• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Ақпан, 2022

Отанды қорғау «қанша тұрады?»

1391 рет
көрсетілді

Отан қорғау – егемен елдің әр азаматы үшін негізгі міндет екені түсінікті. Алайда «Қасіретті қаңтардан» кейін кәсіби армиямыздың кем-кетігін түгендеп, жоғын жоқтағанымыз шындық. Тәуелсіздігіміздің тағдыры таразы басына түскен сын сәтте көптің көкейінде жүрген көп сұрақ ашық қойыла бастады. Рас, бұл салада қордаланған мәселе жетіп артылады. Соның бір парасы еліміздегі жоғары оқу орындары жанынан ашылған әскери кафедраларға қатысты.

Әскери кафедра: Ол кім? Бұл не?

Әскери кафедра – қарулы күш­тер мен басқа да әскери құ­ры­­лымдар үшін запастағы офи­церлер даярлайтын дайындық курсы. Қазақстандық универ­си­теттердің базасы бойынша әске­ри дайындық 2-курстан бастап оқы­тылады. Кафедраны тәмамдап, лейтенант әскери атағын алып шыққан жас­тар бірден резервке енгізіледі. Осылайша, қажеттілік туындаған жағдайда олар әскери қызметке шақыртылады. Әсіресе, елге қандай да бір қауіп төнгенде армия қатарына қосылуға мін­дет­телген.

Қазақстанда қанша уни­вер­ситеттің базасында әскери кафед­ра бар? Запастағы офицерлер қан­дай мамандықтар бойынша даярланады? Оқу мерзімі қанша жылға созылады? Неліктен кеше­гідей ел егемендігіне қауіп төн­генде сол әскери күшті пай­да­ланбадық? Әскери кафедра – әскери билет саудалайтын ошаққа айналып кеткен жоқ па? Лейтенант атанудың құны қанша? Жалпы, әскери атақ­ты сатып алуға бола ма? Отанды қорғау дейтін қасиетті міндет «қанша тұрады»? 

Әскери кафедралар туралы қоғамда қалыптасып қалған осындай көзқарас пен пікірдің ақ-қарасын ажырату үшін осы саланың басы-қасын­да жүрген бірнеше маманды әңгімеге тартқан едік. Оның себебі де жоқ емес. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, қазір­гі таңда Қазақстандағы 36 жоғары оқу орнының базасында әскери кафедра бар. Оның 6-ы медициналық ЖОО-да жасақталған. Кеңес кезінде мұндай оқу циклдарының саны 10-нан аспаған. Бүгінгі қоғамда жылына бұл кафедралардан 8 мыңнан астам запастағы офицер дайындалып шықса, соңғы төрт жылда 32 мыңға жуық студент лейтенант шенін алған. Сол 8 мың офицердің тек 3 600-і мемлекеттік тапсырыспен тегін оқиды, ал қалған 4 400-і ақылы негізде білім алады. Екі жылдық әскери оқу үшін бір студент шамамен 350 мың теңгеден астам қаржы төлейді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша қазіргі таңда жыл сайын 3 700-ден астам орын берілетінін ескерсек, оқу орындарының запастағы офицерлерді даярлаудың арқасында қанша пайда тауып отырғанын шамалауға да болады.

Қазақстандағы 36 әскери кафедра­ны аймақтарға бөліп қарастырсақ, рес­публиканың солтүстік өңіріндегі 10-нан астам ЖОО-да осындай кафедра жасақталған. Ал оңтүстік аймақтарда 15 кафедра жұмыс істейді. Елдің батысында орналасқан университеттердің төртеуінде ғана әскери дайындық цик­лы болса, шығыста үш-ақ жоғары білім беру мекемесінің базасында бар. Грант саны университеттегі факультеттер мен онда оқитын студенттердің санына қарай бөлінеді. Сондай-ақ әскери кафедраларда оқытылатын мамандық түрлері де ескеріледі.

Елімізде ең алғашқы әскери кафедра 1934 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰЗУ-да ашылған. Сол кезден бастап Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰЗУ-дың әскери кафедрасынан 6 Кеңес Одағының Батыры шыққанын да мақтанышпен айтуға болады. Тәуелсіздіктің 30 жылында әскери кафедралар 110 мыңнан астам запастағы офицерді даярлап шығарған.

