Күллі мұсылман халқы сынды қазақтар да Наурыз тойын ежелден бері атап өтіп келеді. Алтайы мен Атырауының арасы айшылық алыс жол болса да, қазақтың Наурызды тойлауында көп өзгешелік жоқ. Бәрі де алты ай қыстан аман шыққан елдің арқа-жарқа жай-күйін дәріптеп, көкке мойын созып, аққа ауызы тиген мал-жанның бірлігі мен тірлігін марапаттап, көбесі сөгілген қардан кейін ат-түйеге тақым артып, ауыл-ауылдағы ағайын-туысқа сәлем береді, соғым соңын қазанға сап, наурыз көжеден ауыз тиеді. Ұлы Абай айтпақшы, «Күлімдесіп көрісіп, мауқын басып, қырдағы ел ойдағы елмен араласып» жүретін шақ нақ осы Наурыз.
Әр кәсіпке күн арнап, жеке-дара шараға дастарқан жайып жатпаған ата-бабамыздың маңдайына жазған екі-үш мейрамы болған. Соның ең үлкені де, ұлысы да осы Наурыз тойы. Наурыз тойының ерекшелігі – күллі қазаққа ғана емес, барлық мұсылман баласына ортақ мереке. Бірақ халқымыздың көне заманғы ауызша тараған күнпарағында жаңа жылды наурыздың он төртінен бастайды. Оған дәлелді тым әріге бармай-ақ, шығыстың жеті жұлдызының бірі Омар Һаямның «Наурызнәмесінен», басқа да көне әдебиеттерден көруге болар еді. Оның мәнісі – қашан да әр айдың он төртінде Ай толысады. Соған сай халқымыз ол күнді айдың (жұлдыздың) бір жаңасы дейтіні белгілі. Өйткені, жұлдыз қазақ ұғымында айдың синонимі. Оған бір дәлел келтірейік. Ыбырай Алтынсариннің жұртшылыққа жақсы таныс:
Кім сендерді сағынар шетке кетсең,
Ғылым іздеп, тез қайтпай көпке кетсең.
Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз сайын,
Хат жазып тұр, төбесі көкке жетсін, – деген жолдарындағы «жұлдыз сайын хат жазып тұр» дегені күнбе-күн деген ұғымды бермейді, есесіне ай сайын дегені ғой. Яғни, біздің осы күнгі «Айдың пәленше жұлдызы» деуіміз түбірімен қате.
Енді толған айға қайта оралсақ, қисса-дастандарымызда сұлу қызды «он төртінде толған айдай» деп жатсақ, ол әбден бойжетіп, кемеліне келгені. Сайып келгенде мұның бәрі күллі қазаққа тән ортақ ерекшеліктер. Бірақ осы наурыздың барша қазаққа ортақ емес бір жері бар, ол – көбіне-көп кең-байтақ Қазақстанның батыс өңіріне ғана тән – наурыздың алғашқы күні кішінің үлкенге, үлкеннің замандас, құда-жекжат, барлық мұсылман баласына қол алысып көрісуі. Бір қарағанда, ол қазақтың өзімен бірге жасасып келе жатқан игі дәстүрі. Ол жаңа жылмен басталып, келесі жаңа жылға дейін мән-мағынасын жоймайды. Наурыздың алғашқы күні кездескен екі адам бір-біріне міндетті түрде қос қолын беріп амандасады. Қол ұсыну кезегі жастыкі. Үлкендер ылғи да жастардың көрісуін дәметіп, күтіп отырады. Бұл кейінгілердің аға ұрпақты сыйлауы, құрметтеуі. Яғни бірінші жақ «Қолымда ешнәрсе жоқ, ақ-адал доспын, сізге Алланың нұры жаусын» десе, үлкені міне, «Менде де ештеңе жоқ, саған да нұр жаусын, аман бол» дегенді білдіреді. Астарында жақсылық-жамандық адамның қолымен жасалады, қол таза болса, ниет түзу, пейіл ақ деген ұғым жатыр. Көрісу наурыздың бірінші күні басталады. Соңғы кезде халық юлиан күнтізбесі бойынша наурыздың 14-інен бастап көріседі. Ал 22 наурызды үлкен мерекеге айналдырады.
