Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Самал-3 шағын ауданына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аудан тұрғындарымен кездесу барысында қала әкімі Абай ауданына қарасты Самал-3 шағын ауданының 27 мыңнан астам тұрғыны биыл орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылатынын хабарлады.
Шағын аудан тұрғындары әкіммен болған ашық сұхбатта интернет, жол мәселесі мен аялдама орнату бойынша өтініштерін жеткізді.
Халықтың сұрақтарына жауап бере отырып, қала басшысы өткен жылы үш көше жөнделсе, осы жылы 7 көшеге асфальт төселетінін ал, кәріз жүйелері жүргізіліп жатқан көшелерде құрылыс жұмыстары аяқталған соң, алдағы жылдары асфальттау жұмыстары атқарылатынын айтты. Сонымен бірге шағын ауданды сапалы интернетпен қамту үшін жыл соңына дейін талшықты оптика желісімен қамту жұмыстары жүргізілетінін хабарладыі. Ал аялдама орнату мәселесі бойынша салалық басқармаға зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ Мұрат Әйтенов осы жылы бюджет есебінен 3 спорт алаңша мен 1 балалар алаңшасы салынатын айтып, бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау үшін жасалып жатқанын атап өтті.
Жалпы, Самал-3 шағын ауданында 6800 отбасы тұрады. Елді мекен тұрғындары ауыз сумен, табиғи газбен және сапалы электр жарығымен толықтай қамтылған. Мұндағы коммуналдық мәселе - кәріз жүйесін ретке келтіру. Әкім бұл мәселе де биыл шешімін табатынына сендірді.
Өткен жылы 6 көше жарықтандырылса, биыл тағы 1 көшеде жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі.