Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихта алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Орталық Азия – Үндістан» саммитінде айтты, деп жазады Egemen.kz.
Президент өз сөзін Үндістан халқын кеше өткен республика күнімен құттықтаудан бастады.
«Үндістан егеменді даму кезеңінде тарихи өркениеттің елшісі ретінде дамудың жоғары деңгейіне шықты. Бұл саммиттің Орталық Азия елдері мен Үндістанның дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келіп отырғанын білеміз. Бұл жылдары біз орнықты әрі саяси диалог орнаттық. Тұрақты түрде біздің елдер экономикалық және әлеуметтік бағыттарды дамытып келеміз», деді ол.
Мемлекет басшысы Азия өңірінің ресурсы мен интеллектуалдық әлеуеті зор екенін атап өтті.
«Бұл өңірде маңызды көлік дәліздері мен жылдам дамып жатқан нарық орналасқан. Азияның әлемдік экономикадағы рөлі де арта түсті. Ол инвестиция мен капитал тартылатын жаһандық орталыққа айналды. Бұл біздің елдер арасындағы өзара ынтымақтастықтың деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл бәрінен бұрын сауда мәселесіне қатысты болып отыр.Орталық Азия елдері мен Үндістан арасындағы тауар айналым 2020 жылы 3 млрд долларға жетті. Оның ішінде бұл саудадағы Қазақстанның үлесі 80 пайызды құрайды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.