Жуырда Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Мәскеу қаласына гастрольдік сапармен барып қайтты. Бұл – жастар театрының Мәскеу қаласында гастрольдік сапармен тұңғыш рет болуы.
Жалпы, қазақ театрларының бұл мегаполиске жолы түспегеніне де жиырма жылдай уақыт болған. Сондықтан, Ғ.Мүсірепов театрының бұл сапарын еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың қатарына қосуға болады.
Мәскеуге табанымыз тиген күні “Алматы ақшамы” газетіндегі әріптесім Әсия Бақдәулетқызы екеуміз метромен ентелеп жүріп Ресейдегі Қазақстан елшілігінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатына үлгеріп жеттік. Бір топ мәскеулік журналистердің арасында өзіміздің жергілікті телеарналардың арнаулы тілшілері де жүр.
КСРО халық әртісі Армен Джигарханян қазақ театрының келу құрметіне көсіліп сөйлеп жатыр. Тірі жүрген таланттардың ішінде киноға ең көп түскені үшін Гиннестің рекордтар кітабына енген аңыз актердің (“Не больше на свете армян, чем ролей, которые играл Джигарханян” деген әзіл сөз көпке белгілі) Қазақ елшілігіне келіп, Қазақ театрына қолпаш көрсетіп, тілектес болып жатқанын жақсы ырымға балап қойдық.
– Шынымды айтайын, мен толқып тұрмын, Қазақ деген – ұлы халық. Мен Қазақстанда талай болдым, адамдармен де араластым. Мұндай пейілі ақ, ниеті таза, жолдасқа жомарт халықтың мәдениеті кедей болуы мүмкін емес. Мен Қазақ театрының гастрольдік сапары естен танарлықтай табысты өтуіне тілектеспін! – деп ақтарылған актер ақсақалдық жолмен бата бергендей көрінді.
– Әлі де біздің де, сіздердің де қойған спектакльдеріңізге көрермендер келіп жатыр. Бұл театр өнері өлмейді деген сөз. Оның жайын ертең гастрольдік сапарды ашқанда айтармыз. Ең бастысы, Құдай бір бірімізді іздеуге, аңсауға жазсын! Бір бірлерімізге жақын тартып жүруге қашанда қайыл болайық – деді Армен Борисович.
Армен Джигарханяннан кейін Ресей және Украинаның халық әртісі Роман Виктюк сөз алды. Маңдай терлерін сүртуге мұршалары келмей жүретін мэтрлерді мұндай бас қосуға келтірген – өзіміздің баяғы қонақжай ықыласымыздың қайтарымы ғой. Алматыдағы Лермонтов атындағы орыс драма театрында “Фуршет после премьеры” спектаклін қойып, біраз мақтау мен даттау естіп жүрген Роман Виктюкке Қазақстан бөтен емес.
– Алматының ауа-райынан да, адамдарынан да ғажайып жылы леп есіп тұрады. Мен Алматыны жақсы көремін, жақсы көре беретін де шығармын. Жуырда біздің театрда Талғат Теменовтің спектаклі қойылады. Татулығымыз тереңдей беретініне тіпті күмәнім жоқ. Сондықтан бұл гастрольдік сапар біздің барыс-келісіміздің жалғасы. Ертең театрда кездесеміз. Театрдың гастролі туралы алдын ала көп айта бермелік. Қанша дегенмен, өнер адамдары ырымшыл халықпыз ғой, – деп Роман Виктюк үстелді тықылдатып қойды.
Алматыдан осы сапарға арнайы келген адамның бірі – танымал театр сыншысы Әшірбек Сығай болатын. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанға эвакуацияланған Наталья Сац негізін қалаған өнер шаңырағының арғы-бергі тарихына тоқтала келіп, жастар театрының жерге қаратпайтынын, оның 60 жылдан бері жинаған тәжірибесі барлығын айтты. Осымен баспасөз мәслихаты аяқталып, соңы емен-жарқын әңгімелерге ұласты.
