Қатыгездік таныту бойынша құзырлы органдарға 21 өтініш келіп түскен. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова мәлімдеді.
Шағымдардың дені адвокаттардың қорғалушыларына кіруіне шектеу қою, ұсталғандардың орналасқан жері туралы туысқандарын хабардар етпеу, ұсталғаннан кейінгі алғашқы сағаттарда медициналық көмек көрсетпеу немесе негізсіз ұстауға қатысты. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл азаптау мен қатыгездікке қатысты фактілерге жол берілмеуге тиіс екенін жеткізді. Оның айтуынша, барлық арыз бен шағым Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне жолданады.
«Осыған орай прокуратура қатыгездік туралы барлық сигналдарды тексеріп, оларға құқықтық баға беріп, нәтижелерін жариялауы керек», деген спикер адам өмірінің ең жоғары құндылық екенін тағы бір еске салып өтті. «Бұл өзгермейтін ақиқат ел Конституциясының негізі болып табылады», деді ол.
«Бас прокуратураның хабарлауынша, Алматы қаласы прокуратурасының тексеру нәтижелерін ескере отырып, 71 азаматқа әкімшілік жаза шаралары жеңілдетілді, 91 азамат босатылды. Бұл өте маңызды, өйткені ең бастысы – халықтың әділеттілік пен заңдылыққа деген сенімі. Біз Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктеріне, Бас прокуратураға барлық қабылданған шара туралы БАҚ-та толыққанды хабарлау туралы өтініш білдірдік. Барлық азаматтың ақпаратқа қол жеткізу құқығын барынша қамтамасыз ету өте маңызды. Бірінші кезекте қылмыстық немесе әкімшілік сот төрелігіне іліккен адамдар туралы сөз болып отыр. Шетел азаматтары үшін де осындай ақпарат қажет. Сондықтан шетел азаматтарын ұстау туралы шетелдік дипломатиялық өкілдіктерге дереу хабарлау керек», деді Э.Әзімова.
Тәртіпсіздік болған күндері ақпарат жүйесінің зақымдалуына байланысты, Алматы мен елордада ұсталған азаматтардың көпшілігінің жеке басын анықтауда уақытша қиындық туындаған. Сондықтан көбінің туыстары олардың ұсталғаны туралы ақпаратты кеш алды. Мұндай жағдай медициналық мекемелерде де көптеп тіркелген.
Брифингте Э.Әзімова сондай-ақ тәртіпсіздіктер басталған алғашқы күндерден бастап ТЖ режімі енгізілгенге дейін ішкі істер органдары тек өлімге әкелмейтін қару-жарақтар қолданғанын атап өтті. «Бұл туралы ІІМ және Бас прокуратура бірнеше рет брифингте айтты. Қазіргі уақытта тәртіпсіздіктер кезінде ұстауға байланысты азаматтардың шағымдарына жедел ден қою үшін министрдің нұсқауы бойынша Ішкі істер министрлігі барлық аумақтық бөлімшелерінде және орталық аппаратта халықпен үздіксіз жұмыс істейтін мониторингтік топтар құрылды. Осыған орай, ІІМ-нің 102 қызметтері мен ведомстволық сайттарында қайғылы оқиғалардың фотосуреті мен бейнематериалдары анонимдік түрде қабылданады», деді спикер.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл елдегі бейбітшілік пен тыныштық, тәртіп пен заңдылық заң шығарушы және атқарушы билікке ғана емес, Қазақстанның әрбір азаматына да байланысты екеніне баса назар аударды. «Бұл азаматтық жауапкершілік. Болған оқиға әрқайсымыз үшін сабақ болуға тиіс», деді ол.
«Террористер, тонаушылар мен бейбіт митингке қатысқандар анықталуы керек. Өкінішке қарай, біз уақытша ұстау изоляторларына барып, тұтқындалғандармен сұхбаттасқанда, олар өз азаматтық жауапкершілігін толық сезінбегенін, Қазақстан халқынан кешірім сұрауға дайын екендіктерін айтты. Көбі ұрлық үшін ұсталған. Осы себепті оларға назар аудару керек. Бұл Бас прокуратура мен жергілікті аумақтық прокуратуралардың міндеті», деген Адам құқықтары жөніндегі уәкіл азаматтық қоғам өкілдерімен бірге ұсталғандар орналасқан мекемелерге баруды жалғастыратынын да хабарлады. Бірнеше күннің ішінде олар 11 өңірдегі осындай 34 мекемеде болған.