• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Наурыз, 2014

Төтенше жағдайлардағы өрескел кемшіліктер

314 рет
көрсетілді

Төтенше жағдайлар министрлігі деп атының өзі төтенше аталған соң бұл министрліктің қызметі де адам өмірі үшін өте маңызды болып табылатыны рас. Алайда, оларға адам өмірінен артық не бар деп сенім артсақ та, амал не, сол маңызды істерінің бір бөлігін жемқорлық қоса алып жатады екен. Мәселен, соңғы екі жылда ғана  Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік қызметкерлері 55 сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған көрінеді. Бұл халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік орган үшін аз да, мәз де сан емес. Сондықтан да, мемлекеттік органдардың осындай өрескел қылықтарына сай үстіміздегі жылы шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланды деп толық айта аламыз. Бұған қоса Төтенше жағдайлар министрлігінде өрт деректері бойынша қозғалған қылмыстық істерді тергеу барысы сын көтермейді. Аталған мерзім ішінде осы дәрежедегі 3 мыңға тарта қылмыс тіркелген. Және бұл қылмыс ор-таша есеппен алғанда күніне 50 пайызға өсе түсуде. Сөйтіп, оқиғаның орнын дұрыс қарамаудан, оны тексеруге атүсті көңіл бөлгендіктен және аталған қылмыс түрін ашу амалын жетік меңгермегендіктен бұл қылмыстардың 70 пайызы ашылмай қалады екен. Ал бұл туралы Бас Прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің жиналысында ашық айтылды. Мұнда негізінен еліміздегі өрт қауіпсіздігінің 2011-2013 жылдардағы жай-күйі мәселелері талқыланды. Сөйтіп, аталған жиналыста Бас прокуратура Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікпен бірлесіп, еліміздің соңғы үш жылдағы өрт қауіпсіздігінің жай-күйін талдады. Талдау, шыны керек,  өрттің алдын алу жөніндегі жұмыстардың жеткіліксіз екендігін көрсетті. Прокурорлар өрт қауіпсіздігінің нормалары мен ережелерінің бұзылуы салдарынан оның соңы түрлі өртке, орасан мүліктік шығындарға, адам өлімдеріне әкеп соқтырғанын анықтады. Қолдағы құжаттарға қарап отырып, ондағы сандарды көргенде адам жаны түршігеді. Мәселен, соңғы үш жылда елімізде 46024 өрт оқиғасы орын алған, онда 1464 адам, соның ішінде 174 бала қаза тауып, 1776 адам түрлі жарақаттар алған.  Өрт салдарынан келген жалпы шығынның мөлшері шамамен 15,5 млрд. теңгені құрады. Барлық өрттердің 70 пайызы тұрғын үйлер секторларында болған.  Демек, мұндай шектен шыққандыққа жол берген, яғни жол бермеуге қызмет ететін, сол үшін қаржы алатын тиісті органдар қайда қарап отыр? Егер соншама аппатты жағдайлар қайталана берсе, онда адамдар мыңдап опат болып, тіпті, кішкентай балалар қаза тауып жатса кінәлілер қайда? Неге жұмыс талапқа сай жүргізілмейді? .Құжаттарды қарасақ, бұл сұрақтарға да жауап табылады екен. Өйткені, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қолда­ныстағы жүйесі республикамыздағы 6 989 елді мекеннің 272-сін ғана қорғауды қамти алатын болып тұр. Ауылдық мекендердің 90 пайызы өрттен қорғану жүйесімен қаматамасыз етілмеген. Өрт деполары ғимараттарының шамамен 65 пайызының пайдаланылғандығына қы-рық жылдан асқандықтан, олардың кейбірі апатты жағдайда деп танылған.  Соның өзінде бұл көрсеткіштер еліміздегі өрт қауіпсіздігіне қатысты шынайы жағдайды толыққанды көрсете алмайды екен, өйткені, бұл саладағы мемлекеттік есепке алу әлі де дұрыс жолға қойылмаған. Анықталған бұзушылықтар, негізінен алдын ала ескерту іс-шараларын жүзеге асыруға тиісті органдардың жіберген кемшіліктері мен олқылықтарына құқық бұзушылықтардың дер кезінде анықталмауына және жойылмауына байланысты болып отыр. Ал енді осыған сәйкес, жоғарыдағы өкінішті оқиғалардың қайталана беруіне кім кінәлі екенін өзіңіз де саралай беріңіз. Бұл аз десеңіз, онда оған, яғни осы саладағы маңызды проблемалар – өрт сөндіру бөлімшелерінің техникалық нашар жарақталуы, алыс орналасқан елді мекендерді өрттен толыққанды қорғауға мүмкіндіктің болмауы, ерікті өрт сөндіру құрамалары жұмыстарының тиімсіздігі, өрт фактілері бойынша қозғалған қылмыстық істердің тергелу сапасының төмендігін де қосып қойыңыз. Мысалы, негізінен қылмыстарды тергеудің әдіс-тәжірибесі болмауы салдарынан осы санатта тіркелген 2942 қылмыстың дені ашылмай қалып отыр.  Бұған не дейсіз? Бұдан өзге, өрт қауіпсіздігін және өрттің салдарын жоюды қамтамасыз ету бойынша іс-шаралардың бюджеттен тиісінше қаржыландырылмауы, бақылау-қадағалау іс-шараларын жүзеге асыру барысында қылмыстық немқұрайлылық пен сыбайлас жемқорлық оқиғаларының көрініс беруі және т.б. заңдылықтың жай-күйіне елеулі түрде әсер етуде. Талқылаудың қорытындылары бойынша үйлестіру кеңесінің мүшелері Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікке мүдделі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында елімізде өрт қауіпсіздігінің тиімді жүйесін құруға, азаматтар мен экономика нысандарының өрттен қорғалуы деңгейін тиісінше қамтамасыз етуге, пәрменді мемлекеттік бақылауды жолға қоюға және өрттер мен олардың салдарларын есепке алуға бағытталған заңнамалық актілер әзірлеуге ұсыным берді. Тұрғын үйлер секторын, сондай-ақ адамдар көп жиналатын нысандарды өрттен қорғауды қамтамасыз ету қажеттігін Бас Прокурор негізгі міндет ретінде айқындап көрсетті. Жиналысқа бейнеконференциялық байланыс арқылы қатысқан жергілікті атқарушы органдардың басшыларына ерікті өрт сөндірушілер құрамалары жұ-мыстарының тиімділігін арттыру, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі тапсырылды. Аумақтық прокуратура органдарына уәкілетті органдар мен лауазымды тұлғалардың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң талаптарын орындауын, кәсіпкерлік субъектілерінің қызметінде қауіпсіздік үшін тиісті жағдай жасау­­ды, сондай-ақ осы саладағы құқық бұзу­шылықтар мен қылмыстарды анықтау жән­е олардың жолын кесуді орындауын жүйелі түрде бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды. Сөйтіп, аталған отырыс жұмысына Үйлестіру кеңесінің мүшелері, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр кеңсесінің өкілдері, Парламент депутаттары, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Мәдениет министрлік-терінің басшылары қатысты десек, енді бұл сыннан да бір қорытынды шығарына үміт артамыз. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».