Дәл қазір елде болған төтенше жағдайдан зардап шеккен барша азаматқа айрықша қолдау аса қажет. Мемлекеттік органдардың да тізе қоса қимылдап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарар кезі – осы сәт. Дүрбелең кезінде қаншама кәсіпкер мен қарапайым азаматтың кәсібі мен жұмысы тоқтап, табыстарынан айырылды. Бүлік салдарынан шағын бизнестің тауарлары мен нысандары бүлінді. Енді олардың етек-жеңіп жинап, қалыпқа келуіне әуелі ақша, сосын уақыт қажет. Өз кезегінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы оқиғадан зардап шеккендерге кең көлемді қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Елдегі қаржы ұйымдарының екі тізгін, бір шылбырын қолға ұстаған агенттік екінші деңгейлі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен келісе отырып, кредит мен микрокредиттің барлық түрі бойынша төлемдерді кейінге қалдырудың бірыңғай тәртібін қабылдады. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьевтің айтуынша, кейінге қалдыру мүмкіндігін барлық зардап шеккен заңды және жеке тұлғалар төтенше жағдай енгізілген күннен бастап 3 ай ішінде пайдалана алады.
– Қарыздар мен микрокредиттер бойынша кейінге қалдыру кезеңінде барлық банк пен МҚҰ тұрақсыздық айыбы, айыппұл мен өсімпұлдар есептемейді, сондай-ақ мерзімі өткен пайыздық сыйақыны капиталдандыруға жол берілмейді. Бұдан басқа, кредиттерді өтеу мерзімін өткізіп алуға жол берілген және мерзімін кейінге қалдыру қарыз алушының кредиттік тарихын нашарлатуға және ол туралы кредиттік бюроға теріс ақпарат беруге негіз емес. Кейінге қалдыруды алу үшін қарыз алушы кез келген қолжетімді байланыс тәсілімен немесе кредитордың бөлімшесіне өзі бару арқылы еркін нысанда өтініш жазуы қажет. Бұл – 2020-2021 жылдары пандемия кезеңінде берілген кейінге қалдыру үшін қолданылған өте қолайлы тәртіп. Осы кезеңде 2 млн-нан астам азаматтың немесе қарыз алушы жеке тұлғалардың 33,8%-ы кейінге қалдырылған төлемдер бойынша 270 млрд теңгеден астам соманы төлеуді кейінге қалдырды. Барлық зардап шеккен қарыз алушыларға кредиторға жүгінуге жеткілікті уақыт берілді – өтініш 3 ай ішінде, яғни 2022 жылдың 5 сәуіріне дейін берілуі мүмкін. Бұл ретте, өтініш берілген күнге қарамастан, кредит бойынша кейінге қалдыру төтенше жағдай енгізілген күннен бастап ұсынылатын болады, – деді А.Терентьев.
Оның айтуынша, жаппай тәртіпсіздіктен зардап шеккен бизнесті аяғынан қайта тұрғызуға ұзақ уақыт кетеді. Сондықтан несие беруші мен қарыз алушының келісімі бойынша төлемдерді кейінге қалдырудың 3 айдан артық мерзімі белгіленуі мүмкін. Ал төлемдерді кейінге қалдыру мерзімі біткен соң, несиені бәрібір өтеуге тура келеді. Бұл орайда агенттік төлемді өтеудің екі нұсқасын ұсынады.
«Кредитті өтеу мерзімінің соңына дейін бұрын кейінге қалдырылған төлемдерді біркелкі бөлу түрінде немесе кредит бойынша ағымдағы төлемдердің мөлшерін сақтау үшін қарыз мерзімін ұлғайту. Кредиттік ұйымның қарыз алушымен келісімі бойынша өзге кесте белгіленуі мүмкін. Несиені кейінге қалдыруға байланысты несие алушылардың құқықтарын қорғау бойынша 2 маңызды шарт қарастырылған: кредиттік ұйымдар қарыз алушылардан кредит бойынша кейінге қалдырылған операциялар, өтініштер бойынша ешқандай комиссия мен өзге төлемдер алмайды. Қарыз алушылардың талап ету жұмыстарын, оның ішінде мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттігі туралы хабарламалар жібермейді», деп атап өтті спикер.
