• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қаңтар, 2022

Тұрғын үйді басқарудың тиімді жүйесі

644 рет
көрсетілді

«Тұрғын үй шаруашылығы туралы» жаңа заңға сәйкес биыл 1 шілдеден бастап үй иелері кооперативтері (ҮИК) мен үй иелерінің тұтынушылар кооперативтері (ҮИТК) жұмысын тоқтатып, олардың орнына мүліктік меншік иелерінің бірлестігі (МИБ) және жай серіктестік (ЖС) деп аталатын тұрғын үйді басқарудың жаңа жүйесі құрылады. Яғни бұған дейін үйдің күтіміне ай сайын азын-аулақ ақша төлеп, бірақ бұл қаржының қайда кеткенін білмей қалатын тұрғындар енді өзі төлеген ақшаның әр тиынына дейін не мақсатқа жұмсалып жатқанын көріп-біліп отырады.

Қостанайда 68 МИБ құрылды

Қостанайда ұзын ырғасы 1200-ден астам көп қабатты тұр­ғын үй бар. Демек жазға дейін осыншама МИБ құрылады. Алай­да қалада қазірдің өзінде 68 тұрғын үй мүліктік меншік иеле­рінің бірлестігін құрып алды. Бұл МИБ-тардың біразы құ­рыла салысымен инженерлік желі­лерін толық жаңартып алса, «Дос­тық-56» және «Наурыз-7» сияқты кейбір меншік иелері, тіпті, үйдің шатырын жөндеуге жететін ақша жинап қойып, қыс­тың аяқталуын күтіп құлшынып отыр.

Қысқасын айтқанда, жаңа құрылып жатқан бірлестіктер өзі­не дейін жұмыс істеп келген ҮИТК-лер ондаған жылдар бойы бітіре алмай созбаққа салып келген шаруаның біразын ай­на­ласы бір-екі айдың ішінде-ақ тындырып тастап жатыр. Мы­­салы, былтыр 20 жел­тоқ­сан­­да Нұр­сұлтан Назарбаев көше­­сін­дегі 80 пәтерлі №139 үйдің тұр­­ғын­дары да мүліктік мен­шік ие­­лерінің бірлестігі болып бірік­кен. Тұрғындар содан бергі бір айдың ақшасына әбден тозы­ғы жетіп, шіріп бітуге шақ қал­ған үй жертөлесіндегі кәріз жә­не су құбырларының кем-кеті­гін жаңалап алды. Бірлестік төрайымы Евгения Моисеен­коның айтуынша, тұрғындардан түс­кен ақша түгелдей пластик құбыр­лар мен оларды қосып жалғай­тын буындарды сатып алуға кеткен. Ал жалдамалы сантехниктер қарызға жұмыс істеуге келісіпті.

– Бірлестікті ұйымдастыру­дың алғашқы кезеңі қиынға соқ­ты. Тіпті бастапқыда қорықтым да. Алайда ҮИТК-ден қайран жоқ, коо­ператив тек ақша жинау­ды ғана біледі. Ал үйіміз то­зып барады. Әкімдікке хабарла­сып едік, ондағылар алда болатын үлкен өзгерістер туралы түсіндіріп, жеке бірлестік бо­лып шығуымызды, оған құқық­тық тұрғыдан барынша қол­дау көрсететіндіктерін айтты. Біраз ойланып, ақыры кірісіп кет­тім. Әр пәтердің есігін қағып, тұр­ғын­­дармен әңгімелесіп, түсін­діру жұмыстарын жүргізуге ту­ра келді, – деді МИБ төрайымы.

Оның айтуынша, бастапқы­да сенбей, кү­дік­пен қараған­дар да болыпты. Бір­лестік құ­рыл­ған соң бұрын құмға сіңген су сияқты қайда кетіп жат­қаны белгісіз ақша енді нақты мақ­сатқа жұмсалып, жұмыс істей бастаған.

