• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
20 Наурыз, 2014

Еуразияшылық идеясы – теңқұқықтылық құралы

424 рет
көрсетілді

Президент Н.Ә.Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақ модельдік жобасын М.В.Ломоносов атындағы ММУ қабырғасында жария еткеніне 20 жыл толды. Біз осыған және Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарына құрылған сұрақтарымызды Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі М.Н.БОЧАРНИКОВКЕ қойған едік. – Михаил Николаевич, Президент Н.Ә.Назарбаевтың еуразияшылық идеясын қалай сипаттар едіңіз? – Өзіңіз көріп отырғандай, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сонау 1994 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде сөйлеген сөзінде алға тартқан бұл идеясы іс жүзінде жүзеге асты. 2010 жылы Ресей, Қазақстан және Беларусь президенттері Кеден одағын құру туралы құжаттар топтамасына қол қойса, 2011 жылы Біртұтас экономикалық кеңістікке көшу туралы келісімге келді. Мұндай интеграциялық қалыптар елдеріміздің тығыз жақындасуына және жаһандық пен аймақтық бәсекелестіктің күшеюі жағдайында ұлттық экономикалардың тұрақтылығын арттыруға ықпал етуі тиіс. КО мен БЭК шеңберінде интеграцияға мүше мемлекеттердің қай-қайсысының болсын мүддесін шектемейтін бірлескен ұстанымдарды әзірлеу және ортақ шешімдер қабылдау үшін әртүрлі тетіктер құрылған. Мысал ретінде ұлтүстілік функциялар берілген Еуразиялық эко­но­микалық комиссия құрылғандығын тілге тиек ете кетсем деймін. КО мен БЭК-ке өтуді еура­зиялық интеграцияның соңғы емес, қайта жаңа кезеңі, деп нық сеніммен айта аламыз. Қазіргі уақытта біз шешуші сатысына – қол қоюы үстіміздегі жылдың мамырына жоспарланып отырған Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) құруға шықтық. ЕАЭО бұдан 20 жыл бұрын ММУ қабырғасында Н.Ә.Назарбаевтың посткеңестік елдер ынтымақтастығының қа­жет­ті теңқұқықтылық құралы ретінде ұсын­ған идеясының қисынды аяқталуы болып табылады. – Ресей Президенті В.В. Путин соңғы үш жылда Қазақстанның Кеден одағы елдерімен сауда айналымы 30 пайыздан асты дегенді айтты. Сіз бұл ретте Қазақстанмен өзара сауда айналымын арттырудың әлеуеті қаншалықты дей аласыз? – Дұрыс айтасыз, КО елдері арасындағы сауда айналымының артуы оның тиімді жұмысының айтарлықтай екенін әйгілейді. Кеден одағы жұмыс істей бастаған тек алғашқы жылда КО шеңберінде үш елдің өзара экспорты 29 пайызға артса, 2011 жылдың нәтижесі бойынша ол 33 пайызға, ал 2012 жылы 8,7 пайызға өскендігін көрсетіп отыр. Ал бұл дегеніміз жаңа жұмыс орындары, біздің елдеріміздің бюджетіне түсетін салық, инвестициялық ауан мен бизнесті жүргізуді жақсарту. Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікті құру біздің елдеріміз өнеркәсіп секторына оң ықпал етті. Мысалы, қазіргі таңда Қазақстанның қайта өңдеу өнеркәсібінің өнімдері құраған жалпы экспортының 59 пайызы Кеден одағы елдеріне тиесілі екенін көрсетіп отыр. 2012 жылы аралық тауарлар топтамасының экспорты 2008 жылмен салыстырғанда үштің біріне, ал тұтыну тауарлары үш есеге өскен. Осылайша, статистика кей кездері ел аузында жүрген Қазақстанның мұнай мен металдан өзге КО елдеріне экспорттайтын ештеңесі жоқ, деген пікірлерін жоққа шығарады. Бүгінгі таңда елдерімізде биз­нес­тің өзара енуі белсенділігі артуының үде­ріс­тері жалғасуда. Мысалы, Ресейдің көп­теген өңірлерінде Қазақ­станның қайта өңдеу өнеркәсібі мен тамақ кәсіп­орындарының өнімдерін көруге болады, әйтсе де осыдан үш жыл бұрын мұндай жеткізілу көрі­ніс­тері анда-санда ұшырасатын. Еуразиялық эко­номикалық комиссиясының мәліметтеріне қарағанда, соңғы үш жылда Қазақстан өз тауарларын ресейлік рынокқа шығаруды 10 пайызға арттырса, Белоруссия 20 пайызға көбейтіпті. Бұл цифрлар өте тығыз интеграция туралы мемлекет басшыларының қабылдаған шешімдерінің