• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Ақпан, 2022

Көркем Көкшенің қысы да қызықты

793 рет
көрсетілді

Биыл қыс жұмсақ. Биік көктен билеп, ойнап жауған ұлпа қар ат шашасын жаңа жапты. Қысқы  туризмді өрістетуге қапысыз қамданған кәсіпорын­дар ертегідей еліктіретін әсем өлкеде естен кетпес қызғылықты демалыс ұйымдастыруға ынталы.

Күні кеше ғана жасыл желегін жамылып, қойнауы дала оркестрінің мың сан үнімен дүрлігіп тұрған тау сілемдері мен шоқылардың етегі ақ көрпесін жамылып, тыныштық құшағында мүлгіп тұр. Қытымыр қыстың да қапысын тапқанға өз қызығы бар. Тап-таза, шыңылтыр мұз айдынның үстінде атқан оқтай зулап коньки тебудің, ту сонау тау басынан шаңғымен сырғанаудың өз ләззаты бар. Бұл тарапта курортты аймақта қысқы туризмді дамытуға ондаған санаторийлер мен қонақ үйлер әзір. Ала жаздай табысты туризмнің жолын тарылт­қан жаман тұмаудың кесірінен кеткен есе­сін қысқы туризмнен қаузап жатса несі айып?! Ақша қардың үстінде тау шаң­ғысымен сырғанауды ұнататындарға барлық қолайлы жағдай тудырылған, өте ыңғайлы орындар да аз емес. Мәселен, «Нұр тау» тау шаңғысы базасы. Кешен­нің ұзындығы 800 метр арқанды жол­мен жабдықталған. Ор қоянның жымындай жалғыз аяқ жолмен шөккен түйедей жартастарды жағалап, бұталы беткейді көлбей өтіп, суылдай сорғалау шаңғыны аяғына жаңа байлағандарға да, тәжірибелі спортшыларға да қызықты болуы әбден мүмкін.

Rixos Borovoe  қонақ үйінің аума­ғын­да қысқы демалысты белсенді өт­кіз­­гісі келетін туристер үшін сноубординг, жазғы демалысты барынша тиімді ұйымдастыруға бағытталған вейкбординг жұмыс істейді. Айтпақшы, Бурабай баурайында еліміздегі ең ал­ғашқы вейк-парк іске қосылды. Бұл да жағымды жаңалық. Балалардың қысқы демалысын көңілді әрі тиімді өткізуге барлық жағдай жасалған. Жыл сайын үстемеленіп, мазмұны байып келе жат­қан жаңалықтың барлығы туристер ағы­нын барынша молайту үшін жасалып отырғандығы белгілі. Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы «Бурабай-Лэнд» тақырыптық паркінің өзі неге тұрады?! Шын мәнінде бұл қысқы туризмді бағыттау орайында жасалып жатқан шаруаның бірегей бітімі. Бұл жерде бала қиялын байытатын ертегі кейіпкерлерін кездестіре аласыз. Санта Клаус та жүр, ақылды хаски, томпиған пони бала көңілді баурары даусыз. Одан өзге де көңіл арбайтын көрініс, іл­­кім­­ді жаңалық тұнып тұр. Мәселен, қар басқан қалың орман ішінде атпен серуендеген қандай ғажап?! Қысқы ауа­­ны көкірегіңнің құмары қанғанша жұтып, демалуыңызға әбден болады. Сәл шаршасаңыз, «Визит» орталығының аума­ғындағы жыл бойы үзіліссіз жұмыс істей­тін шолу дөңгелегіне бас сұғыңыз. Осындағы құрқылтайдың ұясында жып-жылы кабиналарда отырып-ақ аңызға тұнып тұрған Бурабай баурайын шолып шығуға болады.

Көкшетау жалғыз Бурабайымен ғана емес, Зерендісімен де әйгілі. Ау­дан әкімдігі облыстық туризм бас­қар­ма­сымен бірлесіп курортты аймақты дамытудың 2025 жылға дейінгі жос­парын түзген болатын. Ауқымды жос­пар көздеген межесіне қол жеткізуде. Қазір екі туристік аймақ бірлесе, біте қайнасып кетті деп айтуға да болады. Оған жалпы құны 15,4 миллиард теңге болатын, ұзын­дығы 80 шақырымдық Щучинск-Зеренді бағытындағы автожол септігін тигізіп отыр. Зерлі Зеренді­де­гі күміс көлді жаға­лай қоныстанған «Парус», Aurora Garden тәрізді демалыс аймақтары қысқы демалысты құлай сүйетіндерге барлық жағдайды жасап қойған. Одан әрі атшаптырым жерде «Елікті Парк» тау шаңғы базасы бар. Бұл жер де саламатты әрі белсенді өмір салтын ұстайтын адамдар үшін қыс қызығын белден кешуге ыңғайлы жер.