– Ортақ чат арқылы тұр­ғындарға осы ай­да жиналған 80 мың теңгенің қан­дай шаруаға жұмсалғанын баян­дап, есеп бердім, – деп жалғады сөзін Е.Моисеенко. – Осыдан ке­йін тұрғындар, бұрынғыдай емес, өзіміз тұрып жатқан үйдің күті­міне өзіміз ғана жауапты екені­мізді түсіне бастады. Таяуда ғана бәріміз бірлесіп, қар күреп, ауланы қардан ашып, есіктің алды мен көлік тұрақтарын тазартып тас­тадық. Өйткені қазірше аула таза­лайтын адам жалдауға ша­ма­­мыз келмейді. Қазір тұрғын­дар­дың жауапкершілігі оянып, ақ­ша­ларын уақтылы аударып, үй күті­міне белсене атсалыса бастады. Ең бастысы, әр отбасы өздері тұ­рып жатқан үйдің жыртығын сырт­тан келіп ешкім жамап бер­мей­тінін түсінді.

Егер МИБ-тар тиімді жұмыс істей бастаса, тұрғын үй шаруа­шылығы саласында қордаланып қалған біраз күрмеулі мәселелер де біртіндеп шешіле бастайтын сы­ңайлы. Бастысы, тұрғын­дар­дың ортақ мүлікке жаны ашитын болады.

– Бұған дейін тұрғындардың көбі өздері тұрып жатқан көп қа­батты үйдің шатыры, кіреберіс дәлізі, сыртқы есігі, жертөлесі үкі­мет­тікі, сондықтан оның кү­ті­міне әкімдік жауапты деп ойлап келді. Ал ҮИТК-ні әкімдіктің бір бөлімшесі деп түсінді. Сон­дық­тан үй астындағы су құбыры жа­рылса, қар күрелмей қалса неме­се лифт істемей қалса, бүкіл елді дүрліктіріп, әкімдікті қара­лайтын. Енді МИБ-тер құры­ла бастағалы жұрттың көбі мұ­ның жөнсіз екенін, ортақ мүлік­­тің иесі әкімдік емес, өздері еке­нін тү­сі­не бастады, – деді қала­лық тұр­­мыс­тық-коммуналдық шаруа­­шылық бөлімінің маманы Сайлау Асылбаев.

Кооперативтер сотқа тартылып жатыр

Жоғарыда аталған «Восход» кооперативі жалпы саны 60 үйге қызмет көрсетеді екен. 60 үйден кооперативтің есепшотына ай сайын қомақты қаржы түсіп отырады. Бірақ кооператив өз міндетін дұрыс атқармаған. Оған қарайтын тұрғын үйлердің ж­ағ­дайы мүшкіл. Мәселен, Ев­гения Моисеенко «Восход» ҮИТК-сінің төрайымынан №139 үй­дің тұр­ғындарынан жиналған ақша­ның қайда жұмсалғаны туралы есеп беруін талап етіпті. Алайда тұщымды жауап ала алмаған.

– Ақшаның көбі әкімшілік мақ­сатта сантехниктің, аула та­за­лау­шының, өзінің жалақысына жұмсалды деп отыр. ҮИТК-нің жеке компьютері, дәнекерлегіш құ­ралы, автокөлігі, тағы да толып жатқан құрал-саймандары бар. Осының бәрі тұрғындардың ақ­ша­сына сатылып алынған дү­ние. Енді ҮИТК тарқаған соң, тұр­ғын үйлерге сантехникалық, бас­қа да жөндеу жұмыстарын жүр­­гізетін мекеме болып қайта тір­­келеді де, жаңа құрылған бір­лес­­тіктермен шартқа отырып, жұ­­мысын жалғастыра бере­ді. Ал ха­лықтың қаржысына алын­ған дү­ниені басы бүтін мен­шік­теп ала­ды. Сонда желге ұш­қан ақша­сын кім жоқтайды? Олар біздің үй­дің шіріп бітуге айнал­ған инф­ра­құрылымын жөндемек тұрмақ, кіреберіс дә­ліз­дердің өзін уақтылы әктеп, сырлап қою­ды білмейді. Сон­дықтан біз өт­кен жылдың соң­ғы айларында тұр­­­ғын­дардан жинал­ған ақ­шаны қайта есеп­теп, сот арқылы өнді­ріп ал­мақпыз, – деді Евгения Николаевна.

Қалалық тұрмыстық-ком­му­нал­дық шаруашылық бөлімі­нің маманы Сайлау Асылбаевтың айтуынша, заң бойынша ҮИТК өзінің орнына құрылған жаңа бірлестікке бүкіл құжаттарды өткізіп беріп, соңғы үш жылдың қаржысы қандай мақсатқа жұмсалғаны туралы есеп беруі керек. Бұлай болмаған жағдайда МИБ заңды тұлға ретінде сотқа шағымдануға тиіс.

– Өкінішке қарай, «Тұрғын үй шаруашылығы туралы» жаңа заң күшіне енген соң, мұндай сот даулары көбейіп кетті. Жаңа ғана сотта МИБ-тің мүд­десін қорғап жатқан адвокат келіп, бізден кеңес алды. Тұр­ғын­дар­дың құ­қық­тық сауат­сыз­дығын пай­дала­нып, бұрын­нан майшелпекке үйреніп қалған ҮИТК енді бірнеше жыл бойы жи­нал­ған елдің ақшасын қайда жұмса­ғанын сотта дәлелдеп беруі керек, – дейді маман.

Мұның сыртында, Мемлекет басшысының 1 қаңтардан бастап 180 тәулікке дейін коммуналдық төлемдерді қымбаттатуға ты­йым салғанына қарамастан, «Сал­танат», «КСК Партнер» сияқты бірқатар кооперативтер төлем ба­ғасының 15 пайызға өс­ке­нін мә­лімдеп, өздеріне қарас­­ты тұр­ғы­н үйлердің есік­теріне ха­бар­лама іліп, мұның себебін сан­тех­­никалық, құрылыс мате­риал­да­ры мен апаттық қыз­мет баға­сы­ның өсуімен байла­ныс­тыр­­ды. Бұған наразы бол­ған тұрғын­­дар тұрмыстық-ком­мунал­дық шаруа­шылық бөліміне шағым түсірген.

– Біз бұл жерде тұрғындардың уәжін қолдап отырмыз. Өйткені заң бойынша ҮИТК бағаны өздігінен қымбаттата алмайды. Бұл мәселе тұрғындардың жалпы жиналысында шешілуге тиіс. Ал ҮИТК өкілдері мұндай жиналыс өткізбестен, өздері дербес шешім қабылдап, заңға қайшы келіп отыр. Олар 1 шаршы метр­ге белгіленген 45 теңгенің орнына 54 теңге талап етіп отыр, бұл дұрыс емес, – деді қалалық тұр­мыстық-коммуналдық шаруа­­­шылық бөлімінің маманы Сайлау Асылбаев.

Қалалық сотқа ҮИТК-нің үстінен шағым түсірген аза­мат­тың бірі – Маяковский көше­сіндегі №120 үйдегі 10 пәтерде тұратын зейнеткер Баянғали Бай­молдаев. Шағымды қарап шық­қан сот отырысы істі қария­ның пайдасына шешіп берді.

– Мен тұратын үйге қызмет көрсе­тетін ҮИТК былтырдан бас­тап бір шаршы метрге белгі­ленген төлем көлемін негізсіз 5 теңгеге көтеріп жіберді. Өзім зейнеткермін, әр тиыным санаулы болғандықтан, заң­сыз шығарылған өкімге келі­се қоймадым. Содан кейін олар маза бермей, қайта-қайта есігі­ме қарызыңды қайтар деген қа­ғаз қыстырып кететін бол­ды. Амалсыз сотқа жүгінуіме тура келді. Сот шағымым­ды қанағат­тан­дырып, ҮИТК төрағасы жыл бойы тұрғындардан заңсыз жи­нал­ған 1 млн 128 теңгені қай­та­рып берсін деген үкім шығар­ды. Енді сот берген үкімді орындау қа­ғазын әкімдікке апарып беруім керек, – деді Баянғали Баймолдаев.

Тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары алдағы уақытта мұндай даулар көбейе түспесе, азаймайды дейді. Өйткені жаңа бір­­лес­тіктердің құрылуы тұр­ғын­­дардың құқықтық сауа­тын жетілдіріп, азаматтық белсен­ділігін арттырады.

Қазір Қостанайда жаңа құ­ры­лып жатқан бірлестіктерге көмек көрсететін «МИБ-тарды қолдау орталығы» жұмыс істеп жатыр. Мұның сыртында, ал­дағы уақытта МИБ-тардың басын қосып, оларға құқықтық-ша­руа­шылық қолдау көр­сететін қауымдастық құрылуы мүмкін.

 

ҚОСТАНАЙ