Жылдар жылжып, ғасырлар алмасса да құндылығын жоймайтын жәдігерлер өткен тарихтан сыр шертеді.
Мәселен, облыстық тарихи-өлкетану музейінде елінің, қазақ халқының тәуелсіздігі мен жарқын келешегі үшін егеулі найзасын қолға алған батырлар тұтынған, қолтаңбасы қалған бұйымдар жетерлік. Сондай құнды бұйымдардың қатарында «Исатай-Махамбет» экспозициясына қойылған қара қайрақ та бар.
Қайрақ қара тастан жасалған. 1971 жылы Қызылқоға ауданының тұрғыны Ақсәнім Құттыбаева «Бұл қайрақ Жүзбатыр Сартов деген атама тиесілі болған. Ол – 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Исатай Тайманұлының туысы. Кезінде елінің азаттығын аңсаған Исатай мен Махамбет батырлар сарбаздарымен бірге осы қайрақпен қылышы мен найзасын, жебе ұшын қайраған. Бұрын қайрақтың ұзындығы 2 метрге дейін жеткен», деп музейге тапсырыпты.
Тарихи тұлғалар тұтынған қайрақтың ұзындығы едеуір қысқарған. Қазіргі ұзындығы – 46 см, ені – 6 см. Бір шетінде металдан жасалған ілмегі бар. Екі шеті қалыңдау болғанымен, ортасы сәл жіңішкеріпті.
Атырау облысы