• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2014

Паралимпиада: жүлде ауылы көрінер емес

310 рет
көрсетілді

Осы күндері Сочиде қысқы Паралимпиада ойындары өтуде. Оған  Қазақстаннан бес спортшы қатысуда. Сочиде өтіп жатқан Пар­алимпиадаға әлемнің 45 елінен 1650 мүгедек спортшы қатысуда. Спортшылар слеж-хоккей, керлинг, шаңғы жарысы, биатлон, тау шаңғысынан 72 медаль жиынтығын сарапқа салуда. Ал біздің елге келсек, биылғы ойындарға Қазақстаннан алғаш рет бес спортшы қатысуда. Қазақстан Паралимпиада комитетінің деректеріне қарағанда, біздің спортшылар Сочи сынына жолдаманы Канада, Финляндия, Германияда өткен іріктеу жарыстарында жеңіп алған. Енді Паралимпиадаға қатысып жат­қан спортшыларымызға келсек, оған біздің елден екі әйел, үш ер адам қатысуда. Ең жасы 23-те болса, жасы үлкені 51-де. Паралимпиадаға жолдама алғандардың ең жасы  — Жаңыл Балтабаева.  Ол шаңғышылар арасындағы  LW12 бағдарламасы бойынша жарысқа қатысуда. Жаңыл бала кезінен мүгедек. Спортпен 13 жасынан бері айналысуда.  2013 жылғы Қазақстан чемпионы. Келесі спортшымыз Қайрат Қанапиннің көзі нашар көреді. Оның жасы 38-де.  Жұмыс барысында көзінен жарақат алған екен.  Ол биатлон мен шаңғы жарысына қатысуда. Содан кейін 41 жастағы Александр Колядин деген спортшымыз да шаңғының LW4 (тізеден төмен немесе жоғары протезі бар спортшылар арасындағы жарыс) бағдарламасы бойынша бақ сынасуда. Әйелдер арасында 46 жастағы Елена Мазуренко шаңғышылардың  LW6 (қолы протезделген спортшылар арасындағы жарыс) бағдарламасы бойынша жарыс жолына шығып жатыр. Ол спорт шебері әрі Қазақстан чемпионы. Жалпы, еліміз спортшылары  осы кезге дейін бес қысқы Паралимпиадаға қатысқанымен, бірде-бір медаль алмаған екен. Осыған байланыс­ты біздің мем­лекетіміз Сочи Паралим­пиа­дасында алтын медаль алған спортшыға 50 000, күміс алған отандасымызға 35 000, қола алған спортшыға 25 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындады. Әзірге біздің спорт­шыла­рымыздың Паралимпиадада жолы болар емес. Отандаста­рымыздың бәрі өздері қатысып жатқан жарыстарда 10-нан ке­йінгі орындарды алып жатыр. Мәселен, Жаңыл Балтабаева 1 шақырымдық қашықтыққа оты­рып жарысуда ең соңғы, 23-орынды алды. Ерлер арасында осы қа­шық­тыққа еркін әдіспен түрегеп жарысуда Александр Колядин 33-орынды, Ерлан Омаров 35-орынды иеленді. Әйелдер арасында осындай бәйгеде Елена Мазуренко 16-орын­ды қанағат тұтты. Көзінен зақымданғандар арасындағы спринт бәйгелерінің іріктеу жарысында Қайрат Қанафин 13-орында тұр. Бұл жарыс әлі біткен жоқ. Ертең Паралимпиаданың соңғы күні осы жарыс түрінен сындар өтеді. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».