Кеше Швейцарияның Женева қаласында Парламентаралық Одақтың 130-ші Ассамблеясы өз жұмысын бастады. Ол 20 наурызға дейін созылады. Аталған Ассамблеяға Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған қазақстандық делегация да қатысуда.
Ассамблея шеңберінде бірқатар парламенттік шаралармен бірге, «Парламентаралық Одақ Ассамблеясының 125 жылдығы: ПОА-ға мүше парламенттердің бейбітшілік пен демократияны нығайту бойынша міндеттемелерін қуаттау» тақырыбында пікірталас өткізу жоспарланған. Пікірталас аясында кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин сөз сөйледі.
Қазақстандық парламентшілердің Женевадағы жұмыс бағдарламалары өте тығыз. Мәселен, Н.Нығматулиннің ПОА-дағы шетел парламенттері делегацияларының басшыларымен, атап айтқанда, Ауғанстан Волеси Жырғасы төрағасы А.Р.Ибрагимимен, Пәкістан Парламенті Ұлттық Ассамблеясының төрағасы С.А.Садикпен, сондай-ақ, Швейцария Ұлттық Жиналысының төрағасы Р.Люстенбергермен және Федералды Жиналыс Кантондар кеңесінің төрағасы Х.Германмен екіжақты кездесулері қарастырылған.
«Егемен-ақпарат».