Былтыр елімізде орын алған қуаңшылықтың салдарынан шаруалар шығынға батып, отандық агроөнеркәсіптік кешенге нұқсан келгені мәлім. Биыл да аграршыларға оңай тимейтін сыңайлы. Экология министрлігінің дерегіне сүйенсек, алдағы вегетациялық кезең оңтүстік өңірде күрделі өтеді деп болжанып отыр.
Егін судың 90 пайызы оңтүстікте
«Қазіргі су шаруашылығының жағдайын ескерсек, алдағы вегетациялық кезең оңтүстік өңірде күрделі өтеді деп күтілуде. Ең қиын жағдай Арал – Сырдария бассейнінде орын алуы ықтимал». Бұл Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязовтың таяуда айтқан сөзі.
Еліміздегі егінге арналған судың 97%-ы Арал – Сырдария, Шу – Талас және Балқаш – Алакөл бассейндеріне тиесілі екенін айта кеткен орынды. Ал су тасқыны қаупі жоғары бассейндерге Есіл, Нұра – Сарысу, Ертіс және Тобыл – Торғай өзендері жатады. Жауапты ведомствоның ақпаратына сәйкес вегетациялық кезеңде Арал – Сырдарияда өзендердің сулылығы нормадан 86% деңгейінде сақталады.
Биыл Тоқтағұл су қоймасындағы (Қырғызстан) судың көлемі 9 млрд 196 млн текше метрді құрады (2021 жылы – 10 млрд 868 млн текше метр), бұл былтырға қарағанда 1 млрд 672 млн текше метрге төмен. Бахри – Точик су қоймасындағы (Тәжікстан) судың қоры да 3 млрд 414 млн текше метр деңгейінде жиналып (2021 жылы – 3 млрд 443 млн текше метр), бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 29 млн текше метрге азайды.
Шардара су қоймасындағы судың мөлшері – 3 млрд 214 млн текше метр (2021 жылы – 3 млрд 759 млн текше метр). Демек 2021 жылдағы көрсеткішке қарағанда 545 млн текше метрге төмен. Көксарай контр реттегішінде жиналған судың көлемі – 24 млн текше метр. Былтыр оның көлемі 503 млн текше метрді құраған еді. Осы дерекке қарап оның қаншалықты азайғанын бағамдауға болады. Балқаш-Алакөл бассейніне келсек, Қапшағай су қоймасының жобалық сыйымдылығы 18 млрд 450 млн текше метрді құрайтынын ескерсек, онда жиналған судың мөлшері 15 млрд 820 млн текше метрге жетіп, былтырғы көрсеткіштің сақталғаны байқалады. Жыл басындағы көрсеткішке сәйкес Балқаш көлінің деңгейі Балтық жүйесімен есептегенде (БК) 341,85 метрді (2020 жылы 342,51 М БК) көрсетіп отыр. Бұл ретте қауіпті өлшем 341 метр БК-нен басталатынын айта кету керек. Шу-Талас бассейніндегі ахуалды бағамдасақ, Қырғызстанның аумағындағы Киров су қоймасындағы судың қоры 300,72 млн текше метрді (54,7%) көрсетіп, 2021 жылмен салыстырғанда, бұл 38,4 млн текше метрге (2021 жылы – 262,3 млн текше метр) артық. Ал Ортотокой су қоймасында (Қырғызстан) керісінше судың деңгейі былтырға қарағанда 113 млн текше метрге азайған. Атап айтқанда, оның 251 млн текше метрге (2021 жылы – 364 млн текше метр) төмендегені байқалды. Шу өзеніндегі Тасөткел су қоймасында (жобалық көлемі – 620 млн текше метр) рұқсат етілген судың мөлшері 472 млн текше метр екенін ескерсек, қазір онда 330,7 млн текше метр немесе 2021 жылға қарағанда 64,7 млн текше метрге (2021 жылы – 266 млн текше метр) артық су жиналған.
