• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Наурыз, 2014

Жер – халықты асыраушы

300 рет
көрсетілді

Кезекті халыққа Жолдауында Мемлекет басшысы Үкіметке Жер заңнамасын жетілдіруге қатысты бірнеше тапсырмалар бергені белгілі. Бұл мәселе бүгінде ғылыми ортада кеңінен талқылануда. Осыған орай Қазақ ұлттық аг­рарлық университетінде Өңірлік даму министр­лігінің бірінші вице-министрі Қайырбек Өс­кен­баевтың қатысуымен Жер қатынастары заң­намасын жетілдіру туралы арнайы  мәжіліс болып өтті. Басқосуды ҚазҰАУ ректоры, академик Тілектес Есполов ашып, мазмұнды баяндама жасады. Ректор өз сөзінде:  «Жер мәселесінің қашан да мәні мен маңызы жоғары. Ол ешқашанда мемлекетіміз бен үкіметіміздің күн тәртібінен түсіп көрген емес. Оның еліміздің алдында алып отырған көкейкесті проблемалары да аз емес. Оны оңды шешу бағытында қолға алынып жатқан игілікті іс-шаралар да кезек күттірмейтін міндеттерге айналды. Соның бәрі де жерге байланысты заң шеңберіндегі заңдылықтарға сәйкес атқарылып келеді. Қазақстан экономикасының еселеп артуына жердің берер пайдасы көп. Сондықтан әлеуметтік жағынан халықтың талабын қанағаттандыру үшін жерді игеруге ғылыми көзқараспен қарауымыз қажет», – деді. Елбасы тапсырмасына орай бүгінде Өңірлік даму министрлігі тұрғын үй құрылысының, жер телімдерінің, жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау механизмін қалыптастыру мен жетілдіру жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі кезде заман ағымына сай жерді пайдаланып игеруде, заңдық тетіктерді жетілдіру маңызды болып отыр. Мысалы жерді алған кез келген меншік иесі, мейлі ол банк болсын немесе жеке тұлға болсын, сол жерді мақсатты түрде пайдалануы қажет. Өкінішке қарай кейбіреулер олай істемей отыр. Сонда ауыл адамдары қайда жұмысқа барады? Ауыл тұрғыны бұл жер учаскесінде жұмыс істей алмайды, өйткені, ол жер басқаға тиесілі, ал жердің иесі оны қажетіне жаратпай отыр. Сол себепті осы мәселе әлі де болса тиісті орындарда жан-жақты саралануы қажет. Бұл ретте ауылшаруашылығы мамандарының өз айтарлары бар. Өйткені, жер тек аграрлық саланың ғана айналысатын мәселесі емес. Сондықтан енгізілетін өзгерістердің мемлекет үшін маңызы зор. Осы орайда Өңірлік даму министрлігінің Жер кодексіне енгізілмек өзгерістерді ғалымдармен кеңесе отырып талқылауы өте орынды. Қазақ ежелден жер – халықты асыраушы дейді. Сондықтан да әр жер телімі оның иесіне де мемлекетке де пайда әкелуі тиіс. Жиын барысында Өңірлік даму министрінің бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаев, Р.Елешев, С.Кененбаев, А.Омбаев, А.Сапаров сынды ғылыми-зерттеу институттарының директорлары мен А.Рау, М.Алексеева, Т.Жоламанов секілді ҚазҰАУ ғалымдары сөз сөйлеп, аталған мәселеге орай ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Қанат Ескендір, «Егемен Қазақстан».