Кеше елордада ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Бейбітшілік және адам құқықтары орталығының президенті (Осло қаласы), Норвегия Корольдігінің экс премьер-министрі Къелл Магне Бондевикпен кездесті.
Ол Қазақстанға ЕҚЫҰ-ға төраға ел ретінде осы ұйымның түрлі өлшемдеріне қатысты мәселелерді талқылау және біздің мемлекетімізбен бітімгершілік саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында келген болатын.
К.М.Бондевик Қазақстанның ел ішіндегі ұлтаралық және дінаралық келісімді нығайту, толеранттылық қағидаттарын халықаралық деңгейде ілгері жылжыту салаларындағы күш-жігеріне жоғары баға берді. Норвегиялық саясаткер Қазақстанның және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басының, әсіресе, өткен сәуір айында Вашингтонда ұйымдастырылған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте айрықша айтылған Ядролық қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздікті бекемдеуге қосқан үлкен үлесін ерекше атап өтті.
Кездесуде, сонымен қатар, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық миссиясын орындаудағы тиімді де прагматикалық қадамдары атап айтылды. Сұхбаттастар Қазақстанның Ұйымның үш өлшемі – әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық өлшемдерінің теп-теңдігін қамтамасыз етуге нық жақындығын атап көрсетті. Сонымен бірге, Астананың төрағалық кезеңінде гуманитарлық өлшемдер бойынша бірқатар салмақты шаралар ұйымдастырмақ ниеті республиканың ЕҚЫҰ-ның осы маңызды саладағы күш-жігеріне жаңа серпін қосуға ұмтылысын айғақтайтыны аталды. Бұл жерде әңгіме алдағы маусым айында Данияда өтеді деп жоспарланған ЕҚЫҰ-ның адам құқықтары саласындағы ең басты құжаттарының бірі – Копенгаген құжаты мен Астанада ұйымдастырылады деп күтіліп отырған толеранттылық және кемсітпеушілік жөніндегі жоғары деңгейдегі конференция.
Осыған байланысты Қ.Саудабаев пен К.Бондевик ЕҚЫҰ аясында адам құқықтарын ілгері жылжыту саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту перспективаларын талқылады.