Қызылорда облысында төтенше жағдай режимі кезінде қойылған 28 блокбекет жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Төтенше жағдай режимі кезінде өңірде коменданттық сағат пен бірқатар шектеулер енгізілген болатын. Кезекшілік жасақтар күшейтіліп, қаруланған полиция қызметкерлері мен әскерилер тәулік бойы қызмет атқарған 28 блокбекет қойылды. Аталған уақытта полицияға 952 азамат жеткізілді.
Төтенше жағдай режимін бұзған 414 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 253 құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынып, олардың 73-і босатылды.
«Қылмысқа күдікті ретінде танылған 97 адам уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынса, 12 күдіктіге қатысты қамауға алуға байланысты емес бұлтартпау шарасы таңдалды. Ұсталғандардан 1 данадан тегіс ұңғылы және травматикалық қару, 13 дана пышақ, 9 қалқан, 4 каска, 6 дулыға, 1 бронежилет және 1 келі 150 грамм есірткі заттары алынды. Медициналық мекемелерге 50 полиция қызметкері жүгініп, олардың 3-уі жатқызылды», деп мәлім етті Қызылорда облыстық Полиция департаментінен.
Ведомство мәліметінше, қазір барлық мемлекеттік мекеме, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары, екінші деңгейдегі банктер, теміржол вокзалы және аэропорт штаттық режимде жұмыс жасауда.