Президенттің Үкіметке айрықша маңыз беріп жүктеген тапсырмасы – жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қабылдау. Мұндай заңды керек деушілер де, қажет емес деп қарсы шыққандар да болды. Дегенмен бұл енді маңызды емес. Маңыздысы – заңның қандай боларында. Жеке тұлғаларға қаншалықты пайдалы екенінде.
«Қаржы жүйесінің тұрақтылығы ұлттық экономиканы одан әрі дамытудың кепілі екені белгілі. Экономика өсіп, халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артты. Оның мөлшері бизнесті несиелеу көлемінен асып кетті. Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы нарығын құбылтып, әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін» деген еді Мемлекет басшысы Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде.
Кейінірек Премьер-Министр Әлихан Смайылов та заң жобасын әзірлеу басталғанын мәлімдеді. Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев банкроттық жасау – қарыздан құтылудың ең соңғы амалы екенін, әрбір тұтынушы банкроттық жасағаннан кейін өзінің қаржылық тарихында үлкен таңба қалатынын естен шығармауға тиістігін жеткізді.
«АҚШ-та банкроттықтың бірнеше түрі бар, бірақ бәріне ортақ нәрсе – қарыздан құтылу үшін ең қажеттісінен өзге (үйді де сатады) мүліктің бәрін сатады және көп жағдайда жаңа займ алуға жол жабылады. Бұл Штаттардағы өмірді қиындатады. Германия мен Францияда да осыған ұқсас – жеке зат, тозығы жетіп тұрғаны сәнді мүліктен басқасының бәрі (мұнда да үй сатылады) сатылымға шығарылады», дейді ол.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда ресейлік тәжірибе негізге алынуы мүмкін: көрші елде 2015 жылы 500 мың рубльден асатын (2,8 млн теңге) сомаға банкроттық процедурасы енгізілген. Ал 2020 жылдың күзінен бастап 50-500 мың рубль аралығындағы шағын қарыздар үшін соттан тыс банкроттық қызметі жүзеге асырылуда. Соңғы қызмет тегін, оны бір жылда 2,4 мың ресейлік пайдаланыпты.
«Қазақстанда жеке тұлғалар банкроттығының механизмі қандай болары белгісіз. Алдын ала болжау бойынша, үйді сатылымға шығармай, қарыз алушының меншігінде қалдыра беруі мүмкін. Екіншіден, процедурадан өткен азаматтар қайтара несие рәсімдей алмайды. Үшіншіден, процедура үшін табыс туралы декларация толтырады және одан кейін кірісін бақылауға келісімін береді. Төртіншіден, банкроттыққа өтініш бергенге дейін тығырықтан шығар басқа жол қалмағанын дәлелдеуі қажет болатын сияқты. Қазақстан үшін банкроттықтың бұл түрі қажетті құрал, алайда аса танымал бола қоймауы мүмкін. 2021 жылдың қарашасындағы дерек бойынша төленбегеніне 90 күннен асып кеткен «нашар» несие үлесі 4,1 пайызды құраған. Бір жыл бұрын 8,1 пайыз болған еді. Ал он жыл бұрын 31,4 пайызды иектеп тұрған», дейді А.Чеботарев.
Экономист Мақсат Халық заң жобасы дайындалмай тұрып, алдымен халық талқысына түсуі тиіс деп санайды.
«Егер бір несиесін жабу үшін тағы екі несие алса, ондай азаматтардың жағдайын қарастырып, банкрот деп қарастыру керек деп есептеймін. Шағын несиелік ұйымдар мен банктер біраз шығын көреді. Коллекторлық компаниялар да. Өйткені өндіру бойынша банктің қарызын өздерінің мойнына алады ғой. Демек, олар ертең үлкен шығынға батайын деп тұр. Сақтандыру компаниялары да біраз шығынға ұшырайды», дейді экономист.
Ал экономист Мақсат Сералының сөзіне қарағанда, заң қабылданса 1,5-2 млн қазақстандық банкрот болуы ықтимал. Өйткені қарызын төлей алмай отырған азаматтар саны осыған таяу.
«Халық, микрокредиттік ұйым, банк орталықтары, Үкімет тарапы, «Атамекен» ҰКП-дан эксперттік комиссия құрылуы керек. Олар жан-жақты қарастыруға тиіс. 3 ай мен 6 айдың арасында адамға мүмкіндік беру керек. Өйткені жеке тұлғаны бірден банкрот деп жариялау, яғни қысқа мерзімді мүмкіндік бермеу дұрыс емес» деген ой айтады.
Tukulov & Kassilgov Litigation заңгерлік фирмасының серіктесі Бахыт Тукулов Парламентте талқыға түскен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын зерделеп, бірқатар ерекшелікті атап өтті. Заңның негізгі мәтіні жобадағы нұсқасынан басқаша болуы мүмкін екеніне қарамастан, бұлайша түсінік беруіміз оқырмандар үшін пайдалы болар еді дейді заңгер. Оның айтуынша, жоба екі нұсқада қарастырылуы мүмкін. Алғашқысы – қарызы 1000 АЕК-тен (3 063 000 теңге) көп емес және мүлігі жоқ борышкерлер, одан кейінгісі – қарызы 1000 АЕК-тен асатындар. Алғашқылары сотқа шағымданбай-ақ банкрот атана алуы мүмкін болса, кейінгілері сот процедурасына қатысады. Ол төлем қабілетін қалпына келтіруден және мүлікті сатудан тұрады. Соттан тыс банкроттық процесі жүріп жатқан кездегі кедергілер қандай? Сарапшының айтуынша, ол кезде борышкер займ рәсімдемейді, кепілдік бере алмайды және ел аумағынан шыға алмайды. Ал сот банкроттығына қандай жағдайда өтініш беруге болады? Біріншіден, қарыз көлемі 1000 АЕК-тен асып кетсе және ол бір айдан астам уақыт бойы өтелмесе. Екіншіден, қарыз көлемі мүлік құнынан асып кеткен болса.
– Соттан тыс немесе сот банкроттығынан соң үш жыл ішінде қарыз алушы үшін мынадай шектеулер бар. Ол банк немесе МҚҰ-дан займ рәсімдей алмайды. Сондай-ақ оның ортақ қарыз алушы, кепіл беруші, кепіл немесе кепілгер болуға құқығы жоқ. Жеке кәсіпкер ретінде де тіркеле алмайды. Заңды тұлға атануға да құқылы емес. Ондай адамға нотариус, аудитор, жеке сот орындаушы, медиатор, бағалаушы және адвокат болып жұмыс істеуге де тыйым салынады. Қарыз кешірілгенге дейін қарыз алушы ел аумағынан сыртқа шыға алмайды. Берешектер есептен шығарылғанға дейінгі кезеңде борышкерге Қазақстан аумағынан тыс тұрғылықты жерге кетуге тыйым салынады, – дейді ол.
Сонымен қатар Б.Тукуловтың айтуынша, жоба қарыздарды кешіру мәселесін шешу кезінде сот қарауының еркіндігін көздейді. Бұл өз кезегінде соттың түрлі тараптардан және үшінші тұлғалардан тәуелсіз болуын талап етеді.
– Мұндай жағдайда егер сот объективті болмаса оның қарауы қателіктер тудыруы ықтимал (әйтпесе ешкімнің де қарызы кешірілмейді немесе бәрінікін бірдей кешіреді не болмаса ала-құла шешім туады). Сот жүйесі мұндай жауапкершілікке дайын ба, әлде қарызды есептен шығару кезіндегі сот билігін біршама «тарылту» керек пе? Жобада қарыз сомасы 100-1000 АЕК аралығындағы қарыздарды есептен шығарудың салыстырмалы түрде қарапайым процесі қарастырылған. 100-1000 АЕК аралығындағы қарыздарды есептен шығарудың салыстырмалы жеңілдігі банктерді қарызды 1000 АЕК-тен асатындай «ұлғайтуға» итермелеуі мүмкін. Мысалы, қарыз көлемі 1000 АЕК-тен асқанша қарыз алушыны мазаламайды. Біз жобаның осы бөлігіне жасалған бақылау механизмін көрмедік, – дейді заңгер.
Экономист Сапарбай Жобаевтың пайымына сүйенсек, Қазақстанда банкрот болу – қаржылық еркіндіктен ажырау.
«Банкрот болсам, мемлекет бүкіл қарызымды кешіре салады деп жеңіл ойлауға болмайды. Егер заңды тұлға немесе кәсіпорын банкрот болса оның мүлігі, кеңсе техникасы, үй-жайын сатып, кредитор алдындағы қарыз бөлігін өтеуге болады. Жеке тұлғаның да мүлігі мен жылжымайтын мүлігін сатуға болады. Бірақ мүлігі жалғыз және қол сұғылмайтын болса, онда оны сату қиын. Демек, клиенттің қарызы кешірілмейді, өтеу үшін кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі. Әйтпесе үлкен мөлшерде несие алған кез келген қазақстандық банк алдындағы жауапкершіліктен жалтару үшін өзін банкрот деп жариялай беруі мүмкін ғой. Сондықтан бұл заң жобасы ұзақ дайындалады», дейді С.Жобаев.
Экономист Рахым Ошақбаев заңды дайындау кезінде жұмыс тобына міндетті түрде қарапайым қарыз алушылардың өкілдері қатысып, тұтынушылардың да мүддесі ескерілуі керек деп есептейді. Әйтпесе, мемлекет тағы да банктердің ығына жығылып, ертеңгі күні тек қаржы институттарына ғана тиімді заң айналымға еніп кетуі ықтимал.
«Шынымен қиын жағдайға тап болғандар ғана банкрот болуға тиіс. Ертең бәрі жаппай банк алдындағы қарыздарынан құтылып кетуге жол бермеу керек. Ондайда тәуекел өсіп, тұтынушылық несие ставкалары жоғарылап кетеді. Бұл үшін қазіргі заңды тұлғалар банкроттығы туралы заңға және халықаралық практикаға сүйену қажет. Процедура міндетті түрде сотпен рәсімделуге тиіс. Қауымдастық кешірілетін қарыз шегін де ұсынды. Банкрот болып танылғандарды сауықтыру да қаралуы керек. Қазір 3-5 жыл аралығында азамат ешқандай несие ала алмайды, кәсіпорын құра алмайды деген қарастырылып отыр. Ол тек жалдамалы жұмысшы ғана бола алады», дейді Қаржыгерлер қауымдастығының төрағасы Елена Бахмутова.
Дәл қазір қазақстандықтардың тұтынушылық займы 6 млн теңгені құрайды. Қаржыгерлер қауымдастығының дерегінше қарыз алушылардың 19 пайызында берешекті өтеу мерзімі 90 күннен асып кеткен.