Мұнайлы шаһар мен Жылыой ауданында орналасқан «Теңіз» кен орны қауіпті вирусты жұқтырушылардың саны көп тіркелетін ошаққа айналып отыр. Атырау қалалық эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Әсел Мұқаеваның айтуынша, былтырғы желтоқсан айында облыс орталығында аптасына 30-40 науқас тіркелген. Ал қазір мұнда тәулігіне 400-ге жуық адамнан қауіпті вирус белгісі анықталады.
– Биылғы қаңтар басталғалы бері 5 мыңға жуық науқас тіркелді. Талдау көрсеткендей, қаңтардың алғашқы аптасында – 59, екінші аптада – 130, үшінші аптада 1 936 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды. Ал соңғы аптадағы статистикаға сүйенсек, науқастар саны 2 448-ге жетті, – дейді Әсел Мұқаева.
Қазір инфекциялық стационарларда 362 науқас ем қабылдап жатыр. Олардың арасында 76 жүкті әйел бар. Ал өз үйінде 6 788 адам қауіпті вирустан ем-дом алу үшін оқшауланған. Жансақтау бөліміндегі 19 науқастың 4-еуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды.
Ал 25 қаңтарда Жылыой ауданының бас санитар дәрігері Т.Хабибуллиннің қаулысымен «Теңіз», «Прорва», «Морской» және оларға іргелес басқа да кен орындарында карантиндік шектеу шаралары қайта күшейтілді. Соған сәйкес көлікте, кеңселерде, асханаларда (тамақ ішу уақытын қоспағанда), тұрғын блоктарда және басқа да жабық өндірістік емес нысандарда бетперде кию тәртібін орындау, инфекция жұқтырған адамдарды бақылауға арналған оқшаулауға байланысты карантин режімінің сақталуын қамтамасыз ету ұсынылған. Әсіресе «Теңіз» кен орнына бөгде көлік құралдарының кіріп-шығуына тыйым салынды. Ілеспе құжаттамасы жоқ, өту уақыты, қозғалыс маршруты мен қажет болған жағдайда қайту уақыты тіркелмеген көлік құралдарының қозғалысына жол берілмейді.
Осындай күрделі эпидемиялық ахуал қалыптасқан Атырауға Спутник Лайт вакцинасының 3 мың дозасы жеткізілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің түсіндіруінше, Ресей Федерациясында шығарылған вакцинаның дозалары Атырау қаласындағы №1, 2, 3, 4, 5, 7, Геолог, Дамбы және Еркінқала елді мекендеріндегі емханаларда, сондай-ақ жеті аудандық орталық аурухананың егу пункттеріне таратылды.
Атырау облысы