Не керек, Мәскеудегі бағалардың удай қымбат екендігін айтып, кісі елінде қара жұмыс істейтін, сауда істеп жүрген қырғыз, тәжік секілді бауырларымыздың көптігін көріп, ағайындар үшін біресе қынжылып, дәл өстіп қаңғымаған қазақ үшін шүкіршілік ете жүріп келесі таңды да атырдық. Осы арада Мәскеудегі қазақтардың бәрі дерлік оқымысты, білім және ғылым саласында жүргенін де еске сала кетсек дейміз.
“БҰЛБҰЛДАР ТҮНІ”
немесе кино мен театрды “будандастырған” режиссер
Өнерге бір табан жақын халайық осыдан бірнеше жыл бұрын режиссер Талғат Теменов кезінде Одақ театрларында қойылған В.Ежовтың “Бұлбұлдар түнін” сахналағалы жатыр дегенді естіп, спектакльдің сәтті жүретініне кейбіреулер күмән келтірген болатын. Мұндай күдіктің тууына Лениндік сыйлықтың лауреаты, сценарий жазудың хас шебері атанған Ежовтың аталмыш шығармасының кейбіреулер “ескірді” деп есептеп жүрген мазмұны еді. Алайда, Ұлы Жеңістің қарсаңында майдан әуендері, соғыс тақырыбы көкейкесті болып тұрғанда, аталмыш спектакль нысанаға дөп тиді. Қазір бұл қойылым жастардың ең сүйіп көретін драмасына айналды.
Ал біздің қобалжығанымыз, Мәскеу театрлары үшін таңсық болып көрмеген қойылымды ондағы көрермендер қалай қабылдар екен, қандай баға береді екен деген ой-ды.
Осы күдігімізді айналамызда отырған көрермендердің көңіл ауаны сейілтті. Қасымда селт етпей, спектакльді көріп отырған Татьяна Попова дейтін кексе әйелден гастрольдік қойылымды таңдауға не түрткі болғанын журналистік әуестікпен сұрастырғанмын. Ғашығынан мәңгілікке айырылып, перронда жалғыз боздап қалған неміс қызы Ингамен қосылып көз жасы парлап отырған орыс әйеліне жастықтың бір қалтарыста қалған жылдарында қазақстандық азаматқа қосылуына ата-анасы қарсы болғандықтан, біздің елге келін болу бұйырмай қалған екен. Сол бір жүрегінің бір түкпірін жылытқан сезімді көшедегі қазақ театрының афишасы қозғап кетсе керек.
– Сеніңіз. Мен көп көрерменнің бірі емеспін. Көп жылдар бойы шығармашылық клубтарға жетекшілік еттім. Мәскеу театрларында қойылған пьесалардың бәрін дерлік көріп шыққанмын. Өнерді бір кісідей түсінемін дегенім ғой. Сіздердің актерларыңыз тамаша ойнайды, – деген оның сөзі көрерменнің нағыз шыншыл пікірі деп біліңіз.
...Ұлы Жеңістің алғашқы күндерінде совет жауынгері Петр Бородин мен неміс қызы Инганың арасында кездейсоқ тұтанған махаббат, кеше ғана жауласып қан төгіскен екі ел баласының саясатқа да, аласұрған заманға да тәуелсіз сезімдері, от пен оқтың арасындағы сардарлардың адамдық пиғылдары – спектакльге арқау болады.
Армен Джигарханян жетекшілігіндегі театрды толтырған қазақ студенттері мен мәскеуліктердің драманы соншама ықыласпен тамашалағанын көріп, махаббат, адамгершілік тақырыбы ешқашан ескірмейтіндігіне көзіміз тағы да жетті. Талғат Теменов В.Ежовтың драмасын жаңғырта отырып, ұтқан жері – қайсарлық пен отансүйгіштікті насихаттап қоймай, театрға жаңадан келіп жатқан жас актерлер толқынының да тұсауын кескен болатын. Бірнеше жылдан бері Петр Бородинді ойнап жүрген Мұхитдин Шынтаевтың актер ретінде ысылып қалғанын аңғару қиын емес. “Күшік күйеу” мен “Жұмақтағы жасын” спектакльдері арқылы танылып келе жатқан Шынтаевтың Бородині – оның сахнадағы шоқтығы биік бейнелерінің бірі болып қалатыны сөзсіз. Жасандылығы жоқ, нағыз жауынгер, лирикалық қаһарман. Оның оттан да, судан да тайынбайтын бірбеткейлігі, әскери киімі мен жүріс-тұрысы өзіне құйып қойғандай жарасады. Жалпы, Кеңес өкіметі кезінде барлық сыйлықты алған Ежовтың бұл туындысы лирикаға толы.
