Жыл басында болған қайғылы оқиғалар елімізге терең, жүйелі және шынайы өзгерістер қажет екенін көрсетіп берді. Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінде жаңа Үкімет пен Қазақстан халқының алда тұрған міндеттері туралы баяндамасында бүгінгі таңда қоғамды алаңдатып отырған, әрбір қазақстандықтың көкейіндегі өзекті мәселелерге тоқталып, оны толық, жан-жақты талдап, алда тұрған міндеттерді анықтап, оның шешу жолдарын айтты.
Өз сөзінде Қ.Тоқаев мемлекетті алға дамытудағы ауқымды міндеттерді ашық көрсетіп, қарапайым халықтың жағдайын жете, терең түсінетінін, әлеуметтік-экономикалық салаларда орын алған кемшіліктер мен қиындықтарды еңсеруге бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
Ашығын айтар болсақ, жыл басында болған қайғылы жағдайдың негізгі себебі, көп жылдар бойы шешімін таппай қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық мәселелер. Атап айтсақ,жұмыссыздық пен бағаның өсуі, жемқорлықтың жаппай етек алуы, қоғамдағы әділетсіздік, азаматтардың құқықтарының қорғалмауы, мемлекеттік орган қызметкерлерінің халық талабына құлақ аспауы, қарапайым халықтың өмір сүру деңгейі мен тұрмысының қиындап кетуі еді. Қарапайым халықтың көкейтесті мәселелері ұзақ жылдар бойы шешімін таппай, бай мен кедейдің алшақтығы жылдан-жылға өсіп, қоғамда теңсіздікке жол беріліп келді. Президент «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасына мемлекеттік органдар формальды түрде қарап, атқарушы билік пен халық арасында түсінбеушіліктер орын алып, алшақтық өсе берді. Әйтпесе, еліміздің батыс өңіріндегі газ бағасының ешбір қоғамдық талқылаусыз, халық пікірімен санаспай бір күнде екі есеге өсіп кетуін қалай түсінуге болады?.. Тиісті мемлекеттік органдардың, тіпті ел Үкіметінің халық наразылығына немқұрайлы қарап, құлақ аспауы, мәселені шешуге ұмтылыс білдірмей жағдайды ушықтырып жіберуін немен түсіндіруге болады? Бұл мəселе тек Мемлекет басшысының өзі араласқан соң ғана оң шешімін тауып, газдың да, коммуналдық төлемдердің де бағасы өз орнына келді. Барлық мәселе тек Президент арқылы шешілетін болса, онда Үкіметтің қажеттілігі қанша? Президент Қ.Тоқаевтың Үкіметті отставкаға жібергенін мен толық қолдаймын. Сонымен бірге халықтың наразылығының туындауына жол берген, қордаланған проблемаларды дер кезінде зерттеп, талдап, шара көрмеген тиісті басшы қызметкерлердің жауапкершілігін заң жүзінде қарау қерек деп есептеймін.
Мемлекет тарапынан қолдау шараларының жеткіліксіздігі, тиімсіздігі, әділ бәсекелестіктің болмауы, баға белгілеуде ымыраластыққа жол берілуі, тағы да басқа кемшіліктер экономиканың алға басуына, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кері әсерін тигізіп келеді. Президент өз сөзінде «қалыптасқан жүйе негізінен ірі құрылымдарға «достарға – бəрі, қалғандарына – заң бойынша» қағидатымен қызмет көрсетуге бағдарланғанын айтып, Қазақстан даму банкі жұмысын қатты сынға алды. Мемлекет басшысы казіргі таңдағы теңсіздік мәселесіне, әсіресе мүліктік жіктелуді, сонымен бірге халықтың әлеуметтік проблемалары толық шешілмей жатқанын ашық көрсетіп, Үкіметті көпшіліктің көкейінде жүрген «Самұрық-Қазына» қоры және басқа да ұлттық компаниялардың сатып алуларының ашықтығына қатысты мәселелерді, жекешелендіруге байланысты шешімдердің толық, ашық әрі айқын болуын, экономикадағы олигаполия, бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік шаралардың кемшіліктерін, жемқорлық секілді мемлекеттің дамуын тежейтін проблемаларды шешуге шақырды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керек екеніне тоқтала келе былай деді: «Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мəселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл Үкімет пен əкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударамын. Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді». Бұл өте орынды айтылған жайт. Бүгінде елімізде ауыл шаруашылығына қолдау көрсету өз дәрежесінде емес. Ауыл шаруашылығына бөлінетін несиелер мен субсидияларды негізінен ірі алпауыттар алады да, олар баю үстіне байи түседі. Ал шағын шаруаларға несие, субсидия алу үлкен проблема.
