Жаз шыға әжем екеуміз қырда мал бағып отырған Жанұзақ жездем мен Балжан апамның үйіне барамыз. Жанұзақ аға − совхоздағы озат шопандардың бірі, жыл сайын осы «Дүбірді» жайлайды. Бұл жердің ауасы таза, оты құнарлы, ұсақ мал тез оңалады. Біз балалар таң атқаннан кеш батқанға дейін ойын соғамыз, суға шомыламыз, арасында құм сағыз тереміз. Әсіресе маған жайлаудағы кешкі мезгіл қатты ұнайды.
Өрістен қайтқан енесін іздеген қозы-лақ маңырап, сиыр мөңіреп, сауыннан босаған биелер құлындарымен шұрқырап азан-қазан болады. Аздан соң бүйірден қызарып күн батады. Сөйтіп, кешкі шаруаның бәрі ыңғайланғаннан кейін далада отырып тамақ ішеміз. Далада ішкен ас қандай сіңімді, тез тоямыз. Сосын әжем «баяғыда...» деп ғажайыпқа толы әңгімесін бастайды. Бала кезімнен көңілімде қалып қойған осы көркем көрініс жақында тағы есіме түсті. Оған себеп болған көрнекті кескіндемеші, Қазақстанның халық суретшісі Сабыр Мәмбеевтің «Ел есінде» атты еңбегі.
Бұл картинада автор қаймағы бұзылмаған қазақы ауылды ғана емес, ондағы адамдардың бейнесі арқылы ұлттық болмысымызды айшықты бедерлеген. Көк майсасы жайқалған жайлау, арғы жағынан заңғар таулардың сұлбасы ағараңдайды. Ат үстіндегі отағасының алдында кішкентай баласы отыр, оған келіншегі өз атының ноқтасын ұстатып жатқан секілді. Жерде төселген кілемшеде ақ кимешек киген әже ұршық иіріп отырса, оның қасынан ақ қалпақ киіп, қолына кесе ұстап сусын ішіп, молдасоқынып отырған жеткіншекті көресіз. Сегіз қанат киіз үй мен шелек көтерген жас қыз баланың бейнесі де көзіңізге жылы ұшырайды. Суретке қарап отырып, құдды өзіңіз осы ауылдан кеше келгендей тамаша сезімді бастан кешесіз. Бұл туынды өткен ғасырда жарыққа шықса да, түрлі заман талқысынан өткен халқымыздың бойында сақталып қалған қазақы мінез, бекзат болмыс, кісілік пен кішілік секілді асыл қасиеттерімізді бояу тілімен әсем сөйлете білген суретшінің шеберлігіне тәнті боласыз.
Жалпы, айтулы қылқалам шеберінің шығармашылығында ауыл өмірі мен оның сұлу табиғаты әр қырынан жарасымды көрініс тапқан. Әсіресе автор табиғатты бейнелеуге шебер, пейзаждары өте көркем. Мәселен, 1965 жылы салған «Көктем» атты жұмысы да жоғарыда айтып өткен картинамен ұқсас. Аспанмен тірескен биік таулар, оның етегіндегі бір шоқ ағаштың түбінде әңгімелесіп отырған ер мен әйел...оның бергі жағындағы үш жылқы тұр қаңтарылып, оның біреуі – құлынды бие. Кішкентай құлын енесін еміп, рахатқа батып тұр... Осы көріністің өзі адамды әсерлі сезімге бөлеп, бүгінде алыс қалған ауылыңды сағындырады.
Сабыр ағамыздың табиғаты сыршыл, оны «Сұхбат» (1954), «М.Әуезов» (1957), «Тауда» (1957), «Қоныс аудару» (1959), «Менің қаламда» (1959), «Терезе алдындағы қыз» (1961), «Көктем» (1965), «Жастар» (1968) және тағы басқа пейзаждары мен портреттерінен байқаймыз. Бұларды бейнелеу өнеріміздің қазынасына қосылған сүбелі дүниелер деп айтуға болады.
Қылқалам шеберінің қолтаңбасын даралаған еңбектерінің бірі –«Тауда» мен «Киіз үй» картинасы. Ол кезінде одақ көлемінде жоғары бағаланып, «Юность» журналында жарияланған. Белгілі суретші Сергей Герасимов автордың осы туындылары туралы 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігінде: «С.Мәмбеевтің полотнолары туған халқының болмысының қуанышына толы. Бейнелеу мәнері өзгеше атмосфераға толы сәнді, олар жарықпен, күнмен, ашық түстермен толықтырылған... Ұлттық бояуымен қатар өзінің эмоционалдық кейпімен заманауи болып келеді» деп айтыпты.
Сабыр Мәмбеев − Алматыдағы Гоголь атындағы көркем сурет училищесін аяқтағасын қазіргі Санкт-Петербургтегі И.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтына түсіп, білікті мамандардан дәріс алды. Ол кісінің тағы бір қыры – қоғамдық қызметі. Талантты азамат 28 жасында Қазақ КСР Суретшілер одағының төрағасы болып сайланып, осы қызметті ұзақ жылдар атқарып, оның ұйытқы болуымен облыс орталықтарында суретшілер мен мүсіншілерге арналған шеберханалар, музейлер мен көрме залдары ашылды. Еліміздің алты қаласында суретшілер үйі салынды.
Көрнекті тұлғаның еңбектері елімізге ғана емес шет мемлекеттерге де жақсы танымал. Оның «Тауда» атты картинасы Мәскеудегі Шығыс халықтарының өнер мұражайында тұрса, «Киіз үй» туындысы Третьяков галереясының жеке жинағына енген. Бірқатар туындылары Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде сақталған.