Неміс қызы Инганы ойнаған Жанар Мақашеваның еуропалықтарға тән кескін-келбеті, хореографиялық икемділігі, көңіл ауанының құбылуы – көрермендер назарынан тыс қалмады.
– Соғыстың шын біткенін Балтабай, сенің жүзіңе қарап білдім, – деп спектакльді тәржімалаған Әшірбек Сығай айтқандай, Балтабай Сейітмамытұлының Кузовковы нар тұлғалы актердың талантын танытып жүргенін білетін едік. Бұл жолы мәскеуліктер старшина рөлін Кәдірбек Демесін сынды дарынның орындауында көрді. Кәдірбектің Кузовковы Балтабай Сейітмамытұлының кейіпкеріне қарағанда мүлде басқа. Соғыс қажытқан, жүзден жоғалмаған адамгершілікті табасың...
“Рөлдер актерларын тапқан” деген сөздің салмағын өнер адамдары жақсы біледі. “Бұлбұлдар түніндегі” опасыз Федеровскийді бейнелеген Бекен Кемалданов кісі тағдырына қиянат жасап тұрмын-ау деп беті бүлк етпейтін адамның бейнесін сомдады. Жалпы, сахнадағы жағымсыз кейіпкерлерге көрерменнің қойылымынан кейін қолпаш сөз айтуы сирек. Кемалданов бұл мәселеде мақтауға кенде емес. Қысқасы, Кемалдановтың шеберлігіне шүбә келтіртпейтін бұл рөл ресейлік театршылардың біраз пікіріне тамызық болды.
Аталмыш спектальді көрмеген халайық үшін қысқа шегініс жасасақ, өз бетінше Берлинді аралауға шыққан Петр Ингамен кездейсоқ танысады ғой. Екі күн неміс қызымен бұлбұлдар сайраған түнде жоқ болып кеткен Бородиннің өзін іздеп шыққан лейтенантпен жұдырық түйістіріп қалатын жері бар. Барлық пәле осы жерден басталады. Федеровский жауынгер Бородиннің жау қызымен “әмпей-жәмпей” болып қойғанын әскери қолбасшыға баяндап үлгереді.
Төрт жыл бойы оқ пен оттың арасында адал шайқасқан сарбаз әскери трибунал арқылы Сібірге айдалғалы тұр. Жас жауынгердің ондай жазаға лайық еместігін жан-тәнімен түсінген полковник Лукьянов өз шенін де, тағдырын да тәуекелге байлап, Бородинге араша тұрмақшы. Әйтпесе, әскери қолбасшының әмірі екі етілмейтіні аян. Лукьяновты Сәкен Рақышев сомдады.
Оқырман осы арада Алматыда ұдайы қойылып жүрген спектальді несіне тізбектейді дер. Десе десін, бірақ, жарты ғасырдан кейін мәскеуліктерді көз жасына тұншықтырған өнер саңлақтарын реті келіп тұрғанда неге ұлықтап қоймасқа?!
Лирикалық сарындағы дүниелерде сахналауда Талғат Теменовтің алдына жан салмайтынын ресейліктер де айтып жатты. Оның театрға киноның тілі мен элементтерін әкеліп “будандастырғаны” да сөз болмай қалған жоқ.
“Бұлбұлдар түні” бір сәт болса да кино сияқты әсер қалдырған тұстары бар. Мәселен, Бородиннің неміс туын құлатқаны мен оның Ингамен арадағы махаббаты прожектор арқылы көлеңке бимен беріледі. Жас-кәрісі қатар отырған театрда бұл да табылған әдіс. Мұндай эксперименттерге Армен Джигарханян театрының бір топ өнерпаздары тәнті болғанын жасырған жоқ.
