Cerebra отандық стартабы денсаулық сақтау технологиясы бойынша әлемдік көшбасшы – капиталдандырылуы шамамен 144 млрд долларға жеткен Medtronic компаниясының деректері бойынша медициналық жасанды интеллект саласындағы әлемдегі ең инновациялық жобалардың ондығына енді. Компанияның 150 елдегі өкілдіктерінде 90 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Cerebra – ишемиялық және геморрагиялық инсульттің автоматтандырылған диагностикасына арналған нейрорадиология саласындағы жасанды интеллект. Жоба Қазақстанның 17 инсульт орталығында сәтті жұмыс істеп жатыр. Компания бұл бағдарламаны елдегі барлық инсульт орталықтарына орнатуды жоспарлап отыр. Оны әзірлеген Almaty A.I. Lab компаниясы 2018 жылдан бері жасанды интеллект саласындағы технологияларды әзірлеумен айналысады.
«Әлемде инсульт диагностикасымен айналысатын бірнеше ірі компания бар. Израиль, Ұлыбритания және АҚШ бәсекелестерінің қаржы, персонал саны, жасанды интеллектіні оқытуға медициналық деректер көлемі бойынша айқын артықшылықтарына қарамастан, біздің командамыздың адамзатқа пайдасын тигізуге мотивациясы мол. Дамыған елдерде инсульттан болатын өлім-жітім көрсеткіші азайтылды, ал елімізде инсульт өлімнің бірінші себептерінің бірі болып қалуда. Жобаны шетелге тарату үшін біз Қазақстанда жақсы нәтиже көрсетуіміз керек. Бұл ретте біз мемлекеттік қолдауға мұқтажбыз», дейді жоба негізін қалаушысы Досжан Жүсіпов.
Astana Hub баспасөз қызметінің PR және маркетинг бөлімінің аға менеджері Алтынгүл Жаңабайдың айтуынша, Cerebra – Astana Hub және АХҚО резиденті. MedTech стартабы бастапқы кезеңде Сингапурдағы Quest Ventures венчурлық қорынан қаржыландыруды тартты. Сонымен қатар жоба «Сәби» қорының «Өз бизнесіңді құр 2019-2020» байқауында 1-орынға ие болды. Cerebra қазақстандық және шетелдік стартаптар арасында жоғары орынға ие. Яғни Astana Hub нұсқасы бойынша 2020 жылдың үздік стартаптар ондығына, Irbis Ventures нұсқасы бойынша Орталық Азиядағы ең келешекті стартаптар ондығына кірді, ал 2021 жылдың мамырында жоба Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Ресейдегі 700 стартаптардың ішінде EMERGE Challenge 2021 финалистердің бестігіне енді.