• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2014

Саланы дамыту үшін салиқалы іс-қимыл қажет

480 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаевты қабылдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Кездесу барысында отандық аграрлық ғылымның жай-күйі, сондай-ақ, оны одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. А.Күрішбаев университеттің соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктері және жоғары оқу орны арқауында халықаралық аграрлық зерттеу университетін құру жөніндегі Мемлекет басшысы тапсырмасының іске асырылуы туралы баяндады. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­станда жеткілікті көлемде жер жә­не адам ресурстары бар еке­ніне қарамастан, елімізде ауыл шаруашылығы саласы тиісті қар­қында дамымай отырғанын айтты. – Біз ауа райы қолайлы, жау­ын-шашын қажетті мөлшерде болғанда ғана мол астық жинаймыз. Әрине, ауыл шаруашылығында өнімділік бұрынғы жылдармен салыстырғанда, айтарлықтай артты, бірақ әлі де бұл бағытта белсене жұмыс жүргізу міндеті тұр. Мемлекет осы міндеттің орындалуына едәуір ресурстар бөлуде, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы агро­өнер­кәсіп кешенінде сыннан өт­кен әлемдік технологияларды пай­даланған жөн екенін, оларды Қазақстан жағдайын ескере отырып енгізу қажеттігін айтты. – Агроөнеркәсіп кешенін да­мыту саласында жұмысты көптеген ғылыми-зерттеу институттарымен бірге, «ҚазАгроИнновация» жүр­гізуде және мемлекет оның жұ­мыс істеуі үшін жыл сайын айтарлықтай қаражат бөліп келеді. Алайда, осынау зерттеу құры­лымдары мен фермерлер арасында тиісті деңгейдегі өзара іс-қимыл жоқ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Кездесу барысында А.Кү­ріш­баев аграрлық зерттеу уни­верситетін құру тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі жұмыс, басқару жүйесі мен білім беру үдерісін ре­фор­малаудың басталғаны тура­лы хабарлады. Бұған қоса, шетелдердің жетекші универ­си­тет­терімен және ғылыми орта­лық­тарымен ынтымақтастық орнап, қанатқақты халықаралық зерттеу бағдарламалары дайындалды. Кездесу қорытындысында Мем­лекет басшысы қаралған мә­селелер бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.