Павлодар облысында ауыл тұрғыны жүкті әйелін өлтіріп алып, жазадан құтылу үшін жазатайым оқиға ойластырған, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, 2021 жылы сәуірде Павлодар облысы Успен ауданы полициясына Константиновка амбулаториясы қызметкерінен ауылдағы үйлердің бірінен жүкті әйел өлі табылғаны туралы хабарлама келіп түскен.
«Көрсетілген мекенжайға келген полиция қызметкерлері оқиға орнын тексере келе, әйелді өлтірген болуы мүмкін деген болжам жасады. Бұл іс тергеу полиция бөлімі бастығының орынбасары Асқар Аралбаевқа және аға тергеуші Мақсат Дүйсембаевқа тапсырылды. Олар оқиғаны мұқият зерттеп, куәгерлерден жауап алды», деді Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.
Жауап алу кезінде марқұмның анасы таңертең күйеу баласы «Саған не болды?» деп айғайлап жатқанынан оянғанын айтқан. Көрші бөлмеден жүгіріп келген анасы қызының еденде жатқанын көрген. Дәрігерлер келгенде ер адам әйелі ауырып қалғанын, ентігіп, еденге құлағанын айтқан. Сол кезде өзі әйелге алғашқы көмек көрсеткен, деп жазды Polisia.kz сайты.
Тергеу барысында полицейлер бөлме еденін ашқан. Ағаш тақтайларда қан ізі, сондай-ақ құрамында хлор бар заттың ерітіндісі табылған.
«Қажетті дәлелдемелерді жинау, сондай-ақ жүргізілген сараптамалар барысында полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтады. Түнде ерлі-зайыптылар арасында қызғаныш негізінде жанжал шыққан. Сол кезде ер адам жүкті әйелін тұншықтырып өлтірген. Содан кейін ол қылмыстың ізін жоя бастаған, қан дақтарын тазалап, жазадан құтылу үшін отбасы мен полиция қызметкерлерін шатастырмақшы болған. Барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп, ер адамның кінәсі дәлелденді», деді Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.
Ер адамға ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігіне сәйкес 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Әйелдің артында екі баласы қалды.