Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында жариялаған мәлімдемесінде утилизациялық алым мәселесін сынға алып, ӨКМ операторының тиісті қаражаттарды басқару шеңберіндегі қызметін тоқтатуды тапсырған еді. Осыған байланысты Үкімет 2022 жылдың 18 қаңтарында арнайы Қаулы қабылдап, өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін әкімшілендіру функциясын мемлекеттік ұйым – «Жасыл даму» АҚ-ға тапсырды.
«ӨКМ операторы» деп аталатын компанияның қызметі кәсіпкерлер тарапынан ғана емес, тұтастай қоғам тарапынан үлкен дау туғызғаны белгілі. Әсіресе кәдеге жарату алымының мөлшері көптің көкейінде жүрген түйткілді мәселе еді. Оның соңы қоғамдық қозғалыстардың пайда болуына да әкелді. Осы жайттан хабардар Президент: «Үкіметке утилизациялық алымды тоқтатуды және оған «ӨКМ операторы» ЖШС-ның иелік етуіне қатысты шара қолдануды тапсырамын. Бұл іспен шетелдердегі сияқты мемлекеттік ұйым айналысуға тиіс. Ал алымдардың өздеріне келсек, олардың мөлшерлемесін қайта қарау қажет. Бұл мәселе бизнес және қоғам өкілдерімен конструктивті түрде талқылануы керек. Утильалым есебінен отандық автомобиль және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алушыларға ваучерлер беру мәселесі қарастырылсын», деген еді.
Осыдан көп ұзамай Үкімет «ӨКМ операторына» қатысты қаулы қабылдады. Мұны Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында 2022 жылғы 18 қаңтарда Қазақстан Республикасының Үкіметі «Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының кейбір мәселелері туралы» Қаулы қабылдады. Құжатқа сәйкес «Жасыл даму» АҚ мемлекеттік ұйымы өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып айқындалды. «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің утилизациялық алымды әкімшілендіру және тиісті қаражаттарды басқару шеңберіндегі қызметі тоқтатылды. Утилизациялық алым қаражаты есебінен құрылған активтер мемлекет меншігіне берілді. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін әкімшілендіру функцияларын мемлекеттік ұйым – «Жасыл даму» АҚ орындайтын болды» делінген Үкімет баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бүгінге дейін халықты шулатып, қалтасын қағып келген «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің қызметіне келсек, еліміздің автокөлік нарығында пайда болған бұл алым әп-сәтте шетелден машина сатып әкелушілерді тығырыққа тіреді. Шамасы, халықтың «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дейтін сөзі осындай оқиғаларға арналып айтылса керек. «ӨКМ» «өктемдігіне» тап болғандардың бірі – Рауан атты азамат.
«Біз Армениядан көлік әкелген кезде «ӨКМ Операторы» құрыла қалды. Әрине, сапарға шықпас бұрын бәрін зерделеп алдық. Ең алдымен, шетелден машина сатып әкелуге қатысты Қазақстанның заңдарын тексердік. Бұған қоса, Қазақстанның әкімшілік тәжірибесі полициясының бастығы, полковник Тұяқбаевтың, Еуразиялық экономикалық комиссиядағы еліміздің өкілі – комиссия министрі Серік Жұманғариннің сөйлеген сөздерін мұқият тыңдадық. Олар «ӨКМ Операторының» қызметі туралы, кәдеге жарату алымы туралы бір ауыз сөз айтқан жоқ. Керісінше, «Жеңіл көлік сатып әкелуге ешқандай кедергі жоқ» деп мәлімдеді. Біз осыдан кейін өзімізге нық сенімді болып, Арменияға көлік әкелуге аттандық, яғни біздің тараптан ешқандай заң бұзушылық болған жоқ. Бірақ «ӨКІМ Операторы» ЖШС деген аяқ астынан шыға келді де, жоспарымызды күрт өзгертіп жіберді. Бізден көп қаржы төлеуді талап етті. Олардың есебі бойынша мен сырттан әкелген жеңіл көлігім үшін 3 млн 48 мың теңге төлеуге тиіс болдым. Бұл сұмдық қой», дейді Рауан.
Шынын айтқанда, мұндай қомақты алым Қазақстаннан әлдеқайда бай, айына 8-10 мың доллар айлық алатын өркениетті елдердің өзінде жоқ екен. Мәселен, Еуропа елдерінде сол кездегі утильалымның бағасы ары кеткенде 100 еуро еді. Ал Канадада ескі машина тапсырғаныңыз үшін 500-800 доллар аралығында ақша береді.