Айтылып отырған талаптар мен мүмкіндіктердің іске асырылуын агенттік өзі қадағалайды. Егер кредитор негізсіз бас тартқан жағдайда, қарыз алушылар агенттікке жүгінуге құқылы. Әрбір өтініш бойынша қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін дереу қадағалау ден қою шаралары қабылданады. Ведомствоның call-орталығына жұмыс күндері сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін, +7(7272) 371 000 нөмірі бойынша хабарласуға болады.
Сондай-ақ қазіргідей қиын-қыстау шақта көпшілік сақтандыру компанияларынан жәрдем күткен. Алайда ол үміттері ақталмаған сыңайлы. Өйткені компаниялар елде болған ахуалды саяси процесс нәтижесінде туындаған оқиға деп бағалап, көмек қолын созудан бас тартқан. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Ернар Оразбаев сақтандыру компанияларының да агенттік қарауына кіретінін, сондықтан олар көмектен бас тартса, азаматтардың компания үстінен агенттікке шағымдануға құқығы бар екенін айтады.
«Орталық кеңсе Алматыда орналасқан, өңірлік өкілдер басқармасы әр облыс орталықтарында бар. Біз өтінішті қарап, қажет болса құжаттамалық тексеру жүргізіп, кейіннен қорытынды жауабын шағым берушіге жауап ретінде ұсынамыз», дейді Е.Оразбаев.
Көпті алаңдатқан тағы бір сауал – өртенген автомобильдер мәселесі. Бір Алматының өзінде жүздеген көлік отқа оранды. Олардың басым бөлігі несиеге ресімделген көліктер. А.Терентьевтің айтуынша, барлық көлік сақтандырылған, сондықтан бұл мәселені де агенттік өзі қадағалайды. Тиісті төлем жасалмаған жағдайда сақтандырылған тұлға сақтандыру омбудсменіне, сондай-ақ агенттікке жүгіне алады деп атап өтті ол.
Арнайы брифинг барысында ақшаны елден шығару мәселесі де ұмытылмады. 11 қаңтарда Мәжілісте сөйлеген сөзінде Президент осы түйткілге айрықша тоқталып, елден ақшаның заңсыз шығарылмауын тапсырған еді.
– Президенттің капиталды елден заңсыз шығаруды бақылау және жолын кесу жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Ұлттық банктің, Қаржылық реттеу агенттігінің, Қаржылық мониторинг агенттігінің халықа ралық төлемдер мен ақша аударымдарының орындалуын бақылауды күшейту туралы бірлескен бұйрығы қабылданды. Осы тетік аясында біз әр операцияда күмәнді белгілердің болуын қараймыз. Бүгінгі таңда банк салымшылары үшін тәуекелдер жоқ және банк клиенттерінің барлық қаражаты толық сақталғанына назар аударғым келеді. «Банк құпиясы туралы» заңды ескере отырып, бұл жұмыс толық көлемде жүргізілгеннен кейін толық ақпарат ұсынылады, – деді А.Терентьев.
Сондай-ақ агенттік өкілі құқық қорғау органдарының әр жағдайды жеке қарайтынын, тәртіпсіздікке қатысы болған азаматтарға ешқандай қолдау жасалмайтынын да баса айтты.
«Несиені кешіру немесе қосымша көмек көрсету бойынша барлық мәселе жеке-жеке жүзеге асырылады. Егер адам белсенді қатысып, құқық қорғау органдарымен және сотпен бұл тәртіпсіздіктерге кінәлі деп табылса, онда оған қолдау шаралары көрсетілмейді. Біз әскери қызметшілер мен ІІМ қызметкерлерінің тізімін пысықтадық, олар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Қазіргі уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен заңсыз іс-әрекеттерге қатыспаған азаматтық тұлғалар бойынша тізімдерді пысықтап жатырмыз. Олар бойынша әскери қызметшілер мен ішкі істер қызметкерлері үшін көзделген іс-шаралар жүргізіледі», деді ведомство өкілі.