Шығыс Қазақстан облысы ғылыми интеграцияның дамуына айрықша ден қойып отыр. Жақында облыс орталығында Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы ғылыми ықпалдастық шеңберінде «Ғылыми зерттеулерді бағалау және іріктеу жүйесі. Зерттеушілік қызметтегі әріптестікті нығайту» атты халықаралық семинар өтті.
Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден аса және британиялық университеттердің 15 жетекші зерттеуші-ғалымдары келді. Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы және Британия кеңесінің (British Council) ұйымдастыруымен елімізде алғаш рет Өскеменде өткен семинар жұмысында екі ел арасындағы ғылыми интеграция игіліктері мен минералды байлық көздерін тиімді пайдалану бойынша әріптестікті дамыту мәселелері қаралды.
Мемлекет басшыларының келіссөздеріне сәйкес, екі ел арасындағы ғылыми ықпалдастық одан әрі дамуға бет алғанын байқататын жиында министрліктің Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Амандық Төлешов сөз алды. Ол халықаралық шараның тұңғыш рет Шығыс Қазақстан облысында өтіп жатқанын, Елбасының ғылымды экономиканың басты дамытушы күшіне айналдыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру үшін Ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы құрылғанын атап өтті. Қазіргі кезде аталған орталықта ғылыми жаңалығы бар жобаларды жүзеге асыру тетіктері қалыптасуда. Алдағы екі жылда комитет бес басым қағидат бойынша жұмыс істейтін болады. Мәселен, өнеркәсіптік инновациялар мен синхрондылық қағидаты ғылыми жаңалықтардың жергілікті өндіріске бейімділігін талап етеді. Бұл индустрияландыру бағдарламасы аясындағы гранттардың берілуіне жол ашады. Инфрақұрылымды дамыту ұстанымы бойынша ғылыми және инженерлік зертханалар ашылып, технопарктер жүйесі қалыптаспақ. Ғылыми қызметтің қаржыландырылуын жетілдіру де көзделіп отыр. Аталған бағыт бойынша жергілікті өндіріске тікелей қатысы бар ғылыми жобалардың 25 пайызын кәсіпкерлік нысандары қаржыландырады. Ел экономикасының стратегиялық бағыттарына қызмет ететін қазақ ғылымындағы гранттарға жасы 35-тен аспаған зерттеушілер тартылатын болады.
Британия кеңесінің директоры Саймон Уильямс Ұлыбританияда дарынды ғалымдарды қолдайтын халықаралық Ньютон қоры құрылып жатқанын, бұл ұйым Қазақстанды да қамтитынын жеткізсе, «Назарбаев Университеті» жер ғылымдары орталығының директоры Асқар Мұнара елімізде геологиялық инфрақұрылым қайта түзіліп, заманауи зертханалар ашу жоспарланып отырғанын айтты. Бұл – жас ғалымдардың геология саласына бет бұруына, моноқалалардың дамуына да оң әсер етеді деп күтілуде.
Екі ел арасындағы ғылыми ықпалдастықтың артуына отандық ғалымдар да, британдық зерттеушілер де мүдделі.
Халықаралық шара барысында меймандар өңірдің жетекші кәсіпорындары мен ірі кен орындарында болды.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.