Елімізде дәл қазір 15 мыңнан астам студент әскери кафедраларда оқып жа­тыр. Запастағы лейтенанттар онда 70-тен астам әскери есептік мамандық бо­йынша даярланып келеді. Запаста қа­лып қоймай әскери қызметті таңдап, сапқа тұрып жатқандар да бар. Мәселен, 120-ға жуық запастағы офицер өз еркі­мен қарулы күштердің қатарына қо­сылған. Осылайша, Қорғаныс министр­лі­гінде қызмет ететін әскери кафедра қыз­меткерлерінің үлесі 40 пайызға жеткен.

Қазақстанның ЖОО жа­нын­дағы әскери кафедраларға іріктеу жұмысы бірдей. Яғни үш сатыдан өтеді. Бірінші – әскери ме­ди­циналық байқау, екінші – психология­лық тест және үшінші – денешынықтыру дайындығы. Іріктеу комиссиясының сынағынан өтпеген студент комиссия­ның келесі конкурсына қатыспайды. Тағы бір айта кетерлік жайт, әскери кафедраға ЖОО-ның тек күндізгі бөлі­мінде оқитын сту­дент­тер ғана құжат тапсыра алады. Сон­дай-ақ белгілі бір мамандықтарға сту­дент қыздардың да оқуға түсуге мүм­кіндігі бар. Ал басқа талаптың бар­лы­ғы мерзімді әскери қызметке шақы­ры­латындармен бірдей.

 

Әскери кафедра пайда көзі емес

«Бірде-бір ректор әскери кафедра­дан пайда табам деп ойламайды», дей­ді С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген. «Өйткені бізді де тек­серетін 45-тен астам арнайы орган бар. Сондықтан да «әскери кафедра ректорлардың қаржы көзіне айналып кетті» деген пікірмен мүлдем келіспеймін. Әрине, әркім өзі үшін жеке жауап береді, әркімнің арқалаған өз жауапкершілігі бар. Алайда еліміздің қай өңірінде болсын, ол шығыс па, батыс па, оңтүстік пе – бәрімізге заң бір­дей, талап ортақ. Ал қызметін асы­­ра пайдаланғаны үшін әкімшілік жа­уапкершілік, қылмыстық жаза қарас­ты­рылған. Қазір қоғам баршаға ашық. Ешкімнен ешнәрсені жауып, жасырып қала алмайсыз», деген ректор әскери кафедраның оқу ордасының беделі үшін қажет екенін де ашық айтты.

Бұл оқу ордасында әскери кафедра 2019 жылы мамырда ғана ашылған. 70 жылдық тарихы бар оқу ордасында бұрын-соңды мұндай білім беру циклы қарастырылмағанын айтқан уни­верситет ректоры Қабанбай батыр атын­­дағы әскери кафедраға ұлдармен қа­тар қыздардың да қабылданатынын жеткізді. Алғаш қабылданған студенттер саны 150 болса, биыл сәйкесінше осыншама жас запастағы офицерлер қатарын толықтырмақ. «Көптеген жастар гума­нитарлық бағыттағы білімді осы әскери кафедраға түсу арқылы алады. Мәселен, заң факультетіне түсіп, әскери шен алғаннан кейін бірден тергеуші немесе прокурор мамандықтарын таңдай алады. Әскери бөлімдерге барып, қосымша қызметке тұруға да зор мүмкіндіктері бар. Сондықтан да әскери кафедраны пайдакүнемдік мақсатта қарау дұрыс емес. Қоғамда өкінішке қарай, мәселенің ақ-қарасын ажыратпай жатып, алып-қашпа әңгімелерге айқай қосатындар бар. Бұл шындап келгенде білім алсам әрі әскери шенді болсам деген әр жасқа берілген үлкен мүмкіндік», дейді мәселенің түп тамырына үңілген М.Төлеген.

