• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 07 Ақпан, 2022

Мемлекет басшысы Еуропа Одағының Орталық Азия жөніндегі арнаулы өкілін қабылдады

5065 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа Одағының Орталық Азия жөніндегі арнаулы өкілі Тери Хакаланы қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропа Одағымен арадағы стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға баса мән беретінін айтты.

Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишельге 10 қаңтардағы бейнебайланыс режимінде өткен кездесу барысында елімізді қолдап сөйлегені және ынтымақтастықты нығайтуға сенім білдіргені үшін ризашылығын айтып, сәлемін жолдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тери Хакаланың өтініші бойынша елде орын алған «қасіретті қаңтар» оқиғасы жөнінде баяндап, Бас прокуратураға болған оқиғаға қатысты тергеу жұмыстарын ашық әрі әділ жүргізу жөнінде тапсырма берілгенін айтты. Мемлекет басшысы адам құқықтары мен бостандығының сақталуы еліміздегі барлық билік тармағы үшін басымдық саналатынына назар аударды.

Қазақстан Президенті саяси жүйені одан әрі жаңғыртуға және әлеуметтік теңсіздікті сәйкестендіруге, ұлттық экономиканы әртараптандыруға бағытталған Жаңа экономикалық бағдарды іске асыру жоспары жөнінде де егжей-тегжейлі айтып берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа Одағымен ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша тығыз байланыстарды дамытуға және бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды толыққанды жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.

Өз кезегінде Тери Хакала Брюссельдің Қазақстанмен арадағы байланыстарды дамытуға мүдделі екенін айтып, Президентке мазмұнды әрі пайдалы пікір алмасқаны үшін алғыс білдірді.

Кездесу соңында Тери Хакала Еуропа Одағы Қазақстан Президентінің саяси реформаларын толық қолдайтынын және еліміздің өркендеуіне, тұрақтылығына  мүдделі екенін қоса айтты.