Бүгін Бейжіңдегі Олимпиада ойындарында фристайл-могулдан әйелдер арасындағы алғашқы іріктеу сындары өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Турнир ережесіне сәйкес, іріктеуде алғашқы ондыққа енген спортшылар финалға жолдама алады. Қалған қатысушылар екінші іріктеу кезеңінде бақ сынайды.
Бүгінгі фристайл-могулдан әйелдер арасында алғашқы сында жарысқа қатысқан отандастарымыздан Олеся Граур (57.18 ұпай) - 23-орынды иеленсе, Аяулым Әміренова (66.82 ұпай) - 16-орынға жайғасты.
Ал Анастасия Городко жарысты соңына дейін аяқтай алған жоқ. Өкінішке қарай ұлттық құраманың көшбасшысы, 2018 жылғы қысқы Олимпиаданың қола жүлдегері Юлия Галышева Бейжіңде өтіп жатқан қысқы Олимпиадада могулдан жарысқа шықпай қалды.
Енді, қазақстандық спортшылар іріктеудің екінші айналымында сынға түседі. Екінші кезең 6 ақпанға жоспарланған.
Аталған спорт түрінде 13 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Ойындарды «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар» және «Elarna» телеарналарынан тікелей эфирден көруге болады.