Бүгінгі күні ауданда бірнеше бағытта туристік маршруттар әзірленіп отыр. Жал­­ғыз көркем табиғаттың көрінісі ғана емес, туған жердің тылсым тарихын да зерделі көкірекке шымшымдап қонды­ратын сәтімен сабақталған сапар. Атты да, шаңғыны да қоя тұрып, жұп-жұмсақ, кіршіксіз, таза, ақ қарды кешіп жүріп, мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген жан­нат мекеннің жер бетіндегі жұмақтай пұш­пағын алшаң басып аралағанға не жетсін?!

Алысқа ұзап шыққың келмесе, Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы Ақкөл, Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандарында да демалыс орындары жетерлік. Бұл жерлерге ел астанасынан ғана емес, алыс-жақын шетелдерден ат ізін салатындар жыл сайын көбейіп ке­леді. Ақкөл қаласындағы ARKA TOUR жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің шаңғы базасы – қысқы дема­лысты құлай сүйетіндердің сүйікті орны. Бұл жерде 40 орындық қонақүй, 100 орындық мейрамхана, фитнес зал орналасқан. Қысқы уақытта айнадай жарқырап жатқан мұз айдыны мен шаңғы жолын пайдалануға әбден болады. Демалыс орталығының аумағында теннис корты мен бассейн де бар. Осылайша, бәсекелестіктің бәсі жоғарылап келеді. Целиноград ауданы да қысқы демалысты ұйымдастыруға тәп-тәуір дайындалған. Шытырман оқиғалы және экстремалды демалыс түрлері де қолға алынған. Алдағы уақыт­та осы салаға қомақты қаржы құятын инвесторларды тарту жоспарланып отыр. Балығы тайдай тулаған, күміс көлдер­мен аты шыққан Қорғалжын ауданын­да да қысқы демалысты қызықты ұйымдастырудың оңтайлы жолдары бар. Балықшыларды орналастыру үшін қорықшы кардонында жайлы қонақ үйлер салынған.

Visit Aqmola туристік ақпарат орта­лығы өңірдегі іс-шаралар мен қыс­қы ойын-сауықтың барлық түрлеріне үзбей мониторинг жүргізіп отырады. Оның ішінде әлеуметтік желілерге тара­тыла­тын қысқы қызмет түрлері туралы мәлімет те бар. Ақпараттық афишалар да ілінген. Қысқы туризмнің ашылуы қарсаңында облыстық туризм басқармасы бірнеше мәрте ақпараттық-жарнамалық турлар өткізді. Әрқилы көрмелерде облыстың туристік әлеуеті жан-жақты көрініс тапқан.

Four seasons күнтізбелік іс-шара­лар жоспарын жүзеге асыру аясында 24 іс-шара өткізу жоспарланса, оның алтауы қысқы кезеңді қамтиды. Бір айта кетерлігі, олардың басым бөлі­гі халықаралық мәртебеге ие. Яғни шетел­дік туристерді көптеп тарта отырып, өңірдің туристік өңін жақсарта түспек.

Демалыс нысандарының қызмет көрсету аясын жақсарту басты назарда. Қысқы демалысқа қатысты ұсыныстарды кеңейтіп, қапысыз қамдану үшін «Қысқы ертегі» конкурсы өткізілді. Байқаудың басты мақсаты туристердің саны мен ұсынылатын туристік қызметтер көле­мінің ең жақсы көрсетіші бойынша баға­ланбақ. Осылайша, туристік қызмет нысандарының басымдық бағыты анық­талады.

«Бурабай Даму» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі қысқы демалыс түр­ле­рін одан әрі дамыту мақсатында шаңғы маршрутын ұйымдастырды. Бұл жол «Бурабай Лэнд» ойын-сауық паркінен «Айнакөл» қонақүйіне дейін жалғасып жатыр. Жалпы ұзындығы 30 шақырымға жуық. Дәл осы жерде «Экстрим Парк» жұмыс істейді. Ойын-сауық паркінің аумағында күймелі шанамен серуендеп, атқа мінуге әбден болады. Тіпті қазіргі күні көп кездесе бермейтін үш ат жегілген ертегілер әлемінің шанасына мінудің өзі бір қызық. Шытырман жолдар, төбедей төңкерілген төбешіктер көңіл қызықтырып, өзіне тартады.

Осылайша, көркем өңірдің көрікті келбетін тамашалап, саф ауасын жұтып, құр атқа мінгендей қунап шыға келетін туристердің бабын табу бағалы іс. Жан жадыратар жайлылықты, дархан табиғаттың өзі сыйлаған ғажайып көріністі жіті көңілмен сүзіп, қызығына батқан, дәмін татқан бір келген жанның күндердің бір күнінде қайта айналып соғары анық. Ол үшін бүгінгінің бедерін жақсартып, бейнесін айшықтап еңбек ету қажет. Сонда ғана соныға түскен соқпақтың кеңейе түсетіндігі белгілі.