• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 05 Ақпан, 2022

Елорда аудандарының 250 ауласы абаттандырылады

309 рет
көрсетілді

Елорда әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram парақшасында 250 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылатынын хабарлады, деп жазады Egemen.kz Нұр-Сұлтан әкімдігіне сілтеме жасап.

Бүгін елорда әкімі апта сайын дәстүрлі түрде өткізетін қабылдауда кезекте тұрған 11 отбасының өтініштерін тыңдады. Жалпы, тұрғындар тарапынан жиі қойылатын сұрақтардың бірі - қала аудандарын абаттандыру мәселесі.

«Биыл аулаларымызды ауқымды түрде өзгертіп, тұрғындардың бос уақытын таза ауада өткізуі үшін жаңа орындар ашамыз. Жалпы, «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында биыл 250-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Қалалық мәслихатта қаржыландыру жоспары бекітілді. Қала тұрғындарының өтініші бойынша биыл және алдағы жылдары абаттандырылатын мекенжайлар тізімі енгізіледі» деп жазды қала басшысы. 

Айта кетсек, «Халықтың бюджетке қатысуы» жобасы қаланың барлық ауданына енгізілді. Бұл жоба қала тұрғындарына өз ауласының сырт-келбетін өзгертуге мүмкіндік береді. Аудандық әкімдіктермен және урбанистика орталығымен бірлесіп, биыл қала тұрғындарымен 200-ден астам кездесу өткізілді, онда тұрғындар алдағы уақытта салынатын аулалар мен қоғамдық кеңістіктер тұжырымдамасын талқылады.

Мәселен, алдағы уақытта «Агроқалашық», «Көктал», «Теміржолшылар», «Интернациональный», «Өндіріс», «Кирпичный», «Оңтүстік-Шығыс», «Үркер» елді мекендерінде көрікті орындар ашылады. Сондай-ақ, адам көп жүретін учаскелер де абаттандырылып, серуендеуге арналған променадтар ашылады деп жоспарланды.

«Үйлер мен кеңселердің терезесінен аулалардың сүреңсіз келбеті емес, көрікті, жайлы, тартымды орындар көрініс табуы керек. Аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді біз көпфункционалды, сол сияқты түрлі спорттық қызығушылықтар мен жас ерекшеліктеріне қарай дайындаймыз», деп қосты әкім.

Соңғы жылдары қалада 500-ден астам аула аумағы мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды, атап айтқанда көпір асты кеңістіктер, скейт-аймақтар, променад, театр бульвары, елді мекендердегі саябақтар мен гүлзарлар, көше спортына арналған колизей, құтқарушылардың, медицина қызметкерлерінің, мұғалімдердің құрметіне арнайы скверлер ашылды.