Былтырғы жағдай қайталанбас үшін жауапты ведомство электр энергиясымен алмасу аясында, сондай-ақ вегетациялық кезеңде су қоймаларының жұмыс режімін келісу мақсатында Тоқтоғұл және Бахри Точик су қоймаларынан қосымша су жіберуді қамтамасыз ету бойынша Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанмен келіссөз жұмыстарын жалғастырмақ ниетте. Бұдан бөлек, Шу және Талас өзендеріне су түсімдерінің жоспарлы көлемін қамту бағытында Қырғызстанмен жұмысты жалғастыру, трансшекаралық өзендер бассейндеріндегі мемлекетаралық пайдалану арналарында қалпына келтіру жұмыстарын орындау, суландыру желісінің магистральді және шаруашылықаралық арналарын тазарту, сондай-ақ мақта, күріш, пияз сынды ылғалды көп қажет ететін дақылдарды қысқартып, Түркістан және Қызылорда облыстарында күріш егуге арналмаған жерлерде алдын алу шараларын қабылдаумен бірге ведомствоаралық меморандумға сәйкес күріш алқаптарының алаңдарын азайту көзделген.
Жайық-Каспий бассейніндегі ахуалға тоқталсақ, Ириклин су қоймасындағы жиналған қордың көлемі – 2 млрд 515 млн текше метр. Яғни 2021 жылмен салыстырғанда 159 млн текше метрге аз (2021 жылы – 2 млрд 674 млн текше метр). Бүгінде Январцево гидробекетіндегі өзен деңгейі 126 см, былтыр оның деңгейі 127 см болған еді, демек су шығыны – 61,5 текше метр секунд. Ертіс бассейніндегі жағдайды сараптасақ, Бұқтырма су қоймасындағы судың мөлшері – 30 млрд 548 млн текше метр. 2021 жылы оның көлемі 36 млрд 487 млн текше метрді құраған-ды. Осы өлшемге қарап, оның былтырғы көрсеткіштен 5 млрд 939 млн текше метрге аз екенін аңғаруға болады. Аталған нысанның жобалық көлемі – 49 млрд 620 млн текше метр. Өскемен су қоймасында судың көлемі 632 млн текше метрді құрап, былтырғы деңгей сақталып отыр. Шүлбі су қоймасында судың көлемі 2021 жылдағы кезеңнен 70 млн текше метрге төмен, нақты айтқанда 2 млрд 236 млн текше метр.
Теріскейде тасқын қаупі сейілмей тұр
Есіл бассейнінде 5 негізгі су қоймасы бар. Айталық, Астана, Сілеті, Чаглинка, Сергеев және Петропавл. Қазір бұл су қоймалары жоспарлы кестелерге сәйкес жұмыс істеп, олардың толуы 58%-дан 88%-ға дейін құрап отыр. Қалыптасқан гидрометеорологиялық жағдай нормаға жуық немесе орташа көпжылдық көрсеткіштерге жақын дейді мамандар.
Нұра-Сарысу бассейнінде 35 су қоймасы бар. Мәселен, Нұра өзенінің бассейнінде 24 су қоймасы, сол секілді Сарысу өзенінде оның 11-і орналасқан. Ведомствоаралық маңыздағы 4 ірі су қоймасы ерекше бақылауға алыныпты. Атап айтсақ, Кеңгір (судың қоры – 319 млн текше метр), Шерубай-Нұра (274 млн текше метр) және Самарқанд (253,7 млн текше метр). Қазір бұл нысандар штаттық режімде жұмыс істеп жатыр.
Тобыл-Торғай бассейніндегі негізгі су қоймалары Жоғарғы Тобыл (816,6 млн текше метр) және Қаратомар (586 млн текше метр). Жоғарғы Тобылда судың көлемі – 467,9 млн текше метр. 2021 жылы оның мөлшері 479,6 млн текше метр болғанын ескерсек, былтырғы кезеңнен 11,7 млн текше метрге төмен екені анық. Қаратомарда жиналған қордың көрсеткіші – 265,2 млн текше метр (2021 жылы – 240,9 млн текше метр).
Қостанай облысында көктемгі су тасқыны көпжылдық бақылауға сәйкес наурыздың соңына, демек сәуірдің басына келуі мүмкін. Бұл – жауапты органның болжамы. Қазгидрометтің мәліметтеріне сенсек, өзендер бассейнінде қардың орташа биіктігі 2021 жылдан 4 см-ге және қардағы судың қоры орта есеппен 17 мм-ге жоғары.