КӨРЕРМЕНДІ СЕНДІРУ ОҢАЙ ЕМЕС
Екінші күннің шымылдығын Талғат Теменовтің “Мулен Ружға шақыру” атты екі бөлімді комедиясы ашты. Аталмыш спектакльді комедия дегеннен гөрі, өнер адамының тағдырындағы трагедия дегенге келеді. Бұл қойылым – қандай жолмен болса да Парижге барып, “Мулен Ружда” билеуді бүкіл тіршілігінің өзегіне айналдырған басты кейіпкер – биші Айша Найманның алдамшы арманы жайында. Адамдардың шындық пен жасандылықтан тұратын қарым-қатынасы қақында.
Қалай да Парижге кетуді ойлап, безек қаққан Айша Санкт-Петербургтегі Мариинск опера театрынан елге біреулердің шақыртуымен оралған Азаматпен күтпеген жерден кездесіп, бірі біріне ғашық болып қалады. Ал, көрікті де талантты бишінің армандарын жүзеге асыра алатын бір адам бар – ол қолы ұзын, дәулетті көңілдесі.
Енді, міне, актер Рахман Омаров туралы айтудың сәті түсіп тұр. Олай дейтініміз, Рахман Омаров Айшаның көңілдесі, саяси партияның көшбасшысы Сембиннің рөлін ойнайды. Қозы қарын, көңілі тоқ Сембиннің рөлін сомдаған өзінің актерлік шеберлігінің ауқымы кең екендігін көрсетті. Оның “Қорқыттың көрі” аңыз-әфсанасындағы бай-манап рөлі де ресейліктердің жоғары бағасына ие болды.
Отбасы мен нақсүйерінің арасында аласұрған Сембиннің, әйелдік қызғаныштан ащы дауысы залды жаңғырықтырған Мартаның (актриса Әсел Мәмбетова) сәтті шыққан бейнелері театр туындысының салмағын арттырған болса, үнемі шала мас болып жүретін дыбыс режиссері Серждің бейнесін Ербол Садырбаев, сайтан сияқты сықылықтаған продюсер Жанды актер Еділ Рамазанов өте жақсы алып шықты. Рөлі кіші болса да қабілеті биік Еділ Рамазанов та жастар театрының бүгінгі белді өнерпазы. Гастрольдің алғашқы күні өзбек солдаты Юсуповты, “Мулен Ружға шақыруда” Сержды ойнайтын Садырбаев көрермендердің сүйікті актерлерінің біріне айналып келе жатқанын айту ләзім. Күлдіргі рөлдерде жүрсе де көзінен мұңы арылмайтын актер кейіпкерлерінің жаны “ішімдегіні тап” дейтін терең қарама-қайшылықтарға толы.
ҚАЙДА БАРСАҢ – “ҚОРҚЫТТЫҢ КӨРІ”...
Армен Джигарханян театрындағы гастрольдік сапардың шымылдығы Иран-Ғайыптың “Қорқыттың көрі” (қоюшы-режиссер Жанат Хаджиев) аңыз-дастанымен жабылды.
Осы үш күнде де залды толтырған қарапайым көрермендерді былай қойғанда, Армен Джигарханян, Роман Виктюк, Наталья Арынбасарова, кинорежиссерлер Кама Гинкас, Рашид Нұғманов, Әли Хамраев, Мұрат Әлиев, Эдуард Реджепов, Әнуар Мұстафин сынды танымал тұлғалар күн құрғатпай қазақ қойылымдарына келіп, ой бөлісіп, тілекші болып жүргені жүрекке жылы тиді.
Ал, “Қорқыттың көрі” аңыз-әфсанасына келсек, барынша сәтті аударылған пьесадағы басты рөлді театрдың белді актері Жомарт Зейнәбіл бір деммен алып шықты.
Бастапқыда көрермені басқа екендігін сезінген актердің екпіні басқашалау көрінген. Тісқаққан талант лезде өзін жиып, поэтикалық, метафоралық қойылымда жұртты сілтідей тындырып, зал мен сахна арасында көзге көрінбейтін тылсымға тартып әкетті.
