери қол­басшыға баяндап үлгереді. Төрт жыл бойы оқ пен оттың ара­сында адал шайқасқан сарбаз әскери трибунал арқылы Сібірге айдалғалы тұр. Жас жа­уынгердің ондай жазаға лайық еместігін жан-тәнімен түсінген пол­ков­ник Лукьянов өз шенін де, тағдырын да тәуекелге байлап, Боро­динге араша тұр­мақшы. Әйтпесе, әскери қол­­бас­шы­ның әмірі екі етіл­мейтіні аян. Лу­кья­новты Сәкен Рақышев сомдады. Оқырман осы арада Алматыда ұдайы қойылып жүрген спектальді несіне тізбектейді дер. Десе десін, бірақ, жарты ғасырдан ке­йін мәскеуліктерді көз жа­сына тұншықтырған өнер саңлақтарын реті келіп тұрғанда неге ұлықтап қоймасқа?! Лирикалық сарындағы дүниелерде сахналауда Тал­ғат Теменовтің алдына жан салмайтынын ресей­ліктер де айтып жатты. Оның театрға киноның тілі мен элементтерін әкеліп “будан­дастырғаны” да сөз болмай қалған жоқ. “Бұлбұлдар түні” бір сәт болса да кино сияқты әсер қалдырған тұстары бар. Мәселен, Бородиннің неміс туын құлатқаны мен оның Ингамен арадағы махаббаты прожектор арқылы көлеңке бимен беріледі. Жас-кәрісі қатар отырған театрда бұл да табылған әдіс. Мұндай эксперименттерге Армен Джигарханян театрының бір топ өнерпаздары тәнті болғанын жасырған жоқ. КӨРЕРМЕНДІ СЕНДІРУ ОҢАЙ ЕМЕС Екінші күннің шымылдығын Талғат Теменовтің “Мулен Ружға шақыру” атты екі бөлімді комедиясы ашты. Аталмыш спектакльді комедия дегеннен гөрі, өнер адамының тағдырындағы трагедия дегенге келеді. Бұл қойылым – қандай жолмен болса да Парижге барып, “Му­лен Ружда” би­леуді бүкіл тіршілігінің өзегіне ай­нал­дырған басты кейіпкер – биші Айша Найманның алдамшы арманы жайында. Адамдардың шындық пен жасандылықтан тұратын қарым-қатынасы қақында. Қалай да Парижге кетуді ойлап, безек қаққан Айша Санкт-Петербургтегі Ма­риинск опера театрынан елге біреулердің шақыртуымен оралған Азаматпен күт­пе­ген жерден кездесіп, бірі біріне ғашық болып қалады. Ал, көрікті де талантты бишінің армандарын жүзеге асыра алатын бір адам бар – ол қолы ұзын, дәулетті көңілдесі. Енді, міне, актер Рахман Омаров туралы айтудың сәті түсіп тұр. Олай дей­ті­­німіз, Рахман Омаров Айшаның кө­ңілдесі, саяси партияның көшбасшысы Сембиннің рөлін ойнайды. Қозы қарын, көңілі тоқ Сембиннің рөлін сомдаған өзінің актерлік шеберлігінің ауқымы кең екендігін көрсетті. Оның “Қорқыттың көрі” аңыз-әф­санасындағы бай-манап рөлі де ресейліктердің жоғары бағасына ие болды. Отбасы мен нақсүйерінің арасында аласұрған Сембиннің, әйелдік қыз­ға­ныш­тан ащы дауысы залды жаң­ғы­рықтырған Мартаның (актриса Әсел Мәмбетова) сәтті шыққан бейнелері театр туын­ды­сы­ның салмағын арттырған болса, үнемі шала мас болып жүретін дыбыс режиссері Серждің бейнесін Ербол Садырбаев, сайтан сияқты сықылықтаған продюсер Жан­ды актер Еділ Рамазанов өте жақсы алып шықты. Рөлі кіші болса да қабілеті биік Еділ Рамазанов та жастар театрының бүгінгі белді өнерпазы. Гастрольдің алғашқы күні өзбек солдаты Юсуповты, “Мулен Ружға шақыруда” Сержды ойнайтын Садырбаев көрермендердің сүйікті актерлерінің біріне айналып келе жатқанын айту ләзім. Күлдіргі рөлдерде жүрсе де көзінен мұңы арылмайтын актер кейіпкерлерінің жаны “ішімдегіні тап” дейтін терең қарама-қайшы­лықтарға толы. ҚАЙДА БАРСАҢ – “ҚОРҚЫТТЫҢ КӨРІ”... Армен Джигарханян театрындағы гастрольдік сапардың шымылдығы Иран-Ғайыптың “Қорқыттың көрі” (қоюшы-режиссер Жанат Хаджиев) аңыз-дастанымен