дұрыстығын дәлелдейді. – Қазақстан Президенті ЕурАзЭҚ отырысында бірлескен кәсіпорындарды құруға ерекше назар аудартты. Осыны қаперге алсақ, Қазақстан аумағында ресейлік капиталдың қатысуымен қанша бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде дей аламыз? – Қазақстанда ресейлік капиталдың қаты­суымен 5 мыңнан аса кәсіпорын бар, олар барлық салада, шикізатты өндіру мен өңдеуден бастап, ақпараттық салада да жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының маңызды бағыттарының бірі – өнеркәсіптік кооперация. Екі елдің нәтижелі мемлекетаралық бизнес кооперация­сы арасынан мәшине жасау, тау-кен металлургиясы кешені, уран және химия өнеркәсібі сияқты салалардағы өзара ықпалдастықты атап өтуге болады. Қазақстанда 20-ға тарта ірі ресейлік компаниялар өз жобаларын жүзеге асыруда, соның ішінде «Газпром», «Лукойл», «РусАл», «ИнтерРАО ЕЭС», «АвтоВАЗ» және басқалары бар. Тиімді және өзара пайдалы инвестиция салудың мысалын Қазақстан аумағында «Лада» автокөлігін құрастыру өндірісін кеңейту жөніндегі «АвтоВАЗ» ААҚ жүргізіп отырған «Азия Авто» ЖШС қазақстандық кәсіпорны мен «Ертіс» ӘКК-мен бірлескен жалпы көлемі 500 миллион долларлық өндірістен келтіруге болады. Электр энергетикасы саласындағы ірі бірлескен жоба ретінде «ИнтерРАО ЕЭС» ААҚ пен «Самұрық Энерго» АҚ жүргізіп отырған Екібастұз ГРЭС-2-ні жаңғыртуды атап өту керек. Жоба құны шамамен 930 миллион доллар. Жамбыл облысында «ЕуроХим» компаниясы минералдық тыңайтқыштар шығаратын кәсіпорын құрылысы жобасын жүзеге асыруда. Қостанайда ресейлік «ЕуразХолдинг» компаниясы өндірістік зауыттың құрылысын аяқтап келеді. Мен екі ел іскерлерінің жүзеге асырып жатқан тек айтарлықтай ірі бірлескен жобаларын ғана сөз еттім, осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. – Қазақстан биыл ДСҰ қатарына өтуге қарекет жасап жатыр. Ресей еліміздің бұл қадамына және алдағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге стратегиялық одақтас ретінде қолдау білдіре ме? – Ресей Федерациясы 2012 жылдан ДСҰ мүшесі ретінде бұл халықаралық беделді ұйымға Қазақстанның ену талпынысын толыққанды қолдайды. Біз де елдеріңіз осы бағыттағы келіссөздер үдерістерін ертерек бітіруге қол жеткізеді ғой деген үміттеміз. Ал Қазақстанның ЭКСПО халықаралық көрмесін 2017 жылы Астанада өткізу құқығын жеңіп алуы елдің халықаралық беделінің артуын айғақтайтынын нық сеніммен айтуға болады және де бұл соңғы жылдары Қазақстан паш етіп келе жатқан елдің табыстарын әлемдік қоғамдастықтың мойындауын білдіреді. Өз кезегінде, Ресей бұл көрмеге үлкен ынта-ықыласымен қатысатын болады. – Үкіметаралық комиссия шеңберінде «Байқоңыр» кешені мен аймақаралық және шекаралас аумақтар арасындағы ынтымақтастық жөніндегі салалық комиссиялар жұмыс істеуде. Солардың жұмысындағы нақты нәтижелер туралы айтсаңыз. – «Байқоңыр» кешені жөніндегі үкіметаралық комиссияға келер болсақ, онда оның басты жұмысының нәтижесі ретінде екі ел президенттерінің қатысуымен өткен жылдың 25 желтоқсанында қол қойылған ғарыш саласындағы Ресей-Қазақстан қатынастарын жоғары әріптестік деңгейге шығаруды бейіндейтін 2014-2016 жылдарға арналған «Байқоңыр» кешенін бірлесе пайдалану жөніндегі «Жол картасын» айтар едім. Аймақаралық және шекаралас аумақтар арасындағы ынтымақтастық жөніндегі салалық комиссия жұмысы да бұдан еш кем түспейді, өйткені екі елдің шекаралас аумақтары Ресейдің 12 өңірі мен Қазақстанның 7 облысын қамтып отырса, мұнда тұрып жатқан халық саны 32 миллионнан асады. Аталған комиссия жұмысының айтарлықтай нәтижесінің бірі Ресейдің 83 өңірінің 76-сы қазіргі таңда Қазақстанның 12 облысымен тұрақты экономикалық байланыс орнатқан. Бұл үдеріс алдағы уақытта да тиімділікпен дами беретініне еш күмән жоқ. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».