Жылдан-жылға шаруалар жанар-жағармайдың қымбаттауынан және науқан кезінде оның жетіспеушілігінен зардап шегіп келеді. Тек соңғы бір жылда жанар-жағар май бағасы 50-60-пайызға, ағын судың тарифі екі есеге өсті. Ал азық-түлік бағалары жыл сайын қымбаттап, халықтың наразылығын тудырып жатса да, оған тиісті дәрежеде көңіл аударып, шара жасап жатқан Үкімет жоқ. Президент нарық жағдайында жанар-жағар май өндірушілер мен арадағы əртүрлі делдалдардың қосымша пайда алатынын, осы маржанның бір бөлігін акциздер арқылы бюджет пайдасына алу қажет деп санаймын деген орынды ұсыныс айтты. Осы орайда азық-түлік бағаларының өсуіне жол бермеу мақсатында, жанармайдың ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнының едәуір бөлігін құрайтынын ескеріп, азық-түлік тұрақтандыру қоры сияқты, жанармайдың тұрақтандыру қорын құрып, шаруаларды арзан жанар маймен қамтамасыз етуді қолға алса, бұл да азық-түліктің арзандауына әсер етер еді. Арадағы делдалдарды да барынша азайту керек. Әрине, бұл Үкімет тарапынан терең зерделеуді қажет етеді.
Президент алдағы басты міндетіміз дәл қазір ел күтіп, қоғам талап етіп отырған əділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру екенін, кез келген істі əділдік қағидатын басшылыққа алып атқарсақ, біз мақсатымызға толық жететініміз туралы айтты. Халықты ұдайы жалынды сөздермен, ұрандармен, идеялармен, алдағы бағдарламалармен, мақтаулармен алдаусырата алмайсың. Халық экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, азаматтардың күнделікті тұрмысы жақсара түспесе, еліміздің жетістіктерін құр мақтан етудің қажеттілігі қанша?
Қ.Тоқаев ел Президенті болып сайланғаннан бастап өзінің басты ұстанымы əділеттілік екенін, онсыз қоғам ешқашан дамымайтынын айтып келеді. «Əділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін өзі жоғалтып алумен бірдей. Сондықтан əділетсіздікпен мемлекет, қоғам, əр адам күн сайын бірігіп күресуіміз керек. Халқымыз айтқандай, «Əділет жолы – ауыр жол», бірақ ауыр болса да одан басқа тура жол жоқ. Қоғам əділеттілік салтанат құрғанда ғана жаңарады, дамиды. Қоғамда болып жатқан барлық келеңсіз жағдайлар: сыбайлас жемқорлық, байлар мен кедейлердің табыстарының алшақтығы, ұлттық байлықтың теңдей жəне əділ бөлінбеуі, азаматтардың құқықтарының қорғалмауы, қолданыстағы заңдардың толыққанды орындалмауы биліктің жүргізген саясатының əділеттілігіне байланысты. Сондықтан да басты мəселе – қазақ қоғамының əділетті жолмен дамуында. Тəуелсіз еліміздің тұғырының биіктігі, мызғымастығы қоғамдағы əділеттілік деңгейімен өлшенеді. Еліміздің алға дамуы үшін келісім мен ынтымақ, ауызбіршілік керек екені бəрімізге аян болса, ол тек əділеттілік бар жерде ғана болады. Əділеттілік – тəуелсіздіктің темірқазығы. Әділетсіздік белең алған кез келген қоғам тығырыққа тіреледі, тоқырауға ұшырайды, ел тəуелсіздігіне қауіп төнеді, мемлекеттілігімізге деген сенім төмендейді, билікке наразылық күшейеді. Кеше ғана елімізде болған трагедия соның айқын дәлелі. Сондықтан да əділетсіздікпен аяусыз күресу біздің басты міндетіміз болуы керек. Жасыратыны жоқ, елімізде бюджет қаржысын екінші деңгейдегі банктердің қарызын жабуға, қымбат ғимараттар мен жиһаздар сатып алуға жұмсап, тендерлер арқылы талан-таражға салып жатқан фактілер жеткілікті.
Президенттің сөзінде тәуелсіз еліміздің мүддесін қорғайтын, болашағын айқындап берген түйінді, батыл ойлар айтылған, халқымыздың, ұлтымыздың көкейінде жүрген өткір сұрақтарға нақты жауап берілген. Бұған дейін билік тарапынан халық көңілінен шығатындай мұндай терең ойлар, идеялар, ұсыныстар, қоғамдағы орын алып отырған кемшіліктер ашық айтылған емес. Еліміздің алдында ауқымды да, күрделі міндеттер тұр. Қазір халық Үкіметтен нақты жұмыс пен нəтиже күтіп отыр. Сондықтан Үкімет елдің сенімі мен үмітін ақтау үшін аянбай жұмыс істеп, елге қатысты бар тірлікті халықпен ақылдасып, талқыға салып, сөзбұйдаға салмай уақтылы шешіп, елдегі жағдай туралы халыққа шынайы, дұрыс ақпарат беріп отырулары керек. Халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу Үкіметтің ең басты міндеті болуы керек. Егер еліміздің азаматтарының дені сау, тұрмысы табысты, қарны тоқ, баспанасы мен көлігі болса ешкім көшеге шықпайды.
Қоғамда қордаланған проблемаларды шешу үшін, Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақстанға жаңару керек. Халқымыздың тұрмысын жақсарту мен еліміздің мол байлығын көпшіліктің игілігіне жарату, тиімді мемлекет пен əділетті қоғам орнату үшін Президентіміздің төңірегіне тығыз топтасып, оның əрбір шешіміне қолдау көрсетуіміз қажет. Тəуелсіздікті баянды ету, нығайту, оны қорғау – əрбір қазақстандықтың борышы.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
қоғам қайраткері