ЖЕНЕВА. 2022 жылы коронавирус пандемиясы мен одан келген дағдарыстар біртіндеп баяулай бастауы мүмкін. Бірақ тіпті ахуал жақсы жағына өрбісе де, климаттың жылынуына қарсы әрекеттің сәтсіздігінен бастап әлеуметтік бірліктің құртылуына дейінгі жаңа сын-қатерлер цунами секілді әлемді басып қалмақ. Оларды шешу биліктен өзгеше басқару үлгісін қабылдауды талап етеді.
Қолда бар институттар тиімді басқарылған кезде оған көңіл бөлгеніміз жоқ. Бұл экономиканы және әлеуметтік тәртіптің іс жүзінде барлық аспектісін қолдап отыратын көрінбейтін инфрақұрылым. Ал ХХ ғасырдың екінші жартысындағы «айтарлықтай жақсы басқару» табыстың өсуіне және әлеуметтік тыныштыққа жол ашты.
Дегенмен қазіргі таңда көптеген адам басшылыққа сенімін жоғалтты. Түрлі түйткілдердің көбейіп, оны шешудегі ұжымдық сәтсіздікке тап келгендіктен, кінәлілерді іздей бастадық. Кейбіреулер орашолақ саяси көшбасшыларды нұсқайды. Енді бірі «Давос адамын», бас директорларды айыптайды. Ал шарасыз, көбейіп келе жатқан азшылық қазіргі апат пен қараңғылықтың артында элиталық қастандықты көреді.
Бірақ шындық өте күрделі. Жаһандық тәуекелдерді болжай алмауымыз бен басқара алмауымыз негізінен жаһандық басқарудың шешілмеген мәселесіне қатысты. Мәселен, климаттың өзгеруі және әлеуметтік жіктелудің тереңдеуі ғана емес, сонымен қатар жұқпалы аурулардың қайта пайда болуы, қарыз дағдарысы және технологиялық реттеудегі сәтсіздік бұған дәлел. Институттарымыз және олардың басшылығы өз міндетіне сай келмей тұр.
Біз тарихты жер сілкінісіне ұқсас үлкен оқиғалар тізбегі ретінде қарастырамыз. Бірақ жаһандық басқарудың деградациясы біртіндеп құлауға айналды.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі «Басқару 1.0» кезеңінде мемлекеттік және корпоративтік басқару «бір адамның» – сайланған немесе сайланбаған «күшті көшбасшы» және «бастықтың» ережесімен белгіленді. Көшбасшылықтың бұл түрі ақпарат құны жоғары, иерархиялық билік пен басқару салыстырмалы түрде біркелкі қызмет ететін, технологиялық және экономикалық жетістіктер бәріне пайда әкелетін қоғамда жақсы жұмыс істеді.
60-жылдардың аяғында пайда болған «Басқару 2.0» моделі материалдық байлыққа басымдық берді. Экономист Милтон Фридман айтатын «акционерлік капитализмі» мен прогрессивті жаһандық қаржыландырудың өркендеуімен тұспа-тұс келді. Тек акционерлер алдында есеп беретін жаңа басқарушы тап үстемдікке және жаһандық деңгейге шықты. 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы «Басқару 2.0» жүйесіне ауыр соққы бергенімен, оған қатысты біржақты көзқарас коронавирус пандемиясы басталғанға дейін күн тәртібінен түспей тұрды.
Коронавирус індеті әкелген әлеуметтік және экономикалық сілкініс «Басқару 3.0» жүйесіне жол ашты. Қазіргі таңда дағдарысты еңсеру шешім қабылдауда басымдыққа ие. Көшбасшылар операциялық ойлауға назар аударып, болуы ықтимал мәселелерге салыстырмалы түрде мән бермейді. Мұндай қысқа мерзімді, «сынау және қателесу» тәсілі пандемия мен оның әлеуметтік-экономикалық құлдырауын басқаруда кездейсоқтыққа иек артты.