жабылды. Осы үш күнде де залды толтырған қарапайым көрермендерді былай қой­ғанда, Армен Джигарханян, Роман Вик­тюк, Наталья Арынбасарова, ки­но­ре­жиссерлер Кама Гинкас, Рашид Нұғ­ма­нов, Әли Хамраев, Мұрат Әлиев, Эдуард Реджепов, Әнуар Мұстафин сын­ды танымал тұлғалар күн құрғатпай қазақ қо­йылымдарына келіп, ой бөлісіп, тілекші болып жүргені жүрекке жылы тиді. Ал, “Қорқыттың көрі” аңыз-әф­са­на­сына келсек, барынша сәтті ауда­рылған пьесадағы басты рөлді театрдың белді актері Жомарт Зейнәбіл бір деммен алып шықты. Бастапқыда көрермені басқа екендігін сезінген актердің екпіні басқашалау көрінген. Тісқаққан талант лезде өзін жиып, поэтикалық, метафоралық қо­йылымда жұртты сілтідей тындырып, зал мен сахна арасында көзге кө­рін­бейтін тылсымға тартып әкетті. “Қорқыттың көрі” спектаклі – аса қызықты жұмыс. Сценографиясы да, жарық суретшісінің жұмысы да, музыкалық көркемделуі де тамаша. Ең бастысы, басты кейіпкер өте сәтті таң­дал­ған. Актер Жомарт Зейнәбіл үн мә­де­ниетімен, екпінінің нақтылығымен ұнады. Қорыта айтқанда, Қазақ жастар театрында тазалық бар. Бұл – қасаңдана бастаған театрларға үлгі болатын үрдіс дейтін Мәскеудегі театр сыншысы Лейла Тас­танованың пікіріне алып-қосарымыз жоқ. Джигарханян жетекшілігіндегі театрға бауыр басқызып, кісі елінде жүргенімізді сездірмеген тамаша көңіл-күймен аяқ­тал­ған гастрольдік сапар туралы өнер ауы­лының майталмандары төмендегідей ле­біздер білдіріп, бояусыз бағаларын берді. ЛЕБІЗДЕР Армен ДЖИГАРХАНЯН, КСРО халық әртісі: – Театр адамдарды махаббат туралы айту үшін жинайды. Басқа ақпараттың бәрін телевизиядан, радиодан алуға болады. Ал театрға сүю үшін келеміз. Қазақ театрының әкелген репертуары біздің көрер­мен­ді бей-жай қалдырған жоқ. Бұл үлкен табыс. Ма­ған әдетте әртүрлі сұрақтар қояды. Бірде бір жур­налист: “Сізге қандай әйелдер ұнайды?” дейді. Мен қайдан білейін, сіз алдымен маған әйелді көрсетіңіз, мен тілдесіп көрейін, маған ұнайтын, не ұна­май­тынын содан кейін айтамын. Адамның басынан ұнату, ғашық болу, жек көру, көңілі қалу сияқты құбы­лыс­тар күн сайын өтіп жатады. Театр да солай. Мен бұл театрды көрдім. Маған ұнады. Қазір “шын­дықты көр­сетеміз” деп, актерлерін жалаң­аш­тайтын теа­тр­лар бар. Адамзатқа тән әдепті, ұлттың ден­сау­лығын кайда қоямыз сонда?! Оны естен шығаруға бол­майды. Ал казақ театрынан мен нағыз махаббатты көр­дім. Мен үшін гастроль әрқашан да мереке. Қазақ­станнан келген театрдың гастролі – әсіресе. Бір құ­пияны айтайын: біздің театр Қазақстанға гас­троль­дік сапармен барғысы келеді. Кавказ ха­лықтары да, қазақ халқы да қонаққа барып, қонақты қарсы алып, күтіп жібергенде ғана көңілі жай табады. Лайым, бір-бірімізді сағынып, іздеп, аңсап тұруға жазсын! Наталья АРЫНБАСАРОВА, актриса: – Қазақ актерлері жарады, тамаша жігермен ойнады. (“Бұлбұлдар түні”) Кейіп­керлер мінезді. Жалпы, мен үшін соғыс, майдан тақырыбындағы шы­ғар­малар маңызды. Кезінде Кеңес Одағының Ба­тыры Мәншүк Мәметованы ойнағанымды білесіздер ғой. Шы­ғармашылық тағдырымда бұл рөл елеулі із қал­дырды. Мұндай спектакльдерге жас көрермендер баруы керек. В.