• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Наурыз, 2014

Бухгалтер болғыңыз келе ме?

976 рет
көрсетілді

Жуырда «Қазкоммерцбанк» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, профессор Мұхтар ЕРЖАНОВ Халықаралық бизнес университетінің студенттерімен жүздесіп, дәл осы тақырыпта ой қозғап, пікір бөлісті. Орайын тауып белгілі қаржыгерге бірнеше сұрақ қойған едік. – Мұхтар Салтайұлы, бүгінгі таңда қоғамда бухгалтерлік есеп және аудит маманына сұраныс жағы қалай? – Әлбетте бұл мамандыққа сұра­ныс қашанда жоғары болған. Солай бола береді де. Әсіресе, ірі, орта және шағын бизнес компанияларына қаржылық есептіліктің, аудиттің халықаралық стандарттарын терең меңгерген, салық кодексін жақсы білетін, кәсіби сауатты мықты бухгалтерлер аса қажет. Нарық билеген заманда жаңаша ойлап, ұтқырлық танытпасаң уақыт көшіне ілесе алмай қалуың әбден мүмкін. Сондықтан да, бухгалтерге жүктелер сенім ерекше. Өйткені, бәрін есеп шешеді емес пе. – Сіз бұл орайда, лайықты мамандарды қай жоғары оқу орны дайындауы керек деп санайсыз? – Біздің елімізде есеп-қисап мамандарын кәсіби тұрғыда өте жақсы деңгейде әзірлейтін оқу орындары баршылық. Мен солардың ішінен Халықаралық бизнес университетін ерекше атар едім. Себебі, бұл білім ордасы халықаралық стандарттың заманауи талаптары бойынша кадр даярлауда алдыңғы орында тұр. – Кейбір мәліметтерге қарағанда, кейінгі кезде есеп жөніндегі мамандар саны тым көбейіп кеткенге ұқсайды. Осы мәселені жөнге келтірудің жолы бар ма? – Әрине бар. Қарап отырсаң қазір елімізде есеп-қисап маманын кез келген ЖОО дайындайды. Мәселен, жыл сайын техникалық, медициналық, технологиялық, ауылшаруашылық және өзге бағыттағы оқу орындары бухгалтерлерді топырлатып шығару үстінде. Алайда, одан не пайда. Сан бар, сапа жоқ. Оның берер пайдасы шамалы екендігі айтпаса да түсінікті. Білікті бухгалтерлерді тек бейімделген оқу орны әзірлегені жөн деп санаймын. Сондықтан да, бұл жүйені ретке келтірудің уақыты жетті. Мемлекеттік емтихан алу комиссиясының төр­ағасы ретінде менің байқағаным, өзгелерге қарағанда кадрлар даярлау мәселесінде Халықаралық бизнес университетінің шоқтығы биік. Мұнда мамандық бойынша машықтануға іс жүзінде үлкен мән беріледі. – Білікті мамандар даярлауда жұмыс берушінің рөлі туралы айта кетсеңіз? – Бұл тұрғыда жұмыс берушілер оқу орындарының түлектеріне назар аудара бастады. Мысалы, аудит жөніндегі қазақстандық ком­паниялардың атқарып отырған жұмы­сынан үлгі алуға болады. Олар екінші және үшінші курстың талантты әрі мақсатшыл студенттеріне көңіл бөліп, оқуды аяқтағаннан кейін жұмысқа шақырады. Көпшілігінің бі­ліктілігін арттыру мақсатында шет­ел­дер­гегі семинарларға жібереді. Жұмыс берушілер өздері қабылдаған маманның одан әрі біліктілігін жетіл­діруіне жан-жақты қолдау жасап отырады. Осындай жауапкершіліктің арқа­сында жас мамандар іс барысында тә­жірибе жинақтап, шеберлік танытады. – Өзіңіздің өсіп жетілуіңіз туралы айта кетудің реті келгені сыңайлы. – Мен мансапқа жету жолымды үнемі оқып үйренуге және есеп пен аудитті жетік игеруге арнадым. Өз мамандығымды жақсы көремін. Оның қыры мен сыры тереңде жатыр. Қаржы саласының маманы болуға талпынған әрбір талапкерді талмай ізденуге шақырамын. Сонда ғана түпкілікті нәтижеге қол жеткізуің сөзсіз. – Жетістікке жету үшін жоғары білімнің қаншалықты маңызы бар? – Оның маңызы зор. Жоғары бі­лімнің болуы өте қажет. Заман тала­бы сондай. Сондықтан да, халық­аралық стандарттарға сәйкес жоғары білім беру деңгейін тұрақты түрде көтеру күн тәртібінен түспеуі керек. Болашақ бухгалтерлерді даярлау мәселесіне үл­кен мән беріп, мамандандырылуға бай­ланысты да дұрыс бағытпен жұмыс ат­қарғанымыз абзал. Түйіндеп айтсам, есеп және аудит мамандықтарын өзге салалық оқу орындарына телімегеніміз жөн. Одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Әңгімелескен Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан».