• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Қаңтар, 2022

Басты мақсат – конституциялық құқықтарды сақтау

126 рет
көрсетілді

Бас прокуратура мен ІІМ-нің лауазымды өкілдері қаңтар оқиғасы кезінде жасалған қылмыстар және оларды тергеу барысы туралы ресми мәлімдеме жасады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында жаппай тәртіпсіздік пен лаңкестік оқиғалардан кейін ұсталған азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және тіркелген қылмыстардың мән-жайларын анықтау жұмыстары жайлы мағлұмат берілді.

Қазіргі таңда қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық істерді ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік, экономикалық тергеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары тергеуде. Ал «Қасіретті қаңтар» кезінде жасалған қылмыстардың 70 пайызына жуығы сауда орындарында жасалған ұрлық туралы істер. Мәселен, сол күндері 7 аңшылық дүкенге шабуыл жасалып, 1 564 азаматтық қару ұрланған. Бұл жайында брифингте ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов мәлімдеді.

Тіркелген қылмыстардың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 1 356 іс жаппай тәртіпсіздіктен басталған хаос кезінде Алматыдағы сауда орындарында жасалған ұрлыққа қатысты. «Бұдан бөлек, 127 қылмыстық іс атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау фактілері, тағы 30 іс оларды ұрлау дерегі бо­йынша тергелуде. Сонымен қатар 63 қылмыстық іс мүлікті қасақана бүлдіру және жою, 12 – автокөлікті айдап кету, 24 – қарақшылық және тонау, 23 – құқық қорғау органдары қызметкерлеріне күш қолдану және олардың өміріне қол сұғу фактілері бойынша тіркелді. Ұрлық пен тонау жасағаны үшін 274 адам уақытша ұстау абақтысына қамалды», деп мәлімдеді С.Әділов. Спикер сондай-ақ ұсталғандардың кінәсі ұрланған тауарлар мен қару түріндегі алынған заттай дәлелдемелер, сонымен қатар бейнебақылау камераларының жазбалары, әлеуметтік желілердегі роликтер, күдіктілердің өздерінің ұялы телефондарынан табылған деректермен дәлелденетінін де атап өтті.

Нақты мысал ретінде ІІМ өкілі 19 қаңтарда Алматы қаласында ұсталған 18 жастағы жігіттің дәлелдерін келтірді. Оның айтуынша, күдіктінің ұялы телефонынан азық-түлік дүкендерінің бірінде жасаған ұрлық бейнежазба ретінде сақталған. «Ол ұрланған заттар аясында жасалған «селфиге» түсіп, ең сорақысы көшеде бір полиция қызметкерін топ болып қатыгездікпен ұрып-соғуға қатысқан. Осының барлығын күдікті телефонына өзі түсіріп отырған. Қазіргі таңда ол уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Мұндай фактілер өте көп», дейді Тергеу департаментінің басшысы.

Ол сондай-ақ жаппай тәртіпсіздік кезінде Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Өскемен Ақтөбе, Атырау және Семей қалаларында 1 466 үй-жайға шабуыл жасалғанын да айтты. Бассыздық кезінде 71 мемлекеттік мекемеге зиян келтірілсе, оның 12-сі әкімшілік, ал 27-сі полиция ғимараты.

«Қаңтардағы қантөгіс кезінде ең көп зардап шеккен бизнес объектілердің саны – 1 395. Бұл ғимараттар зақым келтіруден бөлек, толық тоналған. Одан өзге 700-ден астам көлік зақымдалып, жарамсыз болып қалған. Оның 500-ден астамы полиция, Қорғаныс және Төтенше жағдай министрліктерінің, жедел жәрдем және өзге де қызметтік көліктері. Күл-талқаны шыққан көлік­тер­дің 116-сы қарапайым тұрғын­дар­дікі», дейді спикер.

Қазіргі уақытта өндірістегі қылмыс­тық істер бойынша залалдың алдын ала жалпы сомасы 87 млрд теңгеден асқанын айтқан С.Әділов бұл санның зардап шеккендердің арыздануы барысында өсіп отыратынын да жеткізді. «Мемлекет басшысы лаңкестік актілердің себеп­терін және ұйымдастырушыларын анық­тау бойынша тергеуді Бас проку­рату­раға тапсырды. Осыған байланыс­ты, аталған санаттағы және онымен байланысты барлық қылмыстық істер арнайы прокурорлар басшылық ететін ведомствоаралық жедел-тергеу топтары­ның өндірісіне берілді», деді ІІМ өкілі.

Брифингте Бас прокуратураның 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов Президенттің ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде жазаны жеңілдету жөніндегі тапсырмасын орындау барысында жүргізіліп жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Оның мәлімдеуінше, бүгінде соттар қаңтар оқиғаларына байланысты 9 257 әкімшілік істі қараған болса, оның жартысына жуығы, яғни 4 584-інде ешқандай жаза қолданбай, тек ескерту жасалған.

Бас прокуратураның мәлімдеуінше, қазіргі уақытта прокурорлардың өтініштері бойынша 1 149 адам қамаудан босатылып, 577 іс бойынша айыппұл төлеу ескерту жасауға ауыстырылған. Ал 393 әкімшілік іс құрамы болмауына бай­ланысты толығымен тоқтатылғанын мәлім­деген Е.Қилымжанов әкімшілік қамауға алынған 3 314 адамның бүгінде күні тек 63-і қамауда екенін ерекше атап өтті. Қазіргі таңда прокурорлардың әкім­шілік жазаны жеңілдетуге арналған тағы 13 өтініш хаты соттарда қаралып жатыр.

«Прокуратура органдарына тыйым салынған тергеу әдістеріне және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тергеу барысында азаматтардың құқықтарын бұзу деректеріне қатысты 109 шағым түсті. Билікті және лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану туралы 11 шағым бо­йынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды, ал қылмыстық қудалау органдары прокуратураның нұсқауымен 10 қылмыстық істі тіркеді. Қазіргі таңда 21 қылмыстық іс өндірісте, оның тек біреуін арнайы прокурорлар тергеп жатса, қалғандарын сыбайлас жемқорлық­қа қарсы қызметкерлер тексеруде», деп мәлімдеді Е.Қилымжанов. Бүгінде 43 арыз бойынша тексеру жалғасып жатыр. Алайда 22 шағым бойынша ешқандай дәлел табылмаған.

Халық арасында тіркелген өлім факті­­лерінің ақ-қарасын анықтау жұмыс­тарының да жалғасып жатқанын айтқан Е.Қилымжанов: «Әр жағдай бойынша өлімнің себептері толық зерделенуде. Прокурорлар 3 дерек бойынша қыл­мыстық істі қайта саралады», деді.

«Сонымен қатар құқық қорғау органдары қылмыстық істерді тергеумен қатар, ұрланған қаруларды іздеу және оларды алып қою жұмыстарын жал­ғастыруда. Бас прокуратура заңсыз сақ­талған қаруларды, оқ-дәрілерді, жарыл­ғыш заттарды өз еріктерімен тап­сырған адамдардың қылмыстық жауап­тылықтан босатылатынына кепілдік береді», деген Бас прокуратура қызметкері сөзінің соңында қаңтар оқиғаларына қатыс­қан азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету және қылмыстық істерді объективті тергеу бойынша шаралардың жалға­сатынын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, құқық қор­ғау органдары қызметкерлерінің іс-әре­кеттерін бақылау мақсатында елі­­міз­дің барлық өңірінде арнайы мобильді топтар құрылған. Ал кезекші про­курорлардың барлық байланыс телефондары prokuror.gov.kz ресми сайтында орналастырылған.