Қызылордада жаппай тәртіпсіздікке қатысқан екі көп балалы ана ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қызылорда полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсталғандар қаңтар оқиғасының басқа қатысушыларымен бірге Қызылорда облысы әкімдігінің ғимаратына басып кірген.
«Қызылордада 2022 жыл 5 қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздік кезінде екі азаматша митингке қатысушылармен бірге облыс әкімдігінің ғимаратына заңсыз басып кіріп, жаппай тәртіпсіздік жасаған. Видеодан көрініп тұрғандай, азаматша Н.Ж. және Б.З. тас лақтырып, әкімдіктің темір қоршауына шығып, бір мезгілде балағат сөздер айтқан», деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ұсталған әйелдерге қатысты Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігі «Жаппай тәртіпсіздікке қатысу» бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
«Қазіргі уақытта екі әйел де қылмыстық әрекеттерін толық мойындады. Денсаулықтары мен қамқорлығында кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескере отырып, негізгі жаза үйқамаққа ауыстырылды», деді полицейлер.