• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Қаңтар, 2022

Жастар Холокост тақырыбына әлі де үреймен қарайды

329 рет
көрсетілді

Германияда жақында жастардың Холокостқа қатысты көзқарасын білу мақсатында зерттеу жүргізілді. Зерттеу нәтижелері көпті таңғалдырды. «Ұлтшыл-социализм дәуірінің абсурд пен зорлыққа толы болғаны сонша, кейде тіпті мұның шын мәнінде болғанына сену қиын» деген де жауаптар кездесті.  

Зерттеу «Арользен архиві» құжат орталығының бастамасымен өткізілді. Әлемдегі ең үл­кен архивте ұлтшыл-социализм құрбандары, соның ішінде Холо­кост құрбандары мен аман қал­ғандар туралы ақпарат жинақ­талған.

Ақпараттың біраз бөлігін орта­лық көпшілік назарына да ұсын­ған, архив сайтына кіріп, конц­лагер­ьде болғандардың, депор­тация­лан­ған азаматтардың, қара жұмыс­қа жегілгендер мен Холо­костан аман қалғандардың естеліктерімен танысуға болады. Бұл ЮНЕСКО мұрасына кіреді. Енді аталған архив жастардың да ойын білмекке зерттеу жүргізіп, елдегі 16 мен 25 жас аралығындағы азаматтардың пікірін сұраған.

 

Бұл тақырып жастарға қызығырақ

«Арользен архивінің» директоры Флориане Азулай жастар арасында өткізілген зерттеуден жаңа ұрпақтың қызығушылығын, ашықтығын және ой еркіндігін байқағанын ортаға салды.

«Дәл қазір бұл ұрпақ демо­кратияға қауіп төнген шақта өмір сүріп жатыр. Қазіргідей попу­лис­тік, авторитарлық түсінік бе­лең алған уақытта ұлтшыл-со­циа­лизмді өз әлемімен, құнды­лық­тарымен байланыстыру орынды деп санаймын», дейді архив басшысы.

Екі кезеңнен тұратын зерт­теуге 1 100 адам жұмылдырылған. Жастардың жауабын олардың ата-анасының жауабымен салыс­тырған. Нәтиже көпті таңғалдыр­ды. Зерттеуге қатысқан жастардың 75 пайызы ұлтшыл-социализм кезеңі туралы толығырақ білуге құштар. Ал ата-аналардың 66 па­йызы ғана расизм, дискриминация тақырыбын сөз етуге дайын.

Зерттеу авторлары оны бір­неше себеппен байланыстыр­ды. Ең әуелгісі ретінде оқиғаға қатыс­ты болу сезімін келтіреді. Яғни қазіргі жастар бұл қаралы оқи­ғаға өзін қатысты санамай­ды. Ұлтшыл-социализм дәуірін­дегі жауыздыққа қатысты жауап­кершілікті сезінбейді. «Арользен архивінің» тапсырысын орындаушы – Райнгольд институты­ның негізін қалаушы, психолог Штефан Грюневальд бұл жастарға сол кездегі ақпаратты еркін зерттеуге мүмкіндік береді деген пікір айтады.

 

Ұлтшыл-социализм – демократияға кері түсінік

Холокост сынды жауыздық орын алған ұлтшыл-социализм дәуірі – жастар үшін өздері өмір сүріп жатқан демократиялық қоғамның қарама-қайшы көрінісі. Бүгінгі жастар шешім қабылдауда еркін, олар үшін мүмкіндікке толы өмірі бар.

«Бәріміз өмір сүріп жатқан таң­дауы көп қазіргі кезең кезін­дегі ойлау, таңдау еркіндігі бол­маған, ненің дұрыс, ненің бұрыс екені нақты ережеде көрсетілген ұлт­шыл-социализм заманына кері әлем. Фюрер культі, яғни шартсыз бағыну міндеті, ор­тақ идеяға шүбәсіз сену және оған мо­йынсұну сол кезеңге бір жа­ғынан қызығушылықты арттырса, екінші жағынан алшақтатады», делінген зерттеу қорытындысында.

Психолог Штефан Грюневальд бұл қызығушылықтың да екінші жағы бар екенін айтады. Сарап­шы бұл тақырыпқа шамадан тыс қызығу кейбір идеяларды қол­­дауға да алып келуі мүмкін деген бол­жамын да жасырмады. Деген­мен пікір білдірген жастар­дың көп­­шілігі дәл сондай ұлтшыл­дық қо­ғамына тап болу туралы ойлау­дың өзі қорқынышты екенін айтыпты.