“Қорқыттың көрі” спектаклі – аса қызықты жұмыс. Сценографиясы да, жарық суретшісінің жұмысы да, музыкалық көркемделуі де тамаша. Ең бастысы, басты кейіпкер өте сәтті таңдалған. Актер Жомарт Зейнәбіл үн мәдениетімен, екпінінің нақтылығымен ұнады. Қорыта айтқанда, Қазақ жастар театрында тазалық бар. Бұл – қасаңдана бастаған театрларға үлгі болатын үрдіс дейтін Мәскеудегі театр сыншысы Лейла Тастанованың пікіріне алып-қосарымыз жоқ.
Джигарханян жетекшілігіндегі театрға бауыр басқызып, кісі елінде жүргенімізді сездірмеген тамаша көңіл-күймен аяқталған гастрольдік сапар туралы өнер ауылының майталмандары төмендегідей лебіздер білдіріп, бояусыз бағаларын берді.
ЛЕБІЗДЕР
Армен ДЖИГАРХАНЯН, КСРО халық әртісі:
– Театр адамдарды махаббат туралы айту үшін жинайды. Басқа ақпараттың бәрін телевизиядан, радиодан алуға болады. Ал театрға сүю үшін келеміз. Қазақ театрының әкелген репертуары біздің көрерменді бей-жай қалдырған жоқ. Бұл үлкен табыс. Маған әдетте әртүрлі сұрақтар қояды. Бірде бір журналист: “Сізге қандай әйелдер ұнайды?” дейді. Мен қайдан білейін, сіз алдымен маған әйелді көрсетіңіз, мен тілдесіп көрейін, маған ұнайтын, не ұнамайтынын содан кейін айтамын. Адамның басынан ұнату, ғашық болу, жек көру, көңілі қалу сияқты құбылыстар күн сайын өтіп жатады. Театр да солай. Мен бұл театрды көрдім. Маған ұнады. Қазір “шындықты көрсетеміз” деп, актерлерін жалаңаштайтын театрлар бар. Адамзатқа тән әдепті, ұлттың денсаулығын кайда қоямыз сонда?! Оны естен шығаруға болмайды. Ал казақ театрынан мен нағыз махаббатты көрдім. Мен үшін гастроль әрқашан да мереке. Қазақстаннан келген театрдың гастролі – әсіресе. Бір құпияны айтайын: біздің театр Қазақстанға гастрольдік сапармен барғысы келеді. Кавказ халықтары да, қазақ халқы да қонаққа барып, қонақты қарсы алып, күтіп жібергенде ғана көңілі жай табады. Лайым, бір-бірімізді сағынып, іздеп, аңсап тұруға жазсын!
Наталья АРЫНБАСАРОВА, актриса:
– Қазақ актерлері жарады, тамаша жігермен ойнады. (“Бұлбұлдар түні”) Кейіпкерлер мінезді. Жалпы, мен үшін соғыс, майдан тақырыбындағы шығармалар маңызды. Кезінде Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованы ойнағанымды білесіздер ғой. Шығармашылық тағдырымда бұл рөл елеулі із қалдырды. Мұндай спектакльдерге жас көрермендер баруы керек. В.Ежовтың бұл драмасы соғыс туралы да емес, адалдық, достық, ең бастысы махаббат жайында.
Сергей СОЛОВЬЕВ, Ресейдің халық әртісі:
– Талғат Теменов шығармашылығының өзегі – тазалық. Талғат жақсы көрсе жан-тәнімен жақсы көреді, адасса шын жүректен адасады. Ол бала сияқты, адам сенгісіз тығырыққа тірелуі мүмкін, бала сияқты олардан шығып кетуі де ғажап емес. Талғаттың қолынан келмейтін бір-ақ нәрсе бар: ол – өтірік айту. Қазіргі заманда сіздерде де, біздерде де конъюнктуралық өтірікшілер өріп жүр. Ал Талғат – өтірік айтқысы келсе де айта алмайтын адам. Сондықтан, оның шығармашылығымен табысу қай кезде де үлкен куаныш. Қазақстанның жастар театры әлемдегі “нарықтық есерсоқтықпен” күресіп, “адам болайық, жақсы көрейік, сағынайық, сезінейік” дейтін театр.
