Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия-Үндістан» саммитінде Орталық Азия елдері мен Үндістанның тауар айналымы 3 млрд долларға жеткенін, бірақ бұл көрсеткіштер Қазақстанның экономикалық әлеуетіне әлі де сәйкес келмейтінін айтты, деп хабарлады Egemen.kz.
«Саммит елдер арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы қарсаңында өтіп отыр. Біздің ауқымды Азия өңіріміз зор ресурстарға және зор зияткерлік әлеуетке ие», деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, бұл аймақта маңызды көлік дәліздері мен жылдам дамып келе жатқан нарықтар шоғырланған. Сол себепті Азияның әлемдік экономикадағы рөлі айтарлықтай өсті. Ол инвестициялар мен капиталды тартудың жаңа жаһандық орталығына айналуда.
Президент бұл өз кезегінде елдер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық үшін қолайлы мүмкіндіктерді іске асыру үшін үлкен перспективалар ашатынын айтты.
«Ең алдымен, бұл саудаға қатысты. Орталық Азия елдері мен Үндістанның тауар айналымы 2020 жылы 3 млрд долларға жетті. Бұл ретте Қазақстанның осы саудадағы үлес салмағы 80%-ды құрады. Алайда, бұл көрсеткіштер біздің жиынтық экономикалық әлеуетімізге әлі де сәйкес келмейді», деді Мемлекет басшысы.
Президент «Орталық Азия - Үндістан» саммиті сияқты диалог алаңдарының жұмысы елдердің үдемелі дамуы, сондай-ақ жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдерге тиімді жауаптар әзірлеу үшін практикалық пайда әкелетінін атап өтті.