Ректор жастардың әскери кафедра­ға түсуге ынтасының өте жоғары еке­нін де айтып өтті. «Әскери кафедра психо­логиялық жұмысты ұйымдас­ты­ру, аумақ­тық қорғанысты жоспарлау және ұйымдастыру, қаржылық қам­тамасыз ету, құрлық әскерлеріндегі тәр­бие және идеологиялық жұмыстарды ұйым­­дастыру мамандарын даярлап шы­ға­рады. Оқу курсы аяқталғаннан кейін оларға сержант және лейтенант әскери шені беріледі. Саптық, тактикалық, жауынгерлік, техникалық даярлық сабақтары жан-жақты жүргі­зіледі. Оқытушылар құрамы да білікті мамандардан жасақталған. Барлығы да запастағы әскери қызметкерлер. Жастардың патриоттық сезімдерін оятып, әскери тәртіпке үйретуде де бұл кафед­раның орны ерекше. Жай қара­пайым студент пен әскери кафедраға барып жүрген студенттің айырмашылығы жер мен көктей. Әскери даярлықтан кейін студенттің мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, тәртібі, өзін өзі ұстауы айтар­лықтай өзгереді», деген университет басшысы кафедраны жан-жақты жаб­дықтау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанына да тоқталды.

«Оқу ордамыздың тарихында тұң­ғыш рет ашылған әскери кафедрамызға жаяу әскерге арналған жауынгерлік машина БМП-2 алдырттық. Биыл жаңа үлгідегі АК-74 автоматтары және ПМ тапаншалары, оқу-жаттығу гранаталары сатып алынған болатын. Алдағы уақытта, сондай-ақ еліміздің Қарулы Күштерінің тізіміне енгізілген бронды танкті қару-жарақ пен артиллерия­лық жүйелердің негізгі үлгілерімен жасақ­тауды жоспарлап отырмыз. Кафед­раның оқу-материалдық базасы жыл сайын жетілдіріліп келеді. Бұл да жас­тарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге бағыт­талған орталыққа айналуына жол ашып, болашақ офицерлерге ұрысты ұйым­дастыру мен жүргізу үшін қажетті білім мен практикалық дағдылармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береті­ніне сенімдімін», деген ректор әске­ри кафедраның жоғары білімді азамат­тардың әскери даярлықтан өтуіне зор мүмкіндік екенін тағы шегелеп өтті.

«Университетте әскери кафедра 2-курстан басталады. Оқу курсы аяқ­тал­ғаннан кейін екі ай әскери полигон­ға барып, арнайы даярлықтан өтеді. Грант санын жыл сайын Қорғаныс министрлігі анықтайды. Биыл мысалы қанша грант бөлінетінін біз білмейміз. Жыл сайын шамамен 100-дей грант бөлінеді. Тағы 100 орын ақылы бөлімге келеді. Ақылы бөлімнің құны Қорға­ныс министрлігінің бұйрығына сәйкес ­ 178 900 теңгеден аспауы қажет. Универ­си­тет өз тарапынан қосымша ақша қоса алмайды», дейді М.Төлеген.

Айта кетейік, Қорғаныс министрінің № 375 бұйрығына сәйкес запастағы офицерлер және сержанттар бағдарламалары бойынша әскери дайындық мемлекеттік білім тапсырысы және ақылы негіздерде жүзеге асырылады, ақылы негізде оқыту құны мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыту құнынан аспайды. Офицерлік құрам 2 жыл, сержанттық құрам 1 жыл оқиды.  Әскери кафедрада оқудың ең басты артықшылығы – студент міндетті әскери борышын өтеу парызынан босатылады.

Қазіргі уақытта жоғары оқу орын­дары жанындағы әскери кафед­ралар республиканың барлық өңір­лерін қамтитынын Қорғаныс министр­лігі Әскери білім және ғылым департа­мен­тінің басшысы, полковник Талғат Қа­лышев та растап отыр. Оның мәлім­деуінше, запастағы офицерлер әскери дайындалған резервті жеткілікті көлемде толықтыруға және бастапқы әскери лауазымдарды жасақтауға жұмылдырылады. Полковник сондай-ақ Қарулы Күштерге жеткілікті көлемде запастағы лейтенанттар дайындалатынын атап өтті.

«Еліміздің ЖОО-да запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлау жү­йесі қазіргі заманғы даму кезеңінде Қарулы Күштердің жұмылдыру қажет­тілігіне нақты жауап береді. Ең бас­тысы, бұл оқу циклы аса қажет әскери мамандықтар бойынша мамандарды ­даярлау мүмкіндігін кеңейтуге және офицер және сержанттар құрамының әске­ри оқытылған резервін қажет көлемде қамтамасыз ету секілді маңызды мәсе­ле­лерді шешуге мүмкіндік береді. Жас­тарды әскери-патриоттық тәрбиелеу мен оларды теріс ақпараттандыруды болдыртпау мәселелерін шешуге де бұл жүйенің алар өзіндік орны бар», дейді Т. Қалышев.