Рашид НҰҒМАНОВ, кинорежиссер:
– Ең бастысы, қойылымдар кезінде мен өзіміздің кеңес өкіметі тұсында қалыптасқан өнегелі мектепті көрдім. Менің бір білетінім, режиссерлік кәсіпке үйрету мүмкін емес. Ал Талғат туабітті режиссер. Оның тырнақалды туындысы – “Тороның” өзі шедевр болды десем, артық айтқандық емес. Ол өте шыншыл, сыршыл жігіт. Оның барлық кинотуындыларын білетінмін. Шыны керек, театр сахнасынан алғаш көруім. Сондықтан, досы ретінде уайымдағаным рас. Бірақ, қойылым соңында күмәннің бәрі сейілді. Талғат театрда да мықты екен. Оның спектакльдерінен өз кәсібіне деген түпсіз құштарлықтың, іңкәрліктің исі аңқып тұр. Жылылық, ізгілік, адамгершілік, сүйіспеншілік, парасат, ар, бостандық... барлығы да оның қойылымында жетіп артылады.
Михаил ВИШНЕВСКИЙ, режиссер-хореограф:
– Осы күндері Кеңес Одағы кезінде қалыптасқан театралдық мектептің жарқын үлгісін көрдік. Алайда, Алматыны провинция деп айта алмайсың. Бүгін Қазақ жастар театрының қойылымы арқылы үзілмеген үздік үрдіспен қайта қауыштық, ең тамаша театралдық дәстүрге қайта куә болдық. Ғ.Мүсірепов театры – нағыз театр, тіршілігі қыз-қыз қайнаған театр. Қазіргі театрлар адами сезімдерден ада бола бастағандай еді, кейіпкерлердің шынайы эмоциялары менің жан-дүниемді астаң-кестең етті. Көрермендер атмосфералық спектакльдердің қалай жасалынатынын көрді. Осы қарым-қатынастарды үзбеу керек, үздік тәжірибелерімізбен бір-бірімізді байыта беру қажет. Мәскеу де таланттарға кенде емес, алайда, қазақ өнерпаздарынан үйренетін дүние іздегенге табылады.
Әли ХАМРАЕВ, кинорежиссер:
– Талғаттың Мәскеуге алғаш келген кезі есімде. Бәрін білгісі келетін, ізденіп жүретін еді. Ең бастысы, сондай кең, жүрегі таза, мейірімді! Бүгін оның театрдағы жұмыстарын көріп отырмын – шебердің туындысы. Және бұдан былай Мәскеу режиссерлері ең талантты актерлердің қайда екенін білетін болады. Табыстарыңыз баянды болсын!
Александр КОРЖЕНКОВ, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі:
– Менің эмоциямда шек жоқ. Қойылымның кемшілігін де іздегім келмейді. Сахна мен көрермендер арасындағы ғажайып аура ол туралы ойлауға мұрша бермейді. Ауқымдылығы жағынан алғанда, қазақтардың бұл келісі – сөзсіз оқиға. Екі күн қазақ спектакльдеріне ерінбей келгеніме еш өкінбеймін. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына байланысты ғана емес, жалпы, адамзаттық мәселелер, халықтар арасындағы түсіністік тұрғысынан алғанда, тақырып өте өзекті. Қазір қайда қарасаң, көтеріліс, митинг, қантөгіс, терракт... Ал бұл спектакль адамгершілікті жырлайды. “Бұлбұлдар түні” пьесасын білемін. Қойылым өте заманауи жасалған, сол себепті өте жеңіл қабылданады. Режиссердің әр қадамы нақты және діттеген жерге дөп тиеді. Мен театрға бармайтын достарымды ерте келгенмін. Біреуі, әскери адам, екіншісі, әкімшілік қызметкері. Сенсеңіз, қатып-семіп қалған сол адамдардың жылағанын көрдім. Мен тілді түсінбесем де, синхронды аударманың дыбысын бәсеңдетіп отырдым. Өйткені, қазақ тілінің әуезі ұнады, актерлік ойындағы әріптестіктің қандай деңгейде екенін білгім келді. Көптен бері мен актер кідірісін тамашалағым келмеген. Бұл спектакльдегі кейіпкерлер арасындағы өмір – фантастика. Міне, актерді театрға көгендеп қойған құдірет осы. Бұл сиқырдың орнын басқа ештеңемен алмастыру мүмкін емес. Біреулер кино, телевизия мен интернет жеңеді, театр өледі дейді. Мүмкін емес. Бүгін қазақ театры осыны тағы да дәлелдеп берді. Кідіріс бар, тыныс бар, мәңгілікке созылса деп тілейтін, ұйығына тартар тыныштық бар. Ең маңыздысы осы.
