Қостанай облысының Меңдіқара ауданында дәрігерлер тірі баланы өлдіге санаған. Бұл туралы «Алау» порталы хабарлады.
«6 наурыз күні Меңдіқара аудандық ауруханасы уақытынан ерте туған нәрестені өлдіге санап, оны ата-анасына берген»,-дейді Қостанай облысының прокуроры Марат Қайыбжанов. Алайда, арада бір сағат өткенде, жаңа туған нәрестенің тірі екенін әкесі байқап қалады. Өкінішке орай, бұл сәбиді ауруханаға қайта әкелгенімен, ол 3 күннен соң көз жұмған. Ата-ана баламызға тиісті дәрежеде ем жасалғанда, тірі қалуы мүмкін еді деп отыр.
Бұған қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Орал Бекмағамбетов былайша түсініктеме берді: «Осы жағдайды естіген бойы облыстық денсаулық сақтау басқармасында дереу комиссия құрылды. Олар оқиға орнына барып, мән-жайды анықтады. Сәйкесінше, тиісті жазалау шаралары қолданылып, медицина қызметкерлері жұмыстан босатылды».
Жалпы, осы оқиға туралы жазылған газеттің бірінде ауруханадағы жауапты қызметкерлердің үстінен қылмыстық іс қозғау мәселесі қарастырылып жатқаны жөнінде жазылған .
Әмірхан Алмағанбетов.
Дереккөз: «Алау» порталы.
Фото: Meta.kz.