Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда әлемдегі ең беделді жоғары оқу орындарының бес филиалын ашуды тапсырды. Филиалдарды ашу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде ең беделді шетелдік университеттердің 5 филиалы ашылады. Қазіргі уақытта елде Де Монтфорт Лестер Британ университетінің филиалы жұмыс істей бастады. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін Аризона университетінің сенімді басқаруына беру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Техникалық бағыттар бойынша Ресейдің үздік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша келіссөздер басталды. Қазіргі уақытта тағы бір Британ университетінің филиалын ашу бойынша келіссөздер жүргізілуде», деді Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында.
Министр атап өткендей, жоғары оқу орындарының екі филиалын еліміздің батыс өңірлерінде ашу жоспарлануда.
Бұған дейін Премьер-Министр Әлихан Смайылов Білім министрлігіне 7 ақпанға дейін жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша Жол картасын енгізуді тапсырған болатын.