Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында «Нұр Отан» партиясының Сайлауалды тұғырнамасын іске асыру барысы қаралды. Тұғырнаманың 2013 жылғы қорытындылары талқыланды.
С.Ахметов жиында «Бізге көкейкесті тапсырмалар беріп отыратын Мемлекет басшысы, әсіресе, «Нұр Отан» партиясының соңғы съезінде алдымызға үлкен міндеттер қойды. Біз бұл жауапкершілікті сезінуіміз және осы тапсырмаларды орындауға байыппен қарауымыз керек», деді.
Отырыстың күн тәртібіндегі мәселеге орай партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек баяндама жасады. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың басты мақсаты қазақстандықтардың өмірін жоспарлы түрде жақсарту, ал оның негізгі өлшемі азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйі болып табылатынын мәлімдеді.
«Партия бюросында Үкіметпен бірлесіп дайындалған Тұғырнаманы жүзеге асыру көрсеткіштерінің тізбесі бекітілді. Көрсеткіштердің 75 пайызы нақты және тұрғындар үшін өлшемді индикаторларға бағдарланған. Оларды орындауға нақты мемлекеттік органдар бекітілген», деді Б.Байбек.
Сондай-ақ, ол тәуелсіз әлеуметтік сауалдамалар жүргізу және партияның қоғамдық қабылдаулары берген сараптамалар арқылы Тұғырнаманы жүзеге асырудың кешенді мониторингі тетігі енгізілгеніне тоқталды. Атап айтар болсақ, 2013 жылы партияның қоғамдық қабылдауларына 800 мың адам өтінішпен келіпті. Естеріңізде болса, өткен жылдың 1 желтоқсанында партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық қоғамдық қабылдаудың жаңа ғимаратында азаматтарды жеке қабылдап, партиямен «онлайн» режімде тікелей байланыс жасауға мүмкіндік туғызатын «Электронды партия» жобасын іске қосқан болатын.
«Аталған жүйенің арқасында біз мемлекеттік органдардың жұмысы жайлы объективті ақпараттарды «бірінші қолдан» алып, тіпті, әрбір ауданға дейінгі барлық өрісі мен саласына бақылау жүргізе аламыз», деді Б.Байбек.
Партия Төрағасының бірінші орынбасарының баяндамасынан соң отырыста Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев Тұғырнаманың өткен жылғы экономикалық блогының орындалуы барысы туралы хабарлады. Ол ІЖӨ өсімі былтыр 6 пайызды құрағанын, оның жоспарлы деңгейге сәйкес болғанын, ІЖӨ-нің тұрғындардың жан басына шаққанда 13 мың АҚШ долларын құрағанын, 2013 жылы халықтың нақты табысының оның алдындағы жылмен салыстырғанда 3 пайызға, еңбекақының 1,6 пайызға өскенін, жұмыссыздық деңгейінің 5,2 пайызды құрағанын айтты.
Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Министрдің мәліметінше, Қазақстанда жобалық қуаттылығы жылына шамамен 1,5 млн. шаршы метр болатын үй құрылысы комбинатының 17 жобасын жүзеге асыру қарастырылған, оның 9 жобасын ағымдағы жылы енгізу жоспарланған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова да Тұжырымдамада көзделген міндеттер бойынша өз министрлігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Ол Үкіметтің 2011 жылдан бері «Жұмыспен қамту жол картасын» жүзеге асырып жатқанын, осы кезеңде бағдарлама 267 мың адамды қамтып, 157 мың адамның жұмысқа орналастырылғанын атап өтті.
Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов 2013 жылы колледж түлектерінің жұмысқа орналасуы 70,5 пайызды құрағанын хабарлады. БҒМ басшысы «Республика бойынша оқу орындары мен компаниялар, кәсіпорындар арасында техникалық және кәсіптік оқу орындарын бітірушілердің тәжірибеден өтуі мен еңбекке орналасуын ұйымдастыру мәселелері бойынша 25 мыңнан астам келісімшарт жасалғанын» атап көрсетті.
«Әлеуметтік елеулі мәселелерді шешу – Үкіметтің, Парламент Мәжілісіндегі партиялық фракцияның және партияның барлық құрылымдарының бірлескен жұмысының негізі. Нұротандық депутаттар Үкіметпен бірлесіп, өздерінің заң шығарушылық қызметінде үнемі Сайлауалды тұғырнама ережелеріне арқа сүйейді», деп мәлімдеді Үкімет отырысына арнайы қатысқан Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы басшысының бірінші орынбасары Сергей Дьяченко.
Бұл мәселелер бойынша, сондай-ақ, бірқатар басқа да министрліктер мен ведомстволар басшылары, Шығыс Қазақстан мен Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері сөйледі.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».