Әлбетте, Ойыл өзенінің өр суын Қызылқоға ауданындағы төменгі арнасына жеткізудің бірден бір жолы оның бассейнінде орналасқан еліміздің заң талаптарына сай келмейтін иесіз немесе тиімсіз мемлекеттік-коммуналдық бөгеттерді өзен арнасынан түгелдей алып тастау екендігі баршаға мәлім.
Бұл ретте, аталған өзеннің табиғи ағысын тіреп тұрған 49-дан астам заңсыз бөгет бар екені бірнеше мәрте республикалық, облыстық, аудандық газет беттерінде жазылып, телеарналарда айтылса да, су ресурстарымен айналысатын құзырлы органдар нәтиже шығаруға құлықсыздық танытты. Сондықтан «Ойыл өзені» қоғамдық қоры «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясын» сотқа беруге мәжбүр болды. Бірнеше күнге созылған сот процесінің нәтижесінде талап қоюшы мен жауапкер татуласу келісіміне қол қойып, тараптар нақты шарттармен келісімге келді.
Айталық, жауапкер «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» РММ (басшысы Ғ.Азидулин): «Құқық белгілейтін барлық құжаттарға толық ревизия жүргізуге, бекітілген жобалық құжаттама белгіленген тәртіпте болуы және Ойыл мен оның салалары бойында орналасқан гидротехникалық құрылыстардың заң талаптарына сәйкестігін тексеруге Ақтөбе облысының прокуратурасына және Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетіне 20.01.2022 жылға дейін және Ойыл бассейнінде салынған 49 гидротехникалық құрылыстарын тізімге сәйкес (қосымша) транзиттік режімге (өзеннің табиғи арнасында 3 метрден кем емес) ауыстыру және өр суы кезінде су арнасындағы кедергілерден тазарту жұмыстары туралы орналасқан жеріне байланысты жергілікті атқарушы органдарға 20.02.2020 жылға дейінгі мерзімде орындалысы туралы жауап шартымен Мұғалжар, Темір, Ойыл, Қобда ауданы әкімінің аппараттарына 20.01.2022 жылға дейін ұсыныс хат жолдайды. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінен шағын өзендерден су пайдалануға арнайы су пайдалану рұқсаттарын беру кезінде Қазақстан Республикасы Су кодексінің 121-бабының 3-тармағын қолдану тәртібі туралы 25.01.2022 жылға дейін жазбаша түсіндірме сұрайды. Ақтөбе облысы аумағындағы Ойыл өзені мен оның салаларында орналасқан иесіз гидротехникалық құрылыстарға қатысты күні бүгінге дейін 20.05.2021 жылғы қажетті іс-шараларды орындамай отырған жергілікті атқарушы органдардың әрекетсіздігіне шара қолдану туралы ұсыныс хатты 25.01.2022 жылға дейін Ақтөбе облысының прокуратура органдарына жолдайды» деген жауапкершілікті мойнына алса, талап қоюшы «Жауапкерді талап қоюшының 2021 жылғы 29 тамызда жолдаған хаты бойынша ешбір іс-шара атқармағаны әрекетсіздік деп тану және жауапкерге заңсыз орнатылған бөгеттерге қатысты әрекетсіздіктен және Қазақстан Республикасының су заңнамасын бұзудан келген зиян үшін кінәлі тұлғаларға осы зиянды өтеу туралы» талаптан бас тартатын болып келісілді.
– Біз осылайша келісімге келдік. Соттың арнайы ұйғарымы да шықты. Көктемгі өр суының тасуына екі айдай уақыт қалды. Ақтөбе облысына қарасты Ойыл өзені бассейніндегі салалардағы бөгеттер сол мызғымаған күйі тұр. Аталған облыстың жергілікті атқарушы органдары 49 бөгетті транзиттік жағдайға келтіруге ықпал етіп, егер орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 708 бабы, 1,2-тармақтары бойынша лауазымды тұлғаларға айыппұл салу Жайық-Каспий бассейндік инспекцияның функционалдық міндеттеріне кіреді.
24 қаңтар күні Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ғ.Азидуллиннен «Татуласу келісімі» шарттарына сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетіне, Ақтөбе облысының прокуратурасына инспекция тарапынан хат жолданғандығы туралы мәлімдеме келді. Жақын күндері аталған инспекцияға өтініш түсіре отырып, бұлақ басында бөгет салып, оны пайдаланып отырған шаруа қожалықтардың су заңдылықтарына байланысты мәселелері бойынша әр бөгетке «Ойыл өзені» қоғамдық қоры атынан іс-шара қабылдайтынымызды қаперлеріңізге береміз, – дейді «Ойыл өзені» қоғамдық қорының мүшесі, табиғат жанашыры Есенбай Нұров.
Сайып келгенде, Ойыл өзенінің ауданға жетпеуіне көрші облыстың жауапты мекемелерінің де ықпалы бар екендігі заңдылық тұрғыда дәлелденіп отыр. Бұл ретте, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының өз мойындарына алған міндеттемелерін орындауға әкеліп соғып отырғаны анық. Ендеше, ендігі кезек құзырлы органдардың заңдылық тұрғысында әрекет етуге тіреліп тұрғаны сөзсіз.
Бауыржан АМАНҰЛЫ,
«Қызылқоға» аудандық газетінің бас редакторы
Атырау облысы