• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2014

Биік мақсат жолында

209 рет
көрсетілді

Қазақтың даласы ұлан-ғайыр, жерасты байлығы да мол. Бұл – бүгінгі тәуелсіз ел ұрпағына батыр баба­лар­дан қалған ең үлкен мұра. Сол бай мұраны көз­дің қарашығындай сақ­тап, ұрпақтан-ұрпаққа жал­ғас­тыру үшін Тәуелсіз Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Мәң­гілік Ел» идеясын ұсынды. Еліміздің әр өңірінде кең қолдау тапқан дәл осы идея мұнайлы Атырау жұрт­шылығын да бір мүддеге тоғыстырып отыр. Кеше Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының бас­тамасымен «Мәңгілік Ел» патриоттық акциясы өтті. Өңірдегі өзге ұлт өкілдері мен ел ертеңіне баланар жастарды ынтымаққа ұйыстырған акция­ны облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов ашып, Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауындағы «Мәңгілік Ел» идеясының маңызын тарқатып берді. – Осынау Ұлы даланы мекен еткен адамзат баласының тұңғыш пайғамбары Ахура – Маздадан нұр алған Заратуштра мынадай үш қағида қойыпты: бірінші – ізгі ой ойла, екінші – ізгі сөз сөйле, үшінші – ізгі іс тындыр. Сол Заратуштрадан бергі күллі пайғамбарлар жоғарыдағы үш байламға тоқтаған екен. Өзінің елін ел еткісі келген, өзінің аспанын биіктеткісі келген біздің Елбасының да арманы осы үш қағидамен астасып жатыр. Бізде Мәңгілік Ел болудың барлық алғышарттары дайын. Біз ізгі ой ойлап, ізгі сөз сөйлеу арқылы қаншама ізгілікті іс тындырып келеміз. Соның жарқын мысалдарының бірі – Қазақ елінің, Мәңгілік Елдің мәңгі Астанасы! –деген ойымен бөліскен жас дарын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы өзінің елор­даға арнаған өлеңін оқып, ак­цияға қатысқан жастарды қанат­тандырды. Белгілі қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ра­хым­жан Отарбаев «Мәңгілік Ел» идеясы – бізді алға бастар шам­шыра­ғымыз. Бұл – біздің мемле­кеттің ұлттық идеясы. Батыр бабаларымыздан қалған сайын даланы қорғау, әр қазақтың бой­тұ­марындай тәуелсіздігімізді сақтау оңай емес. Қазақтың осынау ұлан-ғайыр даласын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған Қабанбай мен Бөгенбай, Қарасай секілді батыр бабаларымыз Мәңгілік Ел болуды көкседі. «Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін, Қайта тудым, өмірге қайта келдім. Мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске – Айта бергім келеді, айта бергім», деп жырлаған ақын Жұбан Молдағалиевтің жүрек түкпірінде де Мәңгілік Ел болудың идеясы жатыр. Міне, елдің дербестігі мен мәңгілігін ойлаған бабалардан бүгінгі ұрпаққа жеткен аманатты – Қазақ елін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев әлемге танытты. Қуатты елге айналдырды. Қазақ елінің алдағы мақсат-мұраты биік, ал мұраты биік, ұлттық, мәдени құндылықтары сақталған ел ғана Мәңгілік Ел бола алады», деді. Өз Отанын сүйетін, өз Отанына адал қызмет етуді мақсат еткен атыраулық патриот жастарды бір мақсатқа, бір мүддеге, бір болашаққа біріктірген акция барысында Айгүл Қосанова, Ерболат Құдайбергенов және өзге де елімізге танымал жас әншілер патриоттық әндерді шырқады. Акцияда өзге ұлттың өкілдері де жастарды отансүйгіштікке шақырды. Соның бірі – Артем Тербушов: «Бізді, Қазақстанның көпұлтты халқын Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз елімізді қуатты мемлекетке айналдырудағы ерен еңбегі ішкі тұрақтылық пен экономикалық бір мақсатқа, бір мүддеге, бір болашаққа біріктіреді. Осының бәрі Мәңгілік Ел болудың негізгі алғышарттары», деген пікірімен бөлісті. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы. Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.