Қазақстандық Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) мен мексикалық Сауль «Канело» Альварес (57-1-2, 39 KO) биыл екінші орта салмақ дәрежесінде төрт титул үшін жұдырықтасуы мүмкін. Бұл туралы әйгілі бокс сарапшысы Майк Коппинджер мәлімдеді.
Орта салмақтың екі үздігі арасындағы жекпе-жек осы жылдың қыркүйегінде ұйымдастырылмақ. Ал оған дейін «Канело» WBC чемпионы америкалық Джермалл Чарломен (32-0, 22 КО) қолғап түйістіреді деп күтілуде. Сондай-ақ Коппинджер таратқан тағы бір мәлімет бойынша Matchroom Boxing басшысы Эдди Хирн мексикалық боксшыға биыл екі жекпе-жек өткізуге ұсыныс білдірген.
Біріншісі – жартылай ауыр салмақтағы WBA чемпионы ресейлік Дмитрий Биволмен (19-0, 11 КО) 7 мамырда жұдырықтасу, екіншісі – жанкүйерлер төрт жылдан бері тағатсыздана күтіп жүрген Головкин мен Альварес арасындағы трилогия. Бұл айқас екінші орта салмақ дәрежесінде 17 қыркүйекте төрт белдік үшін өтуі ықтимал.