18 қаңтар күні мұнай бағасы 2014 жылдан бері алғаш рет барреліне 88 доллардан асып түсті. Сарапшылардың айтуынша, Таяу Шығыстағы шиеленіскен ахуал «қара алтынның» күрт қымбаттауына себеп болған. 19 қаңтарда баға 89 доллар межесін бағындырды. Осылайша, теңгенің де нығая түсіп, Қазақстан қор биржасында 1 доллардың 434,07 теңгеге сатылуына жол ашты. Мамандар бұл қымбаттаудың әлі басы ғана деп отыр.
Bloomberg-тің жазуынша, йемендік хуситтердің ОПЕК өндірушілерінің ірі үштігіне кіретін Біріккен Араб Әмірліктеріне шабуыл жасауы мұнай бағасының көтерілуіне әсер етті. «Нарықтағы көңіл күйді позитивті деп бағалауға болады, ал БАӘ-ге жасалған шабуыл бағаны тағы да көтеріп жіберді» дейді ING сарапшысы Уоррен Паттерсон. Себебі мұндай тосын оқиғалар кезінде трейдерлер мұнай жеткізу кезінде іркіліс бола ма деп қорқады. Егер төтенше жағдайдың өндіріске кесірін тигізбейтіні анықталса, онда баға төмендей бастайды. Ал егер ахуалдың ұзақ мерзімді зардабы болса, онда баға шарықтай түседі.
2022 жылдың 17 қаңтарында хуситтер Абу-Дабидегі Ұлттық мұнай компаниясының нысандары мен халықаралық әуежай маңындағы құрылыс алаңына ұшқышсыз ұшақ және баллистикалық зымырандармен шабуыл жасап, салдарынан 3 адам қаза тауып, алтауы жарақат алды. «Әл-Жазира» телеарнасының хабарлауынша, хуситтер қарулы күштерінің қолбасшысы Махди әл-Машат «егер Әмірліктер агрессия танытар болса, онда олардың экономикасы мен инвестициясына бұдан да зор қатер төндіреміз» деп мәлімдепті.
Йемендегі ахуал 2014 жылдан бері шиеленісіп тұр. Сол жылы үкіметтік күштер мен хуситтер арасында қарулы қақтығыс басталды. 2015 жылдан бастап Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы үкіметке көмектесіп келеді. Соңғы уақытта БАӘ әскери операцияларға қатысуын аяқтағанын мәлімдегенімен, Йемен порттарында құрған әскери базаларын алып кеткен жоқ. Соңғы бірнеше аптада БАӘ үкімет тарапында бірнеше провинцияда хуситтерге қарсы соғысты. Соның нәтижесінде Шебва провинциясының оңтүстік-шығыс ауданын үкімет бақылауына қайтарды. Хуситтердің Әмірліктерге ызалану себебі осында жатыр. Олар бұған дейін 2019 жылы Сауд Арабиясының мұнай өңдеу зауыттарына шабуылдап, соның салдарынан өндіріс көлемі 2 есе құлдыраған еді.
CMC Markets сарапшысы Эш Гловер биыл мұнайға деген сұраныс ұсыныстан асып түседі дейді.
«Өйткені әлем екі жылдық оқшауланудан шығып, енді ғана қалыпты сұраныс траекториясына оралып жатыр. Желтоқсанда ОПЕК+ елдері мұнай өндірісі өсімін қаңтарда тәулігіне 400 мың баррельге жеткізуге келісті. Алайда кейбір ірі өндірушілер инвестицияның жетпеуінен өндіріс қуаттылығының тапшылығын сезініп отыр және рұқсат етілген квота көлемінде мұнай өндірісін ұлғайта алмайды. Егер қазіргі геосаяси қысым сақталса және ОПЕК+ мүшелері тәулігіне 400 мың баррель мұнай өндіре алмаса, онда баға барреліне 100 долларға дейін көтеріліп кетуі мүмкін» деп болжайды Гловер.
Goldman Sachs Group Inc сарапшылары да мұнай бағасы 100 долларға жетеді дегенге сенеді. Нарық бұл межеге 2022 жылдың үшінші тоқсанында жетуі бек мүмкін. Әлбетте, мұнай бағасының қымбаттауы біз үшін позитивті жаңалық болып саналады. FINANCEkaz телеграм каналының жазуынша, «қара алтын» құнының 88 доллардан асуы теңгені сергек ұстауға себеп болады.
«Альпари» компаниясының аға талдаушысы Анна Бодрованың айтуынша, теңге – шикізаттық валюта, сондықтан оның мұнай нарығындағы өзгеріске елең етпеуі мүмкін емес.
«Баға неліктен бұлай күрт өсті? Біріншіден, инвесторлар энергия тасымалдаушыларға тұрақты сұраныстың боларына сенімді. Reuters атап өткендей, айдың басында хедж-қорлар мен басқарушы компаниялар мұнай бойынша ұзақ позициялар көлемін белсенді түрде кеңейтті, өйткені энергия тасымалдау кезінде физикалық тапшылықты көрді. Екіншіден, қара алтындағы техникалық сигналдар бір мәнді және сатып алудың әрі қарай жалғасатынын көрсетеді. Соңғы тәулікте америкалық доллар әлемдік валюта нарығындағы позициясын қалпына келтіріп, салыстырмалы тепе-теңдікті ұстады. Бұл теңге үшін нейтралды жаңалық. Жақын арада доллар 433-435 теңге дәлізінде қозғалуы мүмкін» дейді сарапшы.