Мұрат ӘЛИЕВ, кинорежиссер, Түркіменстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Ең бастысы, қойылымнан кейін (“Бұлбұлдар түні”) рухың биіктеп, тазара түскендей боласың. Тамаша драматургия, тендессіз актерлік ойын. Жанар Мақашева мен Мұхитдин Шынтаев – казақ театрының бағы. Жақында ғана Мәскеуде “Золотая маска” жүлдесі тапсырылды. Меніңше, бұл актерлердің екеуі де осы жүлдеге әбден лайық. Рухани тұрғыда, тіпті біздің жергілікті актерлерден биік пе дер едім. Өйткені, қазір Мәскеу актерлері “трюктерге” бой үйретіп алды, ал қазақ әртістері жүрегін, сезімталдығын сақтап қалған. Мен соған қуандым.
Евгений АКСЕНОВ, актер:
– Қазақ театрында қазіргі Мәскеу театрларында жоқ бір қасиет бар. Ол – адами жылылық. Мұндай тұнық бастаумен сусындау өте сирек қонатын бақытқа айналып барады. Өзіңді әдеттегіден басқаша сезінесің. Мәселен, дәл қазір мен өзімді сәл-пәл “қозғалып кеткендей” сезініп тұрмын. Әншейінде спектакльден кейін үйге қайтқың келеді. Бүгін жүрегім лүпілдеп, әлдебір сиқырдың арбауында қалғандай, әлі де бір таңғажайып болатындай әсерге бөлендім. Қойылым (“Мулен-Ружға шақыру”) есейе келе адамдар ұмыта бастайтын сенгіштік, адалдық, аңғалдық сияқты қасиеттерді оятады. Осындай сезімді сыйлаған театрға, әртістерге басымды иемін.
Александр СМОЛЯКОВ, театр сыншысы:
– Мәскеуге үнемі алыс-жақын шетелдерден театрлар гастрольдік сапарлармен келіп жатады. Осындағы 200-дей театрдың труппасы да реті келсе сыртқа шығып, өнерлерін көрсетіп, өзгелердің де деңгейін байқап қайтуға тырысады. Қазақ театрының Мәскеуге келісі – расында да сирек оқиғаның бірі. Мен есімді білгелі қазақ театрларының бізде өнер көрсеткенін көрген емеспін. Сол мүмкіндікті жіберіп алмау үшін, күн сайын Армен Джигарханян театрына кешке қарай асығатын болдым.
Үш спектакль де бір-біріне мазмұны да, жанры да ұқсамайды екен. Түрлі бағыттарда қойылды. Сондықтан да толық бір театр туралы тамаша пайымға ие болу мүмкіндігі туды. Театр труппасы тамаша құралған. Өңшең талант. Қойылымнан кейінгі мәскеуліктер мен қазақтардың бас қосуында өлең айтпайтыны жоқ. Дауыстары мінсіз, таза. Кез келген сахнаға ұялмай көтеріле алатын дарындар. Қазақтардың өзгеше дархандығы туралы әбден естіп едім, осы жолы өз көзіммен көріп, адами қарым-қатынастардан да, қойылымдардан да ұмытпай жүретіндей ләззат алдым. Қазақстан үлкен театралдық мектепті сақтап қана қоймай, өз қолтаңбаларымен дамыта да бастаған екен. Театр әртістерінің сыртқы келбеті, икемділігі, сезімталдығы мені ойлантты. Мұндайды қазір біздің қаптаған театрлардың бәрінен таба алмайсың.
Айнаш ЕСАЛИ.