Ежовтың бұл драмасы соғыс туралы да емес, адал­дық, достық, ең бастысы махаббат жайында. Сергей СОЛОВЬЕВ, Ресейдің халық әртісі: – Талғат Теменов шығармашылығының өзегі – тазалық. Талғат жақсы көрсе жан-тәнімен жақсы көреді, адасса шын жүректен адасады. Ол бала сияқты, адам сенгісіз тығырыққа тірелуі мүмкін, бала сияқты олардан шығып кетуі де ғажап емес. Талғаттың қолынан келмейтін бір-ақ нәрсе бар: ол – өтірік айту. Қазіргі заманда сіз­дерде де, біздерде де конъюнктуралық өті­рік­шілер өріп жүр. Ал Талғат – өтірік айтқысы кел­се де айта алмайтын адам. Сондықтан, оның шы­ғар­ма­шылығымен табысу қай кезде де үлкен куа­ныш. Қа­зақстанның жастар театры әлемдегі “на­рық­тық есерсоқтықпен” күресіп, “адам болайық, жақ­сы көрейік, сағынайық, сезінейік” дейтін театр. Рашид НҰҒМАНОВ, кинорежиссер: – Ең бастысы, қойылымдар кезінде мен өзіміздің кеңес өкіметі тұсында қалыптасқан өнегелі мектепті көрдім. Менің бір білетінім, режиссерлік кәсіпке үйрету мүмкін емес. Ал Талғат туабітті режиссер. Оның тырнақалды туындысы – “Тороның” өзі шедевр болды десем, артық айтқандық емес. Ол өте шын­шыл, сыршыл жігіт. Оның барлық кинотуындыларын біле­тінмін. Шыны керек, театр сахнасынан алғаш кө­руім. Сондықтан, досы ретінде уайымдағаным рас. Бірақ, қойылым соңында күмәннің бәрі сейілді. Талғат театрда да мықты екен. Оның спектакльдерінен өз кәсібіне деген түпсіз құштарлықтың, іңкәрліктің исі аңқып тұр. Жылылық, ізгілік, адамгершілік, сүйіс­пен­шілік, парасат, ар, бостандық... барлығы да оның қойылымында жетіп артылады. Михаил ВИШНЕВСКИЙ, режиссер-хореограф: – Осы күндері Кеңес Одағы кезінде қалып­тас­­­қан театралдық мектептің жарқын үлгісін көр­­дік. Алайда, Алматыны провинция деп айта ал­майсың. Бүгін Қазақ жастар театрының қойылымы арқылы үзілмеген үздік үрдіспен қайта қауыштық, ең тамаша театралдық дәстүрге қайта куә болдық. Ғ.Мүсірепов театры – нағыз театр, тіршілігі қыз-қыз қайнаған театр. Қа­зіргі театрлар адами сезімдерден ада бола бас­та­ғандай еді, кейіпкерлердің шынайы эмоциялары менің жан-дүниемді астаң-кестең етті. Көрермендер атмосфералық спектакль­дердің қа­лай жаса­лы­на­тынын көрді. Осы қарым-қаты­настарды үзбеу керек, үздік тәжіри­бе­лерімізбен бір-бірімізді байыта беру қа­жет. Мәскеу де таланттарға кенде емес, алайда, қа­зақ өнер­паздарынан үйренетін дүние іздегенге табылады. Әли ХАМРАЕВ, кинорежиссер: – Талғаттың Мәскеуге алғаш келген кезі есімде. Бәрін білгісі келетін, ізденіп жүретін еді. Ең бастысы, сондай кең, жүрегі таза, мейірімді! Бүгін оның театрдағы жұмыстарын көріп отыр­мын – шебердің туындысы. Және бұдан былай Мәскеу режиссерлері ең талантты ак­тер­лердің қайда екенін білетін болады. Табыстарыңыз баянды болсын! Александр КОРЖЕНКОВ, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі: – Менің эмоциямда шек жоқ. Қойылымның кемшілігін де іздегім келмейді. Сахна мен кө­рер­мендер арасындағы ғажайып аура ол туралы ойлауға мұрша бер­мейді. Ауқымдылығы жағынан алғанда, қазақ­тар­дың бұл келісі – сөзсіз оқиға. Екі күн қазақ спек­та­кль­деріне ерінбей келгеніме еш өкінбеймін. Ұлы Же­ңіс­тің 65 жылдығына бай­ланысты ғана емес, жалпы, адам­заттық мә­селелер, халықтар арасындағы тү­сініс­тік тұр­ғысынан алғанда, тақырып өте өзекті. Қазір қайда қарасаң, көтеріліс, митинг, қантөгіс, терракт... Ал бұл спектакль адамгершілікті жыр­лай­ды. “Бұлбұлдар түні” пьесасын білемін. Қойылым өте заманауи жасалған, сол себепті өте жеңіл қа­был­да­нады. Режиссердің әр қадамы нақты және діттеген жерге дөп тиеді. Мен театрға бармайтын дос­та­рымды ерте кел­ген­мін. Біреуі, әскери