Тұтастай алғанда, су тасқыны қаупі жоғары бассейндерде қардың жинақталу үдерісі наурызға дейін жалғасып, көктемге арналған негізгі гидрологиялық болжам 1 наурызда ұсынылады, дейді ведомство өкілдері.
2030 жылы су тапшылығы байқалады
Құзырлы орган климаттың өзгеруі, сондай-ақ су шаруашылығында жинақталған өзекті мәселелер еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында тежеуші факторға айналуы мүмкін екенін жасырмайды. Осы орайда шекаралас мемлекеттерден келетін су ресурстарының азаюы мен еліміздің ішкі және сыртқы антропогендік әсерлерін ескеріп, 2030 жылға қарай су ресурстарының тапшылығы шамамен 23%-ды құрауы мүмкін.
Арнайы талдау көрсеткендей, Қазақстанның су шаруашылығындағы негізгі проблемаларға суармалы алқаптардың 80%-ға жуығы шоғырланған оңтүстік өңірлердің трансшекаралық өзендерге тәуелділігі, су шаруашылығындағы инфрақұрылымның әбден тозуы, сол секілді суды бөліп есепке алу процесіндегі автоматтандыру мен цифрландырудың баяу жүруі (соның салдарынан тасымалдау кезінде суармалы судың 40%-ға жуығы жоғалады), үнемдеу технологиялары мен су ресурстарын ұтымды пайдаланудың тиімді тетіктерінің қарастырылмауы және саланы ғылыми тұрғыда дамыту мен білікті кадрлардың болмауы жағдайды жақсартуға қолбайлау болып тұр. Енді осы қордаланған мәселелерді министрлік «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы арқылы шешіп көрмек.
Бұдан басқа су саласындағы мемлекетаралық аса маңызды мәселелерге байланысты шешімдерді әзірлеуде Қазақстанның ұстанымын күшейту үшін Премьер-министрдің басшылығымен су кеңесін құру көзделіп отыр. Екіншіден, Су ресурстары комитеті мен оның бассейндік инспекцияларын күшейту де күн тәртібіндегі мәселе. Осы ретте бассейндік инспекцияларды су ресурстарын мемлекеттік басқарудың негізі ретінде қарау қажет, дейді жауапты ведомство. Себебі инспекторға түсетін жоғары жүктеме қазір артылған міндетті толық көлемде орындауға мүмкіндік бермей отыр. Айталық, бассейндік инспекцияның бір қызметкері аумағы 41 мың шаршы шақырымды құрайтын 93 ауылдық елді мекенде орналасқан 48 су қоймасы, 70 өзен, 55 мың гектар суармалы жерді алып жатқан аумақта қызмет көрсетіп келеді. Бассейндік инспекциялардың материалдық-техникалық тұрғыда қамтамасыз ету деңгейі де өзекті мәселеге айналғалы қашан?!
Үшіншіден, «Қазсушар» кәсіпорнын акционерлік қоғам ретінде қайта құру мәселесі де пысықталып жатыр. Вице-министр С.Қожаниязовтың айтуынша, осы арқылы қызмет саласы кеңейіп, тарифпен немесе бюджет қаражатымен жабылмайтын түрлі жобаларды іске асыруға жол ашылады. Оның ішінде автоматтандыру, суды есепке алу сынды мәселелерді айтуға болады. Бұл шешім арқылы ведомство мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуды қарастырмақ.
Төртіншіден, су ресурстарын басқаруда ғылымның рөлі мен маман даярлау мәселесін шешіп, арттыру үшін Қазақ су шаруашылығы ғылыми институтының жанында Ақпараттық-талдау орталығын ашып, күшейту көзделіп отыр.
Мамандар жоғарыда аталған жұмыстарды іске асыру үшін қолданыстағы заңнаманы жетілдіру қажет екенін айтады. Сондықтан қазір жаңа Су кодексін дайындау қолға алынды. Одан бөлек, су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы әзірленіп жатыр. Мақсат – еліміздің су ресурстарын сақтап, ұтымды пайдалану проблемаларын шешу, экономика салалары мен қоршаған орта қажеттілігінің теңгерімін қамтамасыз ету саналады.