Бірақ пандемия аяқталған соң бізге басқарудың жаңа моделін енгізу қажет. «Басқару 4.0» жүйесі алдыңғы басқарудан бірнеше іргелі мәселеде ерекшеленеді. Біріншіден, қысқа мерзімді дағдарысты басқаруды ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлаумен алмастырады. Пандемия, әлеуметтік-экономикалық дағдарыстар және адамдардың психикалық денсаулығы секілді қазіргі проблемаларға көңіл бөліп қана қоймауы керек. Сондай-ақ климаттың өзгеруімен күресу, биоалуантүрліліктің жоғалуы және адам әрекетінің салдарынан қоршаған ортаға келген зиянды жою және еріксіз көші-қон секілді әлеуметтік мәселелерді шешуге де күш салған жөн.
Екіншіден, «Басқару 4.0» бұрын басымдықты иеленген «туннельді көзқарас» пен жоғарыдан төмен көзқарасын алмастыруға тиіс. Біз өте күрделі және өзара байланысқан әлемде өмір сүріп жатырмыз. Сондай-ақ қоғамдағы әрбір мүдделі тараптың рөлі мен жауапкершілігі өзгеруі керек. Бизнес бұдан былай әлеуметтік салаға және қоршаған ортаға тигізетін әсерін елеусіз қалдыра алмайды. Ал үкімет ендігі жерде барлық мәселеде жалғыз өзі нәтиже бере алмайды.
Үшіншіден, экономиканың тар концепциясына және қысқа мерзімді қаржылық мүдделерге екпін беру тоқтатылғаны жөн. Оның орнына бизнес немесе үкімет үшін қоғам мен табиғаттың басымдылығы кез келген жаңа басқару жүйесінің негізі болуы керек. Қаржы мен бизнес өте маңызды. Бірақ олар қоғам мен табиғатқа қызмет етуі қажет.
Әлем өзгерді, сонымен бірге мемлекеттік және корпоративтік басқару да өзгеруге тиіс. Қазіргі таңда «Төртінші өнеркәсіптік революция» және климаттың өзгеруі секілді ірі құрылымдық өзгерістер әрбір сала мен билікке әсерін тигізеді. Блокчейн секілді технологиялар орталықтандырылған және иерархиялық ұйымдардың орнына орталықтандырылмаған, автономды құрылымдарды алып келеді. Әлеуметтік, экономикалық және цифрлы теңсіздіктер артып келеді.
Әзірге көптеген көшбасшы «Басқару 2.0»-нің акционерлік капитализм менталитетінде қалып қойған. Ал кей қоғамда әлі күнге дейін «Басқару 1.0» жүйесі бар. Коронавирус қаупі сейілгенше «Басқару 3.0» жүйесі дағдарыстық менталитетпен күресуде басымдыққа ие болады.
Бірақ көптеген көшбасшы басқарудың жаңа дәуірі туралы ойланып, әрекет етуге көшті. Оларға экологиялық, әлеуметтік және басқару (ESG) өлшемдерін жақтайтын бизнес басшылар, Франция президенті Эммануэль Макрон, Италия премьер-министрі Марио Драги секілді саяси көшбасшылар кіреді. Ең бастысы, жастар жақсы болашақты талап етеді.
Бұрынғы дәуірдің басқару жүйесін әлі де қолданатындар мұндай көшбасшыларды өзгергені үшін сынға алады. Бірақ біз белгісіз салаға көз жіберіп, өздерінің мүддесін күйттемейтін, климаттың өзгеруімен күресу және әлеуметтік әділетсіздікті жою үшін нақты әрекетке баруды талап ететін көшбасшыларды жақтауымыз керек.
XXI ғасыр бұрын-соңды болмаған көптеген сынақ әкеледі. Егер ХХ ғасырдың аяғында жеткен жетістіктерімізге масаттанғанымыз секілді біз балаларымыз бен немерелеріміз де қуанғанын қаласақ, онда басқару моделі дамуға тиіс.
Клаус ШВАБ,
Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы және атқарушы төрағасы, The Great Narrative: For a Better Future кітабы авторларының бірі
Copyright: Project Syndicate, 2022.
www.project-syndicate.org