Әскери кафедраларда студенттердің теориялық білім алуына қаншалықты жағдай жасалған? Оқу құралдары мен көрнекі құралдар жеткілікті ме? Дәріс барысында инновациялық технологиялар қаншалықты қолданылады? Прак­тикалық сабақтар мен жауынгерлік даярлықтарға қаншалықты мән бері­леді? Министрлік өкілі біздің бұл сұ­рақ­тарымызға жауап беру кезінде әс­кери кафедраларды әскери мүлікпен, оқу-жат­тығу қару-жарағы мен әскери тех­ни­касының үлгілерімен, әскери-оқу әдебиетімен қамтамасыз ету Үкіметтің 2019 жылғы 6 қарашадағы №832 қау­лы­­сына сәйкес бекітілгенін айтты. «Бұл жұ­мыстардың барлығы Қорғаныс минис­тр­лігінің әскери бөлімдері мен меке­мелері арқылы жүргізіледі. Әс­кери дайындықты ұйымдастыру, қа­жетті оқу материалдық-техникалық база­ны құру, қару-жарақ пен әскери тех­никаның сақталуын қамтамасыз ету, құпия­лылық режімін сақтау ЖОО бас­­шы­ларына жүктелген. ЖОО басшы­ла­ры әскери-есептік мамандықтар бо­йын­­ша ­даярлау ерекшелігін ескере оты­­рып, әскери кафедраларды қажетті құ­рал­­­­дармен және инфрақұрылыммен қам­­­тамасыз етеді», дейді департамент бас­шысы.

 

Запастағы офицер – резервтегі құрам

«Офицерлік лауазым иелерін тек әс­­кери институтта даярлаған аздық ете­­ді». Осылай деген Л.Н. Гумилев атын­­дағы Еуразия ұлттық университе­ті әскери ка­федра басшысының орынбасары, запастағы полковник Нұрлан Мамбетов елімізде әскери мамандар­дың жетіспейтінін алға тартты. Оның мә­лімдеуінше, жоғары оқу орындары жа­нынан ашылған әскери кафедра­лар әскери институттар оқытпай­тын ма­ман­дықтарды даярлайды. «Мәсе­лен, біз­дің университеттің қабырғасын­да жұ­мыс істейтін әскери кафедра барлау­ды ұйымдастыру, геоақпараттық, авто­маттандырылған жүйедегі офицер ма­ман­дарды даярлап шығарады. Ал бұл мамандықты өзге әскери оқу орындары оқытпайды. Екі жыл (аптасына бір рет) әскери білім алғаннан кейін әрбір студент бір айлық практикалық курстан өтеді. Оқу бітіргеннен кейін запастағы лейтенант шенін алып шығады», дейді полковник.

Осы тұста «Арнайы әскери оқу орын­­­дарының негізгі міндеттерін қай­талайтын мұндай кафедралардың санын көбейтудің қажеті қанша?» деген заңды сауал туындайды. Н. Мамбетов «Осындай түсініктің өзі дұрыс емес» дейді. «Мәселен, әскери институттар жалпы әскери командирлерді даярлап шығарады. Бірақ олар оқуын бітіргеннен кейін қарулы күштер қатарында қызмет атқаратын кадрлық офицерлер. Ал аза­маттық ЖОО жанындағы әскери кафедраларда оқып шыққан запастағы офицерлер – мобилизациялық резерв­ке да­йындалатын құрам. Ал мұндай резервте­гі дайындық не үшін қажет? Бұл сұрақ­қа жауап беру үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Мысалы, Украинада 2014 жылдан бері бірнеше соғыс болғаны баршаға белгілі. Қарулы қақтығыс ке­зінде ел билігі мобилизациялық ре­зервте тұрған офицерлерін жинай ал­май қалды. Себебі соғыс кезінде не­гізгі кадрлық құрам мобилизациялық да­йындықтан өткеннен кейін ауыстыры­лады. Ал олардың орнын толықтыру үшін міндетті түрде резерв керек. Осы мақ­сатта алып қарайтын болсақ, әскери кафедра міндетті түрде қажет», деп ке­сіп айтты ол.