Осы арада аталған көрісудің ерекшелігі қандай деген сұрақ туады. Көрісуде ер адамдар мен әйел адамдардың арасында шектеу болмайды. Тек атасы мен қайнағасы келіндеріне қол беріп көріспейді, келіндері де солай. Ал ер адам ата-ене, әке-шешеден бастап, барлық тума-туыстарымен көрісе береді. Көрісу алдымен әркімнің өз үйінде, ата-анасынан басталып, әрі қарай жалғасады. Алыстағы ағайынға арнайы барып көріседі.
Көрісу адамдардың жынысына қарай бөлінеді. Жастар үлкендерге сәлем беріп, кейін екі қолын ұсынып көрісу шартын жасаса, жасы ұлғайған аналар бір-біріне алақанға алақан тосып құлаштаған күйі әуелі оң иығын, сосын сол иығын түйістіріп, құшағын жазған күйі төске-төс түйістіреді, қайтадан алақандарын қосып көріседі. Ал жалпы, ер адамдар қос қолын ұсынып көрісе береді. Көрісу кезінде ертеде кем дегенде бес үйге бас сұғып, сәлемдесу міндет болған. Көрісу күні ешкім ешкімді шақырмайды, бірақ жастардың үлкенге сәлем беруі – парыз. Көрісу әдетте жыл аяғына дейін жүре бергенімен, бір ай шамасында өтетін игілікті шара – науқан. Оның бұзылмас заңы ер адам жасы үлкен-кішілігіне қарамай, ұзатылған қызға арнайы барып көріседі. Жөн білетін бәйбішелер ондайда қонақ алдында қызармас үшін соғымның шұрайлысын іркіп ұстап, осы шараға сақтайды. Сондай-ақ, Наурыз мерекесі кезінде үйдегі барлық киім-кешектер мен өлі мүліктер де сандықтар мен бумалардан шығарылып, адалбақанға ілінеді. Ол, біріншіден, Наурыз мерекесі кезінде барлық жанды-жансыз жылды көруі керек деген қағидадан туындаса, екіншіден, малдан басқа мақтанары жоқ көшпенділердің табиғи мақтанышы – үй көрсетуі. Бұрынырақта байлар асыл мата, қымбат аң терілерін киіз үйдің сыртына шығарып ілдірткен. Сонда қыр басынан қарағанда, түрлі-түсті дүниеден тұратын керемет көрме секілді әсер қалдырған. Сондай-ақ, айт пен тойдан басқа күндері қарапайым киіммен-ақ ауыл-ауылды аралай беретін қазекең наурызға бір қабат болса да жаңа киім ауыстыруға тырысқан. Яғни, күллі дүние жаңарып-жасарып жатқанда табиғаттың төл перзенті саналатын адамның одан шет қалғысы келмеген. Және ескі жылдағы қайғы-қасірет пен өкпе-реніш сол ескі киіммен келмеске кетсін дегенді де меңзеген.
Көрісу – өткен қыстан, жылдан аман-есен шықтық, жаңа жылға, адамзаттың жап-жасыл түске бөленіп, жасарар шағы – тағы бір жылға, көктемге жеттік, енді қысылыс жоқ, адамның аузы аққа (уызға), мал аузы көкке тиді, адамның адаммен, жылдың жылмен көрісіп, қауышуы, ұлы той деген ұғым болса керек.
Міне, бұл – бізге өткеннен жеткен игі дәстүр.
Наурыз бақты, ел ақты, жұртымыз тыныш болсын!
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
жазушы.
Атырау облысы.