адам, екіншісі, әкім­шілік қыз­мет­кері. Сенсеңіз, қатып-семіп қалған сол адам­дардың жылағанын көрдім. Мен тілді тү­сінбесем де, синхронды аударманың дыбысын бә­сең­детіп отырдым. Өйткені, қазақ тілінің әуезі ұнады, актерлік ойындағы әріптестіктің қандай деңгейде екенін білгім келді. Көптен бері мен актер кідірісін тамашалағым келмеген. Бұл спектакльдегі кейіпкерлер арасындағы өмір – фантастика. Міне, актерді театрға көгендеп қойған құдірет осы. Бұл сиқырдың орнын басқа ештеңемен алмастыру мүмкін емес. Біреулер кино, телевизия мен интернет жеңеді, театр өледі дейді. Мүмкін емес. Бүгін қазақ театры осыны тағы да дәлелдеп берді. Кідіріс бар, тыныс бар, мәңгілікке созылса деп тілейтін, ұйығына тартар тыныштық бар. Ең маңыздысы осы. Мұрат ӘЛИЕВ, кинорежиссер, Түркімен­станның еңбек сіңірген қайраткері: – Ең бастысы, қойылымнан кейін (“Бұл­бұл­дар түні”) рухың биіктеп, тазара түскендей боласың. Тамаша драматургия, тендессіз ак­тер­лік ойын. Жанар Мақашева мен Мұхитдин Шынтаев – казақ театрының бағы. Жақында ғана Мәскеуде “Золотая мас­ка” жүлдесі тап­сы­рылды. Меніңше, бұл актер­лер­дің екеуі де осы жүл­­деге әбден лайық. Рухани тұрғыда, тіпті біз­дің жергілікті актерлерден биік пе дер едім. Өйт­кені, қазір Мәскеу актерлері “трюктерге” бой үйретіп алды, ал қазақ әртістері жүрегін, се­зім­талдығын сақтап қалған. Мен соған қуандым. Евгений АКСЕНОВ, актер: – Қазақ театрында қазіргі Мәскеу теа­тр­ларында жоқ бір қасиет бар. Ол – адами жылылық. Мұндай тұнық бастаумен сусындау өте сирек қонатын бақытқа айналып барады. Өзіңді әдеттегіден басқаша сезінесің. Мәселен, дәл қазір мен өзімді сәл-пәл “қозғалып кет­кен­дей” сезініп тұрмын. Әншейінде спектакльден кейін үйге қайтқың келеді. Бүгін жүрегім лү­пілдеп, әлдебір сиқырдың арбауында қалғандай, әлі де бір таңғажайып болатындай әсерге бө­лендім. Қойылым (“Мулен-Ружға шақыру”) есейе келе адамдар ұмыта бастайтын сенгіштік, адалдық, аңғалдық сияқты қасиеттерді оя­тады. Осындай сезімді сыйлаған театрға, әртістерге басымды иемін. Александр СМОЛЯКОВ, театр сыншысы: – Мәскеуге үнемі алыс-жақын шетелдерден теа­трлар гастрольдік сапарлармен келіп жа­тады. Осындағы 200-дей театрдың труппасы да реті келсе сыртқа шығып, өнерлерін көр­сетіп, өзгелердің де деңгейін байқап қайтуға тырысады. Қазақ теа­трының Мәскеуге келісі – расында да сирек оқиғаның бірі. Мен есімді білгелі қазақ театрларының бізде өнер көр­сет­кенін көрген емеспін. Сол мүмкіндікті жіберіп алмау үшін, күн сайын Армен Джигарханян театрына кешке қарай асығатын болдым. Үш спектакль де бір-біріне мазмұны да, жанры да ұқсамайды екен. Түрлі бағыттарда қо­йылды. Сондықтан да толық бір театр туралы тамаша пайымға ие болу мүмкіндігі туды. Театр труппасы тамаша құралған. Өңшең талант. Қойылымнан кейінгі мәс­кеуліктер мен қазақтардың бас қосуында өлең айтпайтыны жоқ. Дауыстары мінсіз, таза. Кез келген сахнаға ұялмай көтеріле алатын дарындар. Қазақтардың өзгеше дархандығы туралы әбден естіп едім, осы жолы өз көзіммен көріп, адами қарым-қатынастардан да, қойылымдардан да ұмытпай жүретіндей ләззат алдым. Қазақстан үлкен театралдық мектепті сақтап қана қоймай, өз қолтаңбаларымен дамыта да бастаған екен. Театр әртістерінің сыртқы келбеті, икемділігі, сезімталдығы мені ойлантты. Мұндайды қазір біздің қаптаған театрлардың бәрінен таба алмайсың. Айнаш ЕСАЛИ.