Зерттеуге атсалысқан жас­тардың көбі бұйрықты орын­даған офицерлердің ішкі әлемін түсін­гісі келгені мәлім болды. «Адам­ды азаптауға құштарлықты, сол лагерь­лерде қызмет еткен бақы­лау­шы, офицерлер, тіпті көрші­лерін «ұстатып жіберген» азамат­тардың ойын білгіміз келеді. Мұн­дай қадамға итермелеген себеп­ті білсек, ендігі жерде де дәл осындай оқи­ға қайталанбасын алдын ала бол­жай алармыз», деді олар.

 

Параллель әлем

«Ұлтшыл-социализм дәуірі өзгерістің байқатпай басталатынын, манипуляцияның қан­шалықты қауіпті екенін көрсетті» дейді тағы бір топ қатысушысы. Оңшыл идеологияны қолдау, қоғамды жікке бөлу, қастандық теориясы – бүгінгі жас ұрпақты елең еткізер тақырып. Ал аталған тақырыптар ұлтшыл-социализм­нің айнымас бөлшегі. «Ең бастысы – қазіргі өмір мен тарихты бай­ланыстыра білу. Контексті көру – маңызды мақсат», дейді «Арользен архивінің» қызметкері Оливер Фигге.

Сарапшылардың айтуынша, зерттеу қорытындысынан мектеп оқушыларының назарына шамадан тыс фактілер ұсынса, олар бүгінгі кезең мен сол оқиғалар­­дың байланысу нүктелерін табуға қина­латынын байқауға болады. Яғни фактілердің көп болуы олар­ды шатастырып қана қоймай, оқу­шыларға қиын, абстрактілі, тым алыс болып көрінеді екен.

Дегенмен оқушылар арасында Анна Франк, Оскар Шиндлер сияқты басқа да тұлғалардың өмірі туралы сөз болғанда, жастардың қызығушылығы әп-сәтте арта­тын көрінеді. Әсіресе оқиғалар­ды жастардың тіліне бейімдеу маңызды рөл атқарады екен. Оған Instagram желісінде ашылған Софи Шолльдің парақшасы дәлел. Парақшада қатал жүйеге қар­сылық танытқан студенттің өмірі, өлім тарихы туралы баяндала­ды. Бұл жаңалық жастар арасында тез тарап, күрескер қыздың «парақшасы» бірнеше күннің ішінде танымал болды. Штефан Грюневальд мұндай құбылысты тарихи тұлғаның өмірі жастарға түсінікті әрі жақын болуынан деп түсіндіреді. «Яғни жастар әлеуметтік желіден Софидің де өздері сияқты музыка тыңдап, сабақ оқып, тіпті ғашық болғанын көре алады. Бұл жерде режімнің ауысуы арқылы адамның да қалай өзгеретінін бақылауға мүмкіндік бар», дейді психолог.

 

Ашық талқылаудан қорықпау керек

Ұйымдастырушылардың ай­туынша, зерттеудің негізгі мақсаты – бұл тақырыпты талқылап тұру қажеттілігін көрсету. Талқылау арқы­лы тақырыптың маңыз­ды­лығын жастарға жеткізу. Соны­м­ен бірге зерттеу қорытын­ды­сы ашық талқылаудың маңызын дәлелдегендей.

Қорытындыдан зерттеуге қа­тыс­қан мектеп оқушысының пікі­рін көруге болады. Ол «Тарих саба­­ғында дәл осы тақырып қоз­ғал­са, мен бірден тартынып қала­мын. Бойымды үрей билеп, тал­қылауға қатысудан бас тарта­мын. Жалпы, жастар өз пікі­рін ашық біл­діруге әлі де қорқа­тындай көрі­неді. Ешкім тыйым салмаса да, жалпылама ереже бардай көрінеді. Және бұл ережені бұзуға ешкімнің батылы бармайды», дейді.

Бұл жастардың Холокост, ұлтшыл-социализм тақырыбына секеммен қарайтынын айғақ­тайды. Оған қоса тарихқа қатысты өздерінше пікір қалыптас­тыра­тыны да мәлім болды.

Не десек те, Холокост тақы­рыбы Германия халқының сүйе­гіне таңба болып отыр. Жастар мұндай зорлыққа себеп іздеп, мағына беруге тырысса да, ақтап алу мүмкін емесін түсінеді. Үкімет концлагерьлердің бұрынғы қыз­меткерлерін ондаған жыл өтіп, егде тартса да жауапқа тартып жатыр. Бұл, сірә, жасалған қыл­мысты айыптаудың мерзімі шексіз екенін білдірсе керек.