Сенбі күні Премьер-Министр Серік Ахметов Мемлекет басшысының 2013 жылғы 11 қазанда және 2014 жылғы 14 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, Президенттің мемлекеттің қатысуымен жұмыс істейтін кәсіпорындарды жекеменшік секторға беру үшін тізімін анықтау, геологиялық барлау жұмыстары бағдарламасын дайындау, «Самұрық-Қазына» АҚ құрамына енетін, компаниялардың өндіріспен тікелей айналысатын жұмысшыларының еңбекақысын көтеру және басқа да тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша мәселелер қаралды.
Сондай-ақ, халықаралық «Қазақстан Жібек Жолы» деңгейінде көлік-логистикалық жүйе құру, «Кендірлі» курортын одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар енгізу және жаңғырмалы табиғи ресурстарды пайдалану саласында отандық ғылымды дамытуға қолдау көрсету бойынша тапсырмалардың орындалу барысы қаралды.
«Тұтастай алғанда, Президент тапсырмаларын орындау жақсы жүріп жатыр. Бірінші басшылар бұл мәселелерді айрықша назарда ұстауы керек. Біз мемлекеттік органдардың есептерін тұрақты түрде тыңдайтын боламыз», деп түйіндеді кеңесті Серік Ахметов.