Елімізде Рауан сияқты опық жеп қалған азаматтар қаншама?! «ӨКМ операторының» қызметіне мыңдаған адамдардың ашынғаны анық. Оның соңы қоғамдық қозғалыстарға ұласты. Қаңтардағы ереуілге шыққандардың арасында осы утилизациялық алым мәселесін көтергендер де бар. Осындай оқиғалардың ақыры елімізде орын алған жаппай митингілерге ұласып, оны бүлікшілер пайдаланып кетпек те болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тегеурінді әрекеттерінің арқасында еліміз бұл сыннан аман өтті.
Иә, «ӨКМ операторы» ЖШС қызметінен туындаған еліміздегі утильалым бағасы Батыстың бай елдеріндегі бағадан 25 есе көп болғанын сарапшылар да айтып отыр. Міне, осындай ешбір елде жоқ жосықсыз баға негізінде «ӨКМ операторы» ЖШС жұмысын жүргізген бес жыл ішінде халықтан 650 млрд теңге түсіріп үлгерген. Бұл қазіргі бағаммен алғанда 1,5 млрд долларға тең қаржы. Енді Үкіметтің жоғарыдағы қаулысына сәйкес қаржы мемлекет қазынасына түседі. Яғни жеке қалталарға кетпейді. Бұдан былайғы кезеңдерде алынатын утильалымның пайдалану тиімділігі әлдеқайда жақсарып, оның бюджет үшін көмегі көп болады және экологиялық жағдайды жақсарту ісіне қызмет етеді деген сенімдеміз. Өйткені Үкімет бұл іске операторлық етуді «Жасыл даму» АҚ мемлекеттік ұйымына бекер тапсырып отырған жоқ.
Сондай-ақ утильалымның көлемі де қайта қаралмақ. Президент бұл мәселе бизнес және қоғам өкілдерімен конструктивті түрде талқылануы қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар «Утильалым есебінен отандық автомобиль және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алушыларға ваучерлер беру мәселесі қарастырылсын» деп Үкіметке нақты тапсырма да берді.
Утильалым көлеміне қатысты талқылаулар қазірдің өзінде қоғамда қызу жүріп жатыр. Сарапшы Нұраддин Садықовтың айтуынша, Президент бірден екі мәселені қатар шешті. «Бірінші, утильалымды жеке компаниядан алып, мемлекеттік компанияға берді. Бұл – өте қуанарлық және құптарлық іс. Екінші мәселе, утилизациялық алымның ставкаларын қайта қарау керек деді. Мәселен, бұл сома Бельгияда 84-208 еуро айналасында болса, Норвегияда – 45 еуро, Жапонияда 80 долларды құрайды. Сол сияқты бізде де 80-100 доллардың айналасында болу керек. Сонымен қатар жүк көліктеріне және ауыл шаруашылығы техникаларына қатысты утильалымды да алып тастау керек. Сонда бұл жергілікті автопарктің жаңаруына алып келеді. Әрі жүк тасымалындағы логистиканы кеш болмай тұрған кезде өз қолымызға алып алуға мүмкіндік бермек. Мәселен, 2020 жылдан бастап елімізде жүк көліктеріне арналған утильалым енгізілді. Негізінен, бұл алым сол салада өндіріс болған жағдайда ғана енгізіледі. Бізде ешқандай жүк көлігі құрастырылмайды. Бірақ ауадан ақша жасап, утильалым алынып келді. Соның кесірінен елімізде жүк көліктерінің паркі ескіріп кетті. Сол себепті де біз оны қайтадан жаңартпасақ, бұл мәселе азық-түлік қауіпсіздігі деген өте үлкен проблемаға тірелмек» дейді сарапшы.
Сонымен қатар Нұраддин Садықов утильалым туралы айтқан кезде оған балама ретінде жүретін «бастапқы тіркеу» дегенді де ұмытпау керегін айтады. Өйткені оның мөлшері де өте жоғары. Егер қайта қарап, оның да көлемін 100-200 долларға түсірер болса, бұл халыққа арналған көліктердің бағасының арзандауына ғана емес, орта және шағын бизнестің де дамуына, азық-түлік бағасының арзандауына, агросекторға тың серпін бермек.