2002 жылдан бері ЕҰУ әскери кафедрасы орташа есеппен 5 мыңға жуық запастағы офицер даярлап шығарған. Қазіргі таңда әскери кафедрада 659 студент оқып жатса, оның 335-і мем­лекеттік грантпен, 324-і ақылы бөлімде білім алып жатыр. Ал бір жылдық сер­жанттық бағдарлама бойынша оқып жатқандар саны – 137. Болашақ сержант­тардың барлығы ақылы оқиды.

«Әскери билетті сатып алуға болады де­ген пікірмен түбегейлі келіспеймін». Бұл да полковник Н. Мамбетовтің сөзі. «Кез келген әскери кафедраның жұмысы Қорғаныс министрлігі тарапынан жіті бақыланады. Студенттерді кафедраға министрліктің арнайы комиссиясы ке­ліп қабылдайды. Конкурс өткеннен ке­йін ғана оқу орнының ректорына қан­ша студент грант, қаншасы ақылы не­гізде өткені туралы акт беріледі. Рек­­тор осыдан кейін ғана студентті әс­кери кафедраға қабылдау жөнінде ше­шім шығара алады. Кафедрада әскери даяр­лықтан өткен әр студент үшін жауаптымыз. Жалпы, тиіп-қашып оқып, запастағы офицер атануға болады деген пікір дұрыс емес. Өйткені бұл жалпы, мүмкін емес»», дейді ол.

Н. Мамбетовтің айтуынша, жыл сайын әскери кафедраға 1 200-дей студент өтініш білдірсе, солардың ішінен тек 400-ге жуығы іріктеліп алынады. «Жастардың дені психологиялық тест және денешынықтыру сынағынан сү­рініп жатады. Ал бұл сынақтарды Қор­ғаныс министрлігі өздері дайын­даған», деп түсіндіріп өтті спикер.

«Кафедраның оқытушы құрамы не­гізінен әскерде қызмет еткен білікті офицерлер. Олардың қатарында кезінде жауапты қызмет атқарған запастағы полковниктер, қолбасшылардың орынбасарлары, басқарма, департамент басшылары секілді тәжірибелі мамандар бар. Зейнетке шыққан, 20-30 жыл әскери қызмет еткен, Ауғанстан, Тәжікстан, Кавказ маңындағы соғыстарда болған ардагерлер де қызмет етеді. Университет көлемінде өткізілетін әскери-патриоттық іс-шаралар, мектептерде ұйымдастырылатын түрлі кездесу, жиындардың да жастарға берері мол», дейді ол.

«Қасіретті қаңтарда» қоғамда «Не­ліктен кешегідей қаңтар оқиғасы ке­зінде осы запастағы офицерлер тартылмады? ҰҚШҰ жауынгерлерін ша­қыр­тудың қажеттілігі қанша еді? Ел ішін­дегі жаппай тәртіпсіздікті басуға кәсіби армиямыздың күші жеткіліксіз болғаны ма?» деген сұрақтардың да жиі қойылғаны рас. Біз осы сауалдарды полковникке де бағыттаған едік. Н. Мамбетов «Осы ой-пікірдің өзі қате түсінік» деп жауап берді. «Өйт­кені Қазақстанның Әскери доктринасында Қарулы Күш­терді, басқа да әскерлер мен әскери құ­рылымдарды қол­дану тәртібі нақты жа­зылған. Құжат­та еліміздегі Қарулы Күш­тер негізінен сыртқы агрессияға тойтарыс беру үшін қолданылады деп көрсетілген. Ал ішкі агрессияға бағыт­талған күштік құрылымдар бөлек. Қаң­тар оқиғалары кезінде запастағы офи­церлерді шақыртудың қажеттілігі болған жоқ. Жалпыға бірдей мобилизация тек соғыс кезінде ғана болады. Ал кешегідей аймақтарда болған жаппай тәртіпсіздік пен лаңкестікті тойтаруға ІІМ мен Ұлт­тық ұлан жеке құрамының күші де жеткілікті», деп түйіндеді ол.

ТҮЙІН. Ел тыныштығына кәсіби армия ғана кепіл бола алатыны сөзсіз. Ал бұл әскерді жасақтауда ЖОО жанындағы әскери кафедралардың да алар орны ерекше. Тек запастағы лейтенанттарды тәрбиелеу пайда табудың емес, елге пайдалы болудың ошағы болса екен деген тілек бар. Конституциямыздың 36-бабында «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Бұдан артық бірнәрсе айтудың өзі асылық болар. Өйткені қасиетті парыз бен міндеттің құны өлшеусіз емес пе?!