Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық бейбітшілік институтының президенті Терье Род-Ларсенмен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Белгілі норвег дипломаты, БҰҰ Бас хатшысының бұрынғы орынбасары және Таяу Шығыстағы бейбіт реттеу жөніндегі БҰҰ-ның Арнаулы үйлестірушісі Т.Род-Ларсен өзі басқарып отырған Халықаралық бейбітшілік институтының сараптамалық қызметі мен жобалары туралы баяндап берді.
Жүздесушілер қазіргі замандағы халықаралық қатынастар, қауіпсіздік және халықаралық құқықтың өзекті мәселелері, сондай-ақ, құбылмалы әлемдегі Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлі туралы пікір алмасты.
Сол күні Қ.Тоқаев Жапонияның Қазақстандағы елшісі Масаеси Камохараны да қабылдады. Парламентаралық байланыстардың келешегі мен екіжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың мәселелері талқыланды. Қ.Тоқаевтың пікірінше, Жапония Премьер-министрі Шиндзо Абэнің Қазақстанға жоспарланып отырған сапары Қазақстан мен Жапония қатынастарындағы маңызды оқиға ретінде өзара тиімділікке қуатты серпін беретін болады.