Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен бейнеконференц байланысы арқылы Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Кездесу барысында әлеуметтік әріптестер еңбек қатынастарын реттеу мәселелерін, «Теңізшевройл» ЖШС-ның жұмыстан босатылған жұмысшыларын жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету шараларын талқылады, сондай-ақ Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы қаралды.
Отырыс барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еңбекақы жүйесін заңнамалық деңгейде сапалық жағынан жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныс айтып, еліміздегі 154 635 ұжымдық шарттың тек 25-30 мыңға жуығына кәсіподақтар қол қойғанын еске салды, қалған 129 мың келісімшарттың мазмұны сұрақ тудырады. Ол жұмыс беруші еңбекақыны төлеу бойынша өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда жұмысшының өз жұмысын тоқтата тұру құқығын заңнамалық деңгейде қарастыруды ұсынды.
«Еңбекке ақы алу құқығының конституциялық қамтамасыз етілуіне қарамастан, жалақы бойынша берешек мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес жұмыс беруші жалақыны толық көлемде және белгіленген мерзімдерде төлемеген кезде әкімшілік жауапкершілікке тартылады және жұмыскерге берешек және төлем кідіртілген кезең үшін өсімпұл төлеуге міндетті. Бұл ретте жұмыскерге жұмыс берушіге қандай да бір ықпал ету мүмкіндігінсіз тек уақтылы және толық көлемде жалақысын алу құқығы ғана қамтамасыз етіледі. Осыған байланысты жұмысшыға кешіктірілген сома мен өсімпұлды төлегенге дейін жұмысты тоқтата тұру және бүкіл мерзімге жұмыс орнында болмау құқығын заңмен бекіту ұсынылады. Бұл нормадан ерекшелік ретінде соғыс жағдайы мен төтенше жағдай енгізу, халықтың өмірін қамтамасыз етуді ұйымдастыру және т.б. жағдайларды қарастыру қажет», деп атап өтті ҚРКФ төраға- сы.
Сонымен қатар ол ХЕҰ-ның №173 «Жұмыс берушінің төлем қабілетсіздігі жағдайында еңбеккерлердің талаптарын қорғау туралы» конвенциясын толық көлемде ратификациялауды ұсынды. «Яғни кезектілік басымдығын белгілеу нормасынан ғана емес, сонымен қатар жұмыс берушінің төлем қабілетсіздігі жағдайында қызметкерлерді жалақысын жоғалтудан сақтандыру арқылы да», деп нақтылады.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы жалақыны индекстеу бойынша шаралар кешенін де атап өтті. Кәсіподақтар ең төменгі жалақыны жыл сайынғы міндетті индекстеуді енгізуді, сондай-ақ экономикада жалақыны индекстеу тәртібі мен мерзімдерін реттеуді ұсынып отыр.
«Ең төменгі жалақы 42 500 теңгеге дейін көтерілгеннен кейін және қазір оның 60 мың теңгеге дейін көтерілуімен ең төменгі жалақыны индекстеу мәселесі шешілген жоқ. Сондай-ақ көп жағдайда жалпы экономикада жалақыны индекстеу мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Еңбек кодексінің 157-бабының 2-тармағы 2) тармақшасына сәйкес ұжымдық шартқа жалақыны индекстеу тәртібін енгізу міндетті ереже емес, тек мүмкіндік болып табылады. Осыған байланысты Кәсіподақтар федерациясы ағымдағы күнтізбелік жыл бойынша тұтыну бағасының жылдық индексінің есептік мәні бойынша ең төменгі жалақыны жыл сайынғы индекстеу нормасын қарастыруды ұсынады», деді ҚРКФ төрағасы.
С.Дәулеталин атап өткендей, басшы мен жұмысшы арасындағы табыстың теңсіздігі – өзекті мәселелердің бірі. «Елімізде жалақы көлемінде негізсіз айырмашылық байқалады. Кейбір жағдайларда жұмыс беруші мен жұмысшының табысы 50 және одан да көп есеге ерекшеленеді. Ал бұл айырмашылықты ешбір еңбекке қатысу коэффициентімен және жауапкершілік деңгейімен түсіндіруге болмайды. Әлемдік тәжірибе тұрғысынан мұндай теңсіздіктер еңбек нарығындағы қиыншылықтарды көрсетеді», деді ҚРКФ басшысы.
Бұл әділетсіздікті жою үшін басшы мен қатардағы жұмысшылар жалақысының арақатынасының шекті деңгейін 1 еселік және 10-нан аспайтындай етіп белгілейтін заңнамалық норманы енгізуді ұсынды. ҚРКФ ұсыныстарының бір бөлігі ең төменгі жалақыны, азық-түлік себетінің құнын және ең төменгі күнкөріс деңгейін анықтау жүйесіндегі құқықтық олқылықтарды жоюға бағытталған. С.Дәулеталин бұл көрсеткіштер қазақстандықтардың нақты қажеттіліктеріне сәйкес келмейтінін атап өтті және әлеуметтік әріптестерді тиісті тәсілдерді әзірлеу бойынша шұғыл шаралар қабылдауға, сондай-ақ ХЕҰ-ның №131 «Дамушы елдерді ерекше ескеру арқылы ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» конвенциясын ратификациялауға шақырды.
«Әлемдік тәжірибеде ең төменгі жалақы орташа айлық жалақының 50% деңгейінде болуы керек деп қабылданған, бұл өз кезегінде Қазақстанды қарастырғанда, шамамен 125 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ бірқатар елдерде ең төменгі жалақыны анықтау үшін «ең төменгі тұтыну бюджеті» деп аталатын – ең төменгі күнкөріс деңгейімен салыстырғанда жоғары деңгейдегі игіліктер мен қызметтерді бағалауды сипаттайтын есептік шама қолданылады», деді ҚРКФ төрағасы.
Сондай-ақ кәсіподақтар еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін қызметкердің соңғы он екі айдағы орташа жалақысының жүз пайызы деңгейінде белгілеу арқылы қайта қарауды ұсынады. Жұмысшылардың еңбегіне ақы төлеудің тең жағдайын жасау тұрғысынан салалық арттырушы коэффициенттерді белгілеу және қолдану мәселелеріне ерекше назар аударды. Қолданыстағы заңнамада жұмысшылардың кәсіпорынды басқаруға қатысу мәселелері реттелмеген. Жұмыс берушінің шешімдері көбіне олардың пікірін ескерусіз қабылданады, көбінесе жұмысшылар мен жұмыс беруші арасында коммуникациялық вакуум пайда болады. Бұл жағдай екі жақтың ұстанымдарының сәйкес келмеуіне алып келеді, яғни жаппай ереуілдер мен қоғамды тұрақсыздандыру сияқты жағымсыз салдарлар орын алуы мүмкін.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы өз сөзін қорытындылай келе, Мемлекет басшысының бастамаларын, оның ішінде халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді қолдайтынын жеткізді.
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов РҮК мүшелеріне Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын ескере отырып, Кәсіподақтар федерациясының ұсыныстарын бірлесе қарастыруды және азаматтарды әлеуметтік-экономикалық қолдаудың тиімді